Жол картасы. Қарастырылған қаржы игерілуде

Өткен жылы бастау алып, білім ошақтарының, денсаулық, мәдениет салаларының бірқатарының ажарын кіргізген республикалық «Жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасын тапты.

2009 жылы осы бағдарламаға сай қаланың 10 нысаны қайта түлесе, биыл 12 нысан жоспарланып, бүгінгі күні біраз шаруа еңсеріліп-ақ қалды.

Тендерді ұтып алып, жұмысқа кіріскен 10 мердігер компанияның 2-і қарағандылық болса, қалғандары Жезқазған аймағынан. Бұл жұмыстарға барлығы 295 адам жұмылдырылған болса, оның 207-сі қалалық жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар қатарынан тартылды.

Осы қарастырылған бағдарламалардың сапалы орындалуы мен материалдық ресурстардың үнемді жұмсалуы, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы «Нұр Отан» ХДП мүшелерінен құралған партияның бақылау комиссиясының үнемі назарында келеді.

Белгіленген нысанның  барлығына 11 топтан тұратын бақылау бекеттері  белгіленген. Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берік Ақышбеков бастаған комиссия мүшелері біраз жұмыстың барысын тексеріп қайтты. Әкім аппараты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары мемлекеттік мекемесіне қарайтын нысандар қатарында Тәуелсіздік саябағын көріктендіру бар екен. Бұл жұмыстың бағытымен «Жезқазғанавторанссигнал» ЖШС-нің атқарушы директоры Айсұлу Құсайынова таныстырды.

Сәулеттендіру жұмыстары жоспарға сәйкес сәуір айында басталыпты. Тексеру кезінде жұмыс толығымен аяқталып, өткізуге  дайын тұр екен. Демалушыларға арнап орындықтар қойылып, жарықтандырылған, қоқыс жәшіктері орнатылыпты. Жолға төселген плиткалар орналастыруда жіберілген олқылықтар көзге ұрып тұрды. Ағаштар отырғызылып, су ағатын тұрбалар да жүргізіліпті. Саябақтың айналасын қоршау үшін 12 млн 611 мың теңгеге қосымша 640 мың теңге тағы қарастырылыпты. Жалпы көлемі 156 шаршы метрді қамтитын қоршаудың құрылысы 1-2 күнде басталмақ. Саябақтың жұмысына 13 адам тартылса, оның 9-ы  жұмыссыздар есебінде тұрғандар.

Комиссия плиткалардың төсеу сапасына және қоқыс жәшіктерінің орындықтарға тым жақын орналасқандығына ескерту жасады.

Тағы бір көзделген нысан Бабыр би көшесінің басталған жеріндегі алаңды көріктендіру. Оған қалалық бюджеттен «Рокада-А» ЖШС-не 10 млн. теңге  қаржы бөлінген. Сәуірдің 10 күні басталған жұмыс шілденің 1-нде аяқталуы керек болса, материалдардың жетіспеуінен сәл кешігіп өткізілмек. Бүгінгі күні 95% дайын десе де болады.

–       Жоспарланған 80 ағаштың орнына 140 ағаш отырғыздық, оның 100-і қайың. Фирманың есебінен жол жиегіне бетон тоқтаулар (бордюрры) қондырып, олардың бойын асфальттап жатырмыз. Жалпы көлемі 1200 шаршы метр жер абаттандырылды, – дейді мердігер компанияның учаске бастығы К.Мартиросян. Бір өкініштісі, отырғызған ағаштарының көбісі қурап қалыпты. Одан әрі тексеруші топ бұрынғы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы мәдениет сарайының тазартылған орнына бас тіреді. Көп жылдар бойы шешімін таппай, көзге түрткі болған үйіндінің орны «жылан жалағандай». Бұл тазалық жұмыстарына жеке кәсіпкер Рақым Әжібаевқа 11 млн. 200 мың теңге бөлінген екен.

Жұмыскер Қ.Төлепбергеновтың айтуынша 7000 тонна қоқыс қала сыртына шығарылыпты. Барлығы 22 адам жұмыс істесе, оның 16-сы жұмыспен қамту орталығынан жіберілген. Жұмыс мерзімінен 1 ай бұрын аяқталған.

«Жезқазғанавтотранссигнал» ЖШС атқаратын жұмыстың бірі – қоқыс жәшіктері тұратын алаңқайлар орнату болса, бүгінде жоспардағы 40 алаңқайдың 36-сы орнатылыпты. Бұларға қойылатын жәшіктер саны 120. Фирманың атқарушы директоры А.Құсайынова жұмыс барысымен таныстырып, бөлінген 9 млн. қаржының мақсатты жұмсалғанын, 9 адам жұмыс істеп, еңбегіне қарай 35-37000 теңге көлемінде айлық алғанын айтты.

Тексеру комиссиясының тоқтаған соңғы нысаны – Ерден мен Сәтбаев даңғылы бойындағы жарықтандыру жұмыстары. Бұл көшелердегі бұрынғы тұғырлар жаңадан жоғары сапалы Турция фирмасының бағандарына ауыстырылып, энергия үнемдейтін лампалар салынған. Ерден көшесіне қойылуға тиіс 103 шамның 52-і қойылған. Ал, Сәтбаев даңғылына 70 баған орнатылды, бұған 20 млн 842 мың теңге бөлінсе, Ерден көшесіне 30 млн.864 мың теңге беріліпті. Мердігер «Жезқазғанэлектромонтаж» басқармасы. Филиал директоры С.Мельников жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарағандарын, келешекте бұл үшін сәтбаевтықтар алдында кепілдік беретіндігін айтты.

Бөлінген қаражаттың өз мақсатында жұмсалуын, жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалайтын «Нұр Отан» ХДП-ның арнайы комиссиясы осы уақытқа дейін бақылауды босаңсытқан емес. Партиялық бақылау бекеттерінің мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр бұл орайда. Барлық жұмыстардың мерзімінде, тіпті ерте аяқталуы де осының бір нәтижесі болмақ.

Дегенмен, комиссияның көзіне түскен кейбір кемшіліктер орнына келтіріліп, ескертулер алдағы күндерге сабақ болса жақсы болар еді.

М.Жаппасбаева, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі.

Комментарии закрыты.