Құнды құжаттар қоры

20130830-6-2-1Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», – деп атап көрсеткен болатын.

2013 жылғы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы М. Тәжин ұлт тарихын тереңдете зерттеп, тарихты екшеп, жаңа табылған құжаттар негізінде, жаңаша көзқараста еліміздің өткен тарихи жолының жазылуын атап өтті.

Тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын қаншама құжаттық материалдар жақын және алыс шетелдердегі мұрағат және кітапхана қорларында сақтаулы.

Сарыарқа жеріндегі Сәтбаев сынды мысты қаланың терең тамырлы тарихы, өзіндік ерекше өмірбаяны, қалыптасқан тыныс-тіршілігі жөніндегі тарихи және мәдени құжаттар қаламыздың мұрағат қорында сