Конституциядан бастау алған

Жалпыадамзаттық игі және озық мұраттарды мемлекет іргетасына негіз еткен еліміз Қазақстан Республикасында жоғары биліктің бөлінуі, тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуы, сот саласының реформаланып, тәуелсізденуі және күшеюі 1995 жылы қабылданған Конституциядан бастау алады десек қателеспейміз.

Одан бұрынғы барлық негізгі заңдарда соттың мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі екені ешбір мойындалмағандықтан, қазақстандық Конституция мен конституциялық заңдардағыдай, сот төрелігін тек қана сот жүзеге асыратыны, судья мәртебесі нақтыланбағандықтан, соттың тәуелсіздігі мен дербестігіне кепіл беретін басқа да заң кесімдері қабылданбағандықтан, кеңестік соттың жеке адамдар арасындағы дау-дамайларды өздері шеше беретін партия мен атқарушы биліктің ықпалынан тыс тұрғандығы тек сөз жүзінде ғана болғаны жақсы мәлім. Республикамызда тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап сындарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқан құқықтық реформалардың нәтижесінде сот беделі анағұрлым көтеріліп, билігі нығая түсті. Бұрын атқарушы биліктің кеңселерінің алдын бермейтін, сонда отырғандардан мәселелерінің шешімін күтетін шағымшылар өз құқықтарын заң жолымен, сот арқылы қорғауға белсене кірісті. Құқықтардың қалпына келтірілу деңгейінің артуы соттың биліктің басқа тармақтарынан процессуалдық және материалдық жағынан тәуелсіздігінің, дербестігінің арқасында мүмкін болып отыр.

1995 жылғы Конституциядан кейін қабылданған «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Қазақстан Президентінің Жарлығы соттардың құрылымын ғана емес, әлеуметтік маңызын да түбегейлі өзгертті. Осы заңмен алғаш рет «сот билігі» термині енгізіліп, атқарушы биліктің соттарға ықпалын жою сот реформасының басты мақсаттарының бірі болып саналды.

25 желтоқсан 2000 жылы Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының қабылдануымен сот жүйесін реформалаудың үшінші кезеңі басталды. Мамандандырылған соттардың ашылулары сот жүйесін жетілдірудің басты бағыты болып алынды. Соңғы жылдары елімізде мамандандырылған экономикалық, әкімшілік істер қарайтын, ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер қарайтын, ювеналдық, әскери соттар жұмыс жасауда. 2007 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап алқа билер институты енгізілді, осы жылғы тағы да бір жаңалық бұрын прокуратура органдарының құзырында болған тұлғаларды қамауға алу, үйде қамап ұстау бұлтартпау шараларына сотпен санкция беру болды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты туралы Концепциясына сәйкес, алдымызда сот өндірісінің барлық сатысын жетілдіру, судья мәртебесін көтеру, сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді жетілдірудің күрделі жұмыстары тұр. Шетел сыншылары Қазақстан сот жүйесін жетілдіруде бұрынғы Кеңес дәуірі елдері ішінде көш ілгері алда келе жатқанын мойындап отыр. Бүгінгі күні елімізде құқықтық мемлекетке қойылатын талаптарға сай, Конституцияны бұлжытпай орындап, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктерін, заңды мүдделерін қорғау мақсатында жүктелген міндеттерді атқара алатын толыққанды сот жүйесі бар. Ал тәуелсіз сот – адам құқығының сақталуының кепілі.

Ж.Данияров, Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.