«Дін және Ата заң»

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында қалалық әкімдікте осындай тақырыпта дөңгелек үстел өтіп, оған қала басшысы Әнуар Омар төрағалық етті.

Жиынға әкім орынбасары М.Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, дінтанушы Р.Сыздықов, қала прокуроры С.Назарбеков, мешіт имамдары, намазхандар, құқық қорғау органдарының басшылары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысып, қазіргі қоғамдағы дін мәселесі аясында пікір алысты.

Дін дұрыс дүниетаным мен эстетикалық талғам қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, әлеуметтік қатынастарды реттеуге үйретеді және бейбіт өмірді қамтамасыз етеді. Дінсіз адам болуы мүмкін, алайда, дінсіз қоғам болмайды. Осы орайда, кездесуде сөз алған теолог маман Рүстем Сыздықов қоғамдағы діннің маңызы мен орны жайында әңгіме қозғап, елімізде заманауи біліммен қатар, діни білім де бірге дамуы керектігін ескертті.

– Қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде. Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі – діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарауы. Олар дін жолына түстім деп ата-анасынан, достарынан, жалпы қоғамнан алшақтап, өз дегенін ғана ақиқат санап, айналасындағыларға, тіпті мешіт имамдарына күдік келтіреді. Мұндай жағдайға тап болмас үшін қоғамға діни сауаттылық қажет, – деді Рүстем Мәлікұлы.

Одан әрі Дін мен Ата Заңның мақсаты бір екендігін түсіндірген Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Әбдрахманов жамағатты мешіт жанынан ашылған сауат ашу курсына оқуға келуге шақырды. Кездесу барысында намазхан Мұрат қажы Жағыпаров та өз пікірімен бөлісіп, теріс діни ағымдарды ұстанған кейбір қала жастарының өрескел іс-әрекеттері туралы айтты.

Отырысты қорытқан Әнуар Серікбайұлы қатысқандарға алғысын білдіріп, бұл мәселенің бір ғана шарамен шешіле қоймайтынын, осындай кездесулер әлі де жалғаса беретінін айтты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.