Өткенді саралап, болашақты жоспарлайтын кезең

20130816-06-1Енді санаулы күндерден кейін қаламыздың білім беру ошақтарында алғашқы қоңырау сыңғыры естілетін болады. Қала мектептері осы жаңа оқу жылына қандай әзірліктермен келді? Алда қандай межелер тұр? Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасыловамен арадағы әңгіме осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Шынар Қаппасқызы, қала мектептері өткен оқу жылын қалай қорытындылады? Жетістіктері мен кемшін тартқан тұстары жайлы әңгімелеп өтсеңіз.

– Өткен 2012-2013 оқу жылында Сәтбаев қаласы мен оған қоңсылас жатқан елді-мекендердегі 16 орта мектепте 10068 оқушы білім алды. Осы мектептердің үшеуі инновациялық түрде қызмет етеді (С.Сейфуллин гимназиясы, №1 мектеп-гимназиясы, Абай атындағы №4 лицей-мектебі). 2011 жылдан бастап облыстық эксперименталды алаңдар аумағына қаланың 3 инновациялық және 2 жалпы білім беру мектебі кіреді. Мектептерде «Көптілділік», «Несиелік технология», «Биоақпарат және синергетика» жобалары жүзеге асырылуда. Өткен оқу жылында жалпы білім беру пәндері бойынша қалалық олимпиада командасының 10 оқушысының 9-ы облыстық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. С.Сейфуллин атындағы гимназияның 3 оқушысы облыстық команда құрамына еніп, қазақ және орыс тілдері бойынша республикалық кезеңге қатысты.

– Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы қалай болды?

– 2012-2013 оқу жылының аяғында мектептердің білім сапасы 57,4% құрады, бұл көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 5 пайызға артты. Ең төменгі көрсеткіш №12 және 27 орта мектептерде.

Мектеп бітірушілердің ҰБТ бойынша алған орта балл 72-ні құрайды, былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,7 баллға төмен.

Ал, №3 және №7 орта мектептердің көрсеткіштері былтырғымен салыстырғанда едәуір жоғары.

Тестілеу қорытындысында «Алтын белгіге» үміткер он тоғыз оқушының төртеуі өз білімдерін растады. 3 мектеп бітіруші үздік аттестатқа ие болды. Қала бойынша жоғары деңгей – 119 балл болды. 24 түлек 100 және одан жоғары балл алды. 75 шәкірт 4 және 5 бағаларын иемденді.

– Орын алған олқылықтарды жою бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– 2013 жылғы ҰБТ нәтижелерінің осал тұстарының болуы білім мекемелерінің оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту бағытындағы жұмыстың жеткіліксіздігі мен мектеп бітірушілерді қорытынды аттестацияға дайындауда жеке ерекшеліктерін жеткілікті қолданбау болып табылады. Интерактивтік құралдардың мүмкіндіктері толықтай қолданылмады. «Финист» жедел тестілеу жүйесіндегі тестілерді ауыстыру уақытында жүргізілмеді. ҰБТ-ның тестілік базасына логикалық сұрақтардың енгізілгені жөнінде ресми жарияланғанына қарамастан, мұғалімдер тарапынан жете көңіл бөлінбеді.

Міне, осы мәселелер қалалық білім бөлімінің кеңесінде қаралды. Кеңес шешіміне сәйкес, жалпыға міндетті мемлекеттік стандартты жеткілікті деңгейде орындамаған мектеп директорларына тәртіптік жаза қолданылды.

Бұдан басқа қазіргі таңда 9-11 сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің сәйкестік деңгейін анықтау мақсатында 2013 жылы ҰБТ бойынша оқушылары төмен нәтиже көрсеткен мұғалімдерді кезексіз курстық қайта дайындаудан өткізу туралы тапсырыс дайындалды. Барлық білім мекемелерінде ҰБТ нәтижелері бойынша педагогикалық кеңестердің отырыстары өтіп, талдау жасалып, өзекті мәселелер анықталды.

– Мектептердің материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде? Оларды ақпараттандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Сәтбаев қаласының барлық мектептері толық көлемде (100%) Интернет-трафик пайдаланады. 12 қала мектебі «Білімал» бағдарламасына қосылды. Электронды оқу басылымдары қазақ және орыс тілдерінде пайдаланылады.

Біліктілік үдеріске қатысушылардың барлығының үздік біліктілік ресурстарға және технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін №17 бастауыш мектебі «e-learning» электронды оқыту бойынша пилотты жобаға енгізілді.

Орта білім жүйесін ақпараттандыру Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, білім беру мектептерін компьютерлендіру 100 пайызға жетті. Соңғы үш жылда компьютерлер саны ұлғайды, компьютерлік техниканың жалпы саны 1639 дана. 1 компьютерге – 6,2 оқушы келеді.

2013 жылы жалпы сомасы 14400,0 мың теңгеге 4 жоғары технологиялық құрал (цифрлы подиумымен сенсорлы тақта) алынды.

Қала мектептері жаңа заман талабына сай жаңа модификация кабинеттерімен жабдықталуда.

2012 жылдан бастап «Elluminate Live» веб сайтына интерактивті он-лайн сабақтарды қолдау және басқару үшін «Interactiv Kazakhstan» ЖШС-мен келісім жасалды. «Финист» тестілік бағдарлама базасын жаңарту бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.

– Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына орай қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Қазіргі күні қалада 16 мектепке дейінгі мекеме қызмет етеді, онда 2978 бала тәрбиеленеді. Қалада 14 шағын орталық жұмыс жасайды. «Балапан» бағдарламасын іске асыру аясында 2011 жылы Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде балалар толық күн болатын 25 орындық, №25 орта мектебінде қысқа күн болатын 25 орындық шағын орталықтар ашылды. Қалада 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбие беру және оқытумен 100 % қамтылған.

– Алда қандай ауқымды міндеттер тұр?

– 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сай әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – бүгінгі заман талабы. Осыған байланысты қалада 12 жылдық оқытуға көшу бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаның негізгі мақсаты базалық мектепті анықтау болып табылады, 2015 жылдан бастап ол бейіндік мектеп ретінде қызмет етеді. Кадрлық потенциалдың оқыту-материалдық базасының сараптама нәтижесі бойынша, мектептің қала аумағында орналасу орнына байланысты №15 жалпы білім беру мектебі бейіндік болады деп шешім қабылданды. Қалған 13 мектептің 1-10 сыныптарының оқушылар контингенті сақтала отырып, 10-12 сынып оқушыларын бейіндік мектепке жіберу жоспарланды. Қазіргі уақытта №15 орта мектебінің материалды-техникалық базасын нығайту шаралары жүзеге асырылуда. 2015 жылға дейін қосымша 3 физика кабинеті, 3 химия, 3 биология кабинеттері,100 компьютер сатып алынбақшы.

– Соңғы сауал, «Мектепке жол» акциясы қалай жүзеге асырылып жатыр. Оның нәтижесі қандай?

– Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған 6-шы жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы «Болашақты бірге жасаймыз!» ұранымен жалғасын табуда. Осы акция аясында 1250 әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылары балаларының 800-не жаппай оқыту қорынан кеңсе тауарлары мен курткалар беріледі. Демеушілер тарапынан көрсетілетін көмек тізіміндегі 106 бала 554680 теңгеге мектепке қажетті мектеп формалары, сабақ құралдарымен қамтамасыз етілді. Қалада өткізілетін іс-шаралар жоспары бойынша жеке азаматтар, мектеп ұжымдары тарапынан көмек беру басталды.

«Сәтбаев қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ ІІБ келістірілген кесте бойынша рейдтер ұйымдастыруда. Рейд барысында аз қамтылған отбастарымен әңгімелесулер жүргізіліп, 1 сыныпқа баратын балалардың уақытылы мектепке баруын қамтамасыз ету керектігі ескертілді. 1 қыркүйекте 6 жасқа толатын 38 балаға қажетті көмек көрсетілетін болады.

–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.