Кәсіби мерекемен құттықтады

20130823-06-1-120130823-06-1-220130823-06-1-3Сәтбаев қаласының кеншілер атына телінуі тегін емес. Жер қопарып, кен қазған ержүрек азаматтардың басым бөлігі осында мекен тапқан. Аттары көпке әйгілі алып кеніштер де осы қала төңірегіне орналасқан. Сондықтан, Сәтбаев қаласы бүгінде той-думанның орталығына  айналып кеткен. Кеншілік еңбегімен аса зор сый-құрметке бөленген ардагерлер осы қалада тұрады. Кәсіби мереке қарсаңында оларды құттықтау үшін кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің Сәтбаев қаласына жолы түсті. Қалаға кіре берістегі «Кеншілер қаласы, мереке құтты болсын!» деген жазу көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай асқақ көңіл-күй өздерін құттықтауға келгендерді жылы қарсы алған еңбек ардагерлерінің жүздерінен де есіп тұрды.

Олар «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров бастаған топқа қуана құшақ жайды. Кәсіподақ ұйымы жетекшілері Социалистік Еңбек ерлері, есімдері әйгілі Федор Григорьевич Лукинский мен Демберген Баймағанбетовтің шаңырағына алдымен атбасын тіреп, келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтауы осы қарттарға деген шексіз құрметтің айғағындай болды. Сондай ақ, кәсіподақ ұйымы бұл күні Шығыс Жезқазған кенішінің еңбек ардагері Сақтаған Атабаевты, «Степной» кенішінің қарт кеншісі Виктор Мазогты, Батыс Жезқазған кенішінің байырғы кеншісі Кенжебек Сансызбаевты, Солтүстік Жезқазған кенішінің ардагері Илгиз Сафарғалиевті және өздігінен жүретін жерасты жабдықтарына сервистік қызмет көрсету кәсіпорнының еңбек ардагері Қайрат Құрамсақовты құттықтады.

Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров кәсіби мереке құрметіне арналып өткізілген кеніштердегі салтанатты жиындарға да қатысты. Еңбек көрсеткіштерін ойдағыдай орындауымен топ жарып келе жатқан «Степной» кенішінің еңбек ұжымы төл мерекелерін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Кеніштің мәжіліс залында өткен жиын соны аңғартты. «Кеншілер даңқы арта берсін!» деген тәрізді мерекелік ұрандар, түрлі-түсті шарлар салтанаттың шырайын келтіріп тұрды. Зал ішін кернеген күй ырғағымен мың бұрала билеген қыздар думанды сәтті бастап та кетті. Құттықтауларда, марапат-қошеметтерде шек болмады. Сәлден соң құттықтау сөз кезегі С.Мырзақоңыровқа да келіп жетті. Ол «Степной» кенішінің еңбек ұжымына жылы лебізін, ыстық ықыласын арнай келіп, өз ісінің бір топ майталмандарына «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының Құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлықтарын тапсырды. Бұл марапаттауларға Батырхан Рақымбеков, Кәкімжан Әлмағанбетов, Шалқар Шахманов ие болды.

Осындай құрмет-қошемет Жезқазған кәсіподақ ұйымы атынан Оңтүстік Жеқазған кенішінің кеншілері Дәулет Бесімов пен Виктор Кравцовқа, Шығыс Жезқазған кенішінен Абзал Оразбеков пен Әмірхан Арыстановқа, Батыс Жезқазған кенішінен еңбек майталмандары Тұрсынбек Мәкішев пен Күлажар Дәуековаға, «Жомарт» кенішінің еңбек озаттары Бақытбек Жабагинов пен Жәнібек Дәулетбақовқа, Солтүстік Жезқазған кенішінің еңбек майталмандары Серік Сәдуақасов пен Григорий Ковтуновқа көрсетілді. Кеншілер күні кәсіби мерекесі құрметіне орай жалпы 200-ге жуық еңбек майталманы кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталып,  ақшалай сыйлыққа ие болды.

Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.