Медиация туралы не білеміз?

2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы » Заңы қабылданып, 2011 жылғы 6 тамыздан бастап қолданысқа енді. Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиатор – осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.

Медиация туралы заңның сот саласында тигізер пайдасы зор. Алайда, іс жүзінде медиацияны қолдану барысы баяу екенін байқауға болады. Заңның қолданысқа енгеніне бір жылдай болды, бірақ ол заң халыққа толық жете қойған жоқ.

Сот пен медиация арасында көп айырмашылық бар. Медиатор екі жақтың да ұстанымын ескере отырып, дауды бейбіт жолмен шешуге тырысады. Бұл кезде екі жақ та ортақ мәмілеге келеді. Бір жақ өз кінәсін мойындап, екінші жақ оған өзінің кешіргендігін айтып, екі жақ та ризашылықпен тарасады.

Талапкердің талап арыздан бас тартып, жауапкердің медиация арқылы екі жақтың келісімге келуіне байланысты арызы сот хаттамасына жазылып, іске тігіледі. Судья тараптарға ендігі уақытта олардың сотқа шағымдану қүқығынан айырылғандығын және келісімге келу арқылы мойындарына алған міндеттерін ескертіп, түсіндіреді.

Медиация жүргізуге байланысты тараптардан арыз түскенде ол аяқталғанша судья 30 күнтізбелік мерзімге істі тоқтатады. Содан кейін тәртіп бойынша судья екі жақтың келісімге келуі жөнінде анықтама шығарады.

Медиация барысында медиатор екі жаққа да медиацияның рөлі және оның құқықтық әсерлері жөнін де толық мәлімет беру керек. Бұл ретте екі жақтыңда құқығы бірдей екенін және олардың бір-біріне сыйластықпен қарау керектігін түсіндірген жөн.

Медиация бірнеше қадамнан құралады. Басталар алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Тараптарды тыңдап, даудың «басын» шешіп, екі жақтың позициясы жөнінде мәлімет жинайды. Барлық құжаттардың көшірмесін алып, медиатор конфликтің «тарихын» сызады. Медиацияның бірінші қадамында медиатор тараптардың әрқайсысынан даудың «тарихын» тыңдап, қандай сұрақтарды талқылау қажеттігін шешеді. Бұл ретте медиатор нақты тыңдау және рефрейминг (қайталап сұрап, конструктивті мағынасын табу) шараларын қолданады. Екінші қадамда медиатор екі жақтың талабын тыңдап, ол талаптың қайсысы болашақта тараптарды біріктіретінін жобалайды. Бұл кезде медиатор нейтралитет сақтауы қажет.

Үшінші қадам кезінде медиатор тараптарға даудың түрлі шешімдерін ұсынады. Бұл мезгілді «мидің штурмы» деуге болады.Бұл шешімдер бірнеше және олар альтернативті болуы қажет. Кейбір шешімдер тіпті абсурдты болуы да мүмкін, алайда сонымен медиатор екі жақты творчестволық ізденіске итермелейді. Қорытындыға келгенде екі жақ та шешімге өз еркімен келгеніне көзі жету керек.

Төртінші қадамда медиация шешімі дайындалады, Тараптардың қатысуымен медиатор болашақ шешімнің талаптарын оқып береді және оның әр бабын талқылайды.

Медиацияның бесінші қадамында медиация шешіміне екі жақ қол қояды. Медиациялық шешім олардың қайсысының да көңілінен шығу керек.

Осы орайда медиаторға жүктелетін міндет өте ауыр десе болады. Медиатор шын мәнінде адамдармен тіл табыса алатын психолог әрі сабырлы, байыпты жан болуы тиіс.

Қорытындылап келгенде, медиацияның біздің елімізде болашағы бар деуге болады. Оны бірдеңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізеді.

Г.Жанбосынова, Cәтбаев қалалық сотының кеңсе жетекшісі.

Комментарии закрыты.