Кеншілер әулеті

«Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!» Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласынан.

– Япырмай, ыңғайсыз болды-ау өзі. «Кеншілер әулеті» деп бөле-жара дәріптейтіндей, осы қалада біз ғана емес шығармыз отбасымен шахтыда істейтіндер. Қала тұрғындарының бәрі кеншілер емес пе?

Еткен еңбегін сатып, атқарған жұмысын міндетсінуді білмейтін қарапайым еңбек адамының қанғасіңді қасиеті бар Кәрім ағай біздің келген жұмысымыздың жайын білген соң шын қысылып-ақ қалды. Әңгімеге бәйбішесі Мәрияш араласты.

– Бәрінің кенші екені рас. Бірақ, солардың бәрі бір кеніште табан аудармай 40 жыл еңбек етпеген шығар?! Оның үстіне балаларың да өзіңмен бірге иық тіресіп еңбек етіп жатыр. Қай жағынан алып қарасаң да «кеншілер әулеті» деуге әбден лайық. Солай емес пе?..

Шынында да, солай екен-ау. Екінің бірінің бір кеніште, тіпті бір шахтыда табан аудармай ұзақ жыл еңбек етпесі де рас. Ал, өз кіндігінен тараған балалардың бәрі өзімен бірге қоян-қолтық бір сапта жүргендер де некен саяқ қой. Ендеше, Мәрияш жеңгейдің уәжіне ешкім дау айта алмас. Бұдан әрі әңгіме өрбіп жүре берді.

Кенші Кәрім Ерубаевтың отбасын «кеншілер әулеті» деп атауға тағы бір бұлтартпас айғақ бар екен. Ол – оның қарашаңырақ Қарсақбайда, кенші-металлургтер отбасында туып өскендігі. Кәкеңнің әкесі Кенжебек Ерубаев – Қарсақбай мыс заводын тұрғызуға, оның өндірісінің өрге басуына лайықты үлес қосқан жандардың бірі. Ұзақ жылдар темір жол бойында тер төгіп, кеніштен заводқа кен тасып, осы іске ұрпақтарын да баулыған. Сегіз баласының төртеуі ұл, төртеуі қыз болды. Солардың бәрі завод гудогымен оянып, еңбек ырғағымен ержеткен жандар. Көздерін тырнап ашысымен еңбекке араласып, заводта, Жезқазған кеніштерінде тер төкті. Солардың бірі осы Кәрім болатын.

1951 жылы қарашаңырақта дүниеге келген ол өзге бауырлары сияқты еңбекке ерте араласты. Мектеп бітірген соң азғана уақыт мектепте жұмыс істеп жүріп, Қиыр Шығысқа, әскери борышын өтеуге аттанды. Екі жыл елден жырақта жүрді. Бұл кезде Байкал-Амур Магистралының құрылысы қарқынды жүріп жатқан-ды. Кәрім Ерубаев осы жердегі теміржолшылар әскерінің қатарында қызмет етіп, сол кездердегі алып әрі екпінді құрылысқа қатысты. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Қарсақбайдың қарадомалақ баласы өзге ұлт өкілдері арасынан дара шығып, биіктерден көрініп, туған жерге еңбек демалысына екі рет келіп қайтты.

Кәрім әскерден кейін еңбек жолын қарашаңырақ Қарсақбайдың заводында бастады. Екі жыл заводтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында слесарь болып еңбек етіп, 1973 жылы №65 шахтыға жұмысқа тұрды. Міне, содан бері осы кеніште табан аудармай еңбек етіп келеді.

– Мен жұмысқа тұруға келгенімде шахты бастығы Қанафин деген кісі екен. Ол кездегі адамдардың жаратылысы бөлек көрінеді қазір маған. Кең пішілген, дархан жандар ғой. Менің жаңа жұмысты жатырқаңқырап тұрғанымды, жүрек қобалжуы бар екенін айтпай-ақ сезіп тұрғандай.

– Жә, абыржыма. Біздің жігіттер шетінен мықты. Ертең-ақ кеншілер сені өз қатарларына қосып алады. Әлі-ақ үйреніп кетесің. Тек, жұмысқа деген жігерің мен ынтаң болса болғаны, – деді өтінішіме қол қойып жатып шахты бастығы.

Сонымен, 1973 жылдың 18 наурызында Кәрім Ерубаев электрослесарь мамандығы бойынша алғаш рет шахтыға түсті. Екі жыл осы мамандықты мінсіз атқарды. Шахты бастығы жалған айтпапты. Өз ісінің мамандары аз күнде мұны да «міне» деген электрик етіп шығарды.

