Оқу жылы алдындағы есеп

Өткен оқу жылын қорытындылау және жаңа 2013-2014 оқу жылына міндеттерді белгілеу мақсатында дүйсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» тақырыбында өткізілген конференция жұмысына Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, мәслихат хатшысы Серік Имамбай, әкім орынбасары Марал Мәдиева және білім беру саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
20130823-02-3-3
Жиынды жүргізген қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы» тақырыбында баяндама жасады.

– Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында «мемлекетіміз қарыштап даму жолына түсу үшін нақты шешім қабылдай алатын және оны жүзеге асыруға қабілет-қарымы жететіндей қазіргі заманғы біліммен қаруланған мамандар қажет» екенін айтып, «әлемдегі озық елдердің қатарына Қазақстан да қосылу үшін барынша тиімді ықпал ететін жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру керектігін» атап өткен болатын. Сондықтан, білім беру жүйесіне бүгінгі таңда қойылып отырған талап жоғары. Біздің мақсатымыз – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мұғалім үшін оқыту мен тәрбиелеудің тұлғалық бағдарлық мәселелері, оқушы деңгейіндегі ғылыми жобаларды жасақтап, оны жүзеге асыру әдістері, оқушының жеке тұлғасын дамытуға бағытталған жаңа инновациялық технологияларды таңдау тәсілдері оқытудың негізгі бөлімдері ретінде қарастырылады. Ұстаздық жолды саналы түрде өз еркімен таңдаған адам халыққа білім беру мен өнегелі шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігін сезінуі тиіс. «Ұстаз» деген киелі атты аманатқа алған әрбір адамның өз мамандығын жоғары деңгейде игеріп, сапалы білім бере білсе, жас ұрпақ алдында жүзінің жарқын, шынайы еңбегінің жемісті, мерейі үстем, еңсесі биік болары сөзсіз, – деді баяндамашы.

Одан әрі «Мониторинг – білім беру сапасын қамтамасыз ету құралы», «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жастардың бойында патриоттық сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеу», «Педагогтың кәсіби құзырлылығын жетілдіру», «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелері» атты баяндамаларды сәйкесінше №16 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Қайрат Смаилов, Абай атындағы №4 мектеп-лицейі директорының орынбасары Айгүл Құрманбаева, С.Сейфуллин атындағы гимназияның директоры Гүлбану Сүйінжанова және №5 «Нұрбөбек» балабақшасының директоры Жамалқия Жаппасова жасады.

Тамыз кеңесінде сөз алған қала басшысы Әнуар Омар ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Жыл сайынғы дәстүр бойынша тамыз кеңесінің ұсынымдары дайындалып, оның жобасымен қатысушыларды Шынар Жанасылова таныстырды. Ресми бөлім аяқталған соң, білім беру мен тәрбие ісіне қомақты үлес қосып, шығармашылығымен табысқа жетіп жүрген ұстаздарды марапаттауға кезек жетті.

Қала басшысы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісін С.Сейфуллин атындағы гимназияның директоры Гүлбану Сүйінжановаға салтанатты түрде табыс етті. Қала әкімінің Құрмет грамоталарымен №19 орта мектептің мұғалімі Биғайша Шукенова, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі Татьяна Маня, №5 «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиешісі Айткүл Дюсенбекова, №12 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Кисматова және №1 «Ертегі» балабақшасының тәрбиешісі Зәуре Смайлова марапатталды.

Сонымен қатар, білім беру саласында көп жылдар бойы еңбек етіп, өз ісінің майталмандары атанған тағы бір топ ұстаздар қалалық мәслихаттың және «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының грамоталарымен марапатталды. Білім беру саласын дамытуға қосқан мол үлесі мен педагогикалық қызметте шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, біліктілік танытқаны үшін Қарағанды облыстық Білім басқармасының Құрмет грамоталарына №15 орта мектептің технология пәні мұғалімі Сара Мейрбекова, №16 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Құрманғали Ташетов, ал басқарманың Алғыс хатына №14 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анжела Кондратова ие болды.

Жыл сайын білім беру мекемелері арасында «Ең үздік ұйымдастырылған жазғы демалыс» тақырыбында байқау өткізіледі. Осы байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды №7 орта мектеп, ІІ орынды №14 орта мектеп және І орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицей иеленді. Ал, бас жүлдені №16 орта мектеп жеңіп алды.

Жергілікті өнерпаздар орындаған ән мен биге толы болған салтанатты кеш соңында білім беру саласының ардагерлері сахна төріне шақырылып, оларға естелікке бағалы сыйлықтар берілді. Тамыз кеңесінің шымылдығы қыркүйекте алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің ұстаздарға арнап дайындаған бағдарламасымен жабылды.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.