Спорт – басты байлықтың негізі

20130823-06-2-120130823-06-2-3Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуды көздеген «Спорт достық – 2013» облыстық акциясы өткен жексенбіде Сәтбаев қаласында өз жалғасын тапты.

Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен мәдени-сауықтыру спорт орталығы ұйымдастырған мерекелік шараға қала әкімі Ә.Омар, Жезқазған кентінің әкімі А.Сәдуақасов, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен спортсүйер қауым қатысты.

Спорттық-сауықтыру кешенінің алдында жиналған жұртшылықты қала әкімі Әнуар Омар мерекемен құттықтады.

– Ардақты спортсүйер қауым, бұл аса маңызды да қажет мереке. Себебі, спорт баршамыздың жанымызды, тәнімізді тазартуға, қайратымызды шыңдауға, күнделікті өмірімізді көңілді өткізуге бастайды. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Осындай мағыналы мерекемен құттықтай отырып, сіздерді дене тәрбиесімен жүйелі шұғылдануды күнделікті дағдыға айналдыруға шақырамын, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Құттықтауын жағымды жаңалықпен жалғастырған қала басшысы, тамыз айының 16-18 аралығында Теміртау қаласында өткен «Арай – 2013» облыстық спартакиадасынан ІІІ орынмен оралған спортшыларымызды мадақтап, олардың жаттықтырушыларына алғысын білдірді.

Сөз кезегін алған спорт ардагері Шармұхамбет Мизанбаев жастарды жаман әдеттен аулақ болып, әр отбасының дене шынықтырумен айналысуы керектігін айтты. Одан әрі іс-шараға қатысушылар бір кісідей 15 минуттық жаттығу жасап, бір мезетте бір-бірімен қол алысып шықты.

Денсаулық мерекесі аясында ұйымдастырылған түрлі спорттық-мәдени шараларға білім беру саласының қызметкерлері белсене қатысты. Спорттық-сауықтыру кешенінің алдында арқан тартыс пен ойындар, мұз айдынында хоккейден жолдастық кездесу, «Жастар» спорт сарайында үстел теннисінен жарыстар өтті. Сонымен қатар, шахмат, дойбы, жалпы спорттың 13 түрінен бәйгелер өткізілді. Бұл күні әр аула клубтарында, жастар саябағында жергілікті өнерпаздардың күшімен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тұрғындарға көңілді кеш сыйлады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.