Шахтыдағы жұмысқа бойы үйреніп, көзі қаныққан сайын Кәрімнің бойына біле түссем екен, үйрене берсем деген құлшыныс пайда болды. Енді ол кеншілердің қайнаған еңбегіне белді бекем буа кірісуге талпынды. Осы оймен жүріп кен өндірушілер бригадасындағы «МоАЗ» алып аударғыш машинасының тұғырына отырды. Оны да тез арада меңгеріп алды.

– Ол кездегі жұмыс жүйесі мүлдем бөлек болатын. Жер асты қайнаған еңбек. Түрлі жарыстар. Бәсекелер. Бригада мен бригада, звено мен звено болып жарысып жататын. Жарыстың ең үлкені – «Социалистік жарыс» болатын. Әр бригада, звено жарыстың ауыспалы туы мен арнайы вымпелін алуға барлық күштерін салатын. Осы жарыста біздің звено да бірнеше рет алдыңғы лектен көрініп, жарыс көшін бастап жүрді, – деп еске алады Кәкең өзінің сол бір сағынышқа толы жылдарын.

Кәрім Ерубаев еңбек ететін бригада комсомол жастар бригадасы болды. Кілең жалындаған жастардан құралған бригада қай істе болмасын алдыңғы орында жүрді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Әсіресе, Кәрімдердің экипажы ауызға алғаш ілігетін-ді. Экипаж басшысы Миша Конев пен белсенді мүшесі Кәрім Ерубаев өз істерімен өзгелерге үлгі бола білді. Бірнеше мәрте ерен еңбек үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде Кәрім Ерубаевқа туристік жолдама да беріліп, 1982 жылы Кәкең жұбайы Мәрияшпен бірге Болгарияға барып қайтыпты. Мұның өзі еңбек адамын ынталандырудың бір үлгісі болатын.

Кенші Кәрім Ерубаев 40 жыл №65 шахтыда үзіліссіз еңбек етіп келеді. Алғашқыда электрик болып бастаған ол ек-үш жылдай «МоАЗ» аударғышында жүргізуші болып тер төкті. Кейін шахтының электро-монтаждау бөліміне ауысты. Бүгінде электрмен монтаждаушы болып тұрақты жұмыс істеп келеді. Балаларын да осы іске баулып, тәрбиеледі.

Отбасының ұйытқысы, ошағының иесі болған Мәрияш жеңгеймен Кәкең «Төртіншіде» танысқан екен. Ол кезде Мәрияш Весовая елді мекеніндегі №10 мектепте жұмыс істейтін. Алғашқы таныстық жүрекке шоқ салып, кейін екі жас қосылып, отау құрды. Отбасында үш ұл бір қыз өмірге келді.

Балаларын жастайынан еңбекке баулыған Кәрім олардың келешекте білікті азамат болуларына бар көргені мен көкейге тоқығанын жұмсады. Оған жұбайы Мәрияш та аз үлес қосқан жоқ. Жастайынан балаларының құлағына «Әкелерің – шахтер. Еліне, жан-жағына қадірлі жан. Әкелеріңдей адал еңбек етсеңдер, сендер де сондай боласыңдар» дегенді құйып отырды.

Ұлдарының үлкені Серік ер жетіп, ат жалын тартып мінер азамат болғанда Кәрім ұлын өзі еңбек ететін шахтыға, өзінің бригадасына жұмысқа алды. Содан бері де 17 жыл уақыт өтіпті. Ал, екінші ұлы Қуандық мектеп бітірген соң әкесінің қасына өзі жұмысқа келді. Ол да 10 жылдан бері шахтыда электрмен монтаждаушы болып еңбек етуде.

Кеншілер әулетінің қатарына кенже ұлы Берік Ерубаев та қосылды. Жоғары оқу орнын бітірген Берік әуелі Сәтбаев қаласындағы байыту фабрикасына жұмысқа тұрып, үш жыл осында тәжірибе жинақтады. Кейін денсаулығына байланысты әкесінің қасына электрмен монтаждаушы болып ауысты.

– Кенже ұлым Беріктің де кенші болғанына бес жыл болды. Ал, қызым «Нұрқазған» кенішінде қызмет етеді. Ол да өзімнің жолымды қуған, инженер-энергетик. Әрине, мен ешқандай оқу оқып, диплом алғаным жоқ. Бірақ, энергетика саласында 38 жылға жуық еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтадым. Мені кейбір құрдастарым «дипломсыз энергетик» деп қалжыңдайды. Балаларым да өз жолымды қуды. Оларға бар білгенімді үйреттім. Олар үмітімді ақтады деп толық айта аламын, – деп марқаяды Кәрім Ерубаев.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.