Қызметкерлерге талап қатаң

Қала әкімі Әнуар Омар аппараттың сейсенбі күнгі кеңейтілген мәжілісін жағымды жаңалықпен ашты.

20130823-02-1-1

– Отырысымызды жақсы дәстүрмен бастайтын болдық. Араға бес жыл салып облыстық жарыста тағы да жеңіске жеттік. Тоғыз қаладан 80 спортшы қатысқан «Арай – 2013» облыстық спартакиадасында үздік үштікке іліндік. Спорттың 11 түрінен жарысқа түскен спортшыларымыз Қарағанды, Теміртау қалаларынан кейінгі ІІІ орынға ие болды. Біздің мұндай жетістігіміз де дәстүрге айналуы керек. Ол үшін жарыстарға дайындық жыл бойы үзілмесін. Оған қаламызда көп мүмкіндіктер бар. Спортшыларымызды дайындауға барлық жағдай жасалады, қаржы жағы да қарастырылады – дей келе, Әнуар Серікбайұлы спортшыларды бастап барған білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі З.Даумбаевқа Кубок пен дипломды тапсырды.

Одан әрі қала басшысы алдында қысқа дайындық барысы жайлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Оразбаев баяндады. Мәліметке сүйенсек, үйлердің қысқа дайындығы 91%, сапасы да жақсы. Отын қоры да өсіп келеді.

Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы жайлы мәліметінде МСЭҚБ бас маманы Г.Жалмурзина қалада бірен-саран жұқпалы ішек және туберкулез аурулары тіркелгенін жеткізді.

Қала басшысының көңілі толмаған бір сала – ауылшаруашылық бөлімі болды. «Баяғы жартас – бір жартасқа» келтірген әкім, жұмысты жаңарту бағытында ұсыныстар беруді талап етті.

Отырысты қорыта келе, Ә.Омар мекеме басшыларына жүктелген тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Коммуналдық қарыздар, тоқтап тұрған кәсіпорындар, үй айналасындағы қоршауларды жылжыту арқылы көшелерді кеңейту, мал сою бекетінің жай-күйі, өнер орталығын ашу, қаланың кіреберісіндегі «Сәтбаев» жазуының жан-жағын жарықтандыру, қалаішілік автобустардың жүру кестесін реттеу сияқты қала өміріне қатысты мәселелерді кестеге сәйкес жүзеге асыруды қатаң тапсырды. Қала басшысы мекеме басшыларын өздеріне жүктелген міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, сапалы қызмет етуге шақырды. Сөз соңында алдағы Шахтер күніне дайындықты пысықтап, бейсенбідегі тазалық күніне жаппай қатысып, мерекені лайықты қарсы алу керектігін ескертті.

Майра Смағұлқызы, Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.