Дәстүрлерін дәріптеп, өнерлерін ортаға салды

20130823-08-1-1Биылғы жылы елімізде алғаш рет қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтпек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға отбасы құндылығын дәріптеуді, ата-ананың отбасындағы рөлін нығайта түсіп, олардың бала тәрбиесіне аса мән беріп қарауы қажет екендігін тілге тиек еткен болатын. Отбасы құндылығын дәріптеуде еліміз бойынша алғаш рет аталып өткелі отырған аталмыш мереке қарсаңында әртүрлі іс-шаралар жоспарланған.

Сондай іс-шараның бірі – үлгілі отбасылардың арасында «Жыл отбасы-2013» байқауын өткізу. Бұған дейін де бұл байқауды өткізуден кеншілер қаласы жолынан жаңылып көрген емес. Биылғы жылы да қалалық әкімдіктің қолдауымен өткен отбасылар байқауы өз деңгейінде болды.

Қалалық іріктеу кезеңінде 6 отбасы, атап айтқанда, Бралиндер, Асқаровтар, Мәсеновтер, Самохваловтар, Баймағанбетовтер және Исмагуловтар 4 кезең бойынша сайысқа түсіп, өздерінің отбасындағы салт-дәстүрді, баламен қарым-қатынас жасаудағы ерекшеліктерді, отбасындағы тату-тәтті тұрмысты бейнелеп, аялап, өсіріп отырған ұл-қыздарына тәрбие берудегі өзіндік әдістерін, оларды шығармашылыққа, спортқа, адамгершілікке, ұлтының отаншыл азаматы болуға тәрбиелейтін отбасылары екендіктерін көрсетті.

Сайысқа қатысушыларды қала әкімінің орынбасары, қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы М.Мәдиева құттықтап, отбасы құндылығын дәріптеуге арналған сайыста оларға сәттілік тіледі. Марал Сағынайқызы өз кезегінде «Алтын тойға» жеткен, ардақты жандар – Нұртаза Жандәулетов пен Жамалхия Бегаеваға және отыз жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен Қанекен Жанқұтов пен жұбайы Зүбайраш апаға қала әкімінің атынан құттықтау хат пен естелік сыйлық тапсырып, олардың отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.

Екі жарым сағатқа созылған байқауға төрелік еткен қазылар алқасы Бралиндер отбасын «Ата-ана бақыты», Асқаровтар отбасын «Берекелі отбасы» атағына лайық деп таныды. Мәсеновтер отбасы «Жарасымды жұп», Самохваловтар «Шығармашылық отбасы» атағын еншілесе, Исмагуловтар әулетінің сайыстағы өнерлері «Жүректер үндестігі» атағына дөп келді. Ал, байқаудың бас жүлдесі Баймағанбетовтердің отбасына бұйырды.

Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған Баймағанбетовтер отбасы қаламыздың намысын облыстық байқауда қорғамақ.

Байқауды жергілікті өнерпаз жас әнші-бишілер әнмен әспеттеп, бимен көркемдеп отырды.

Бағдат Қазкенов.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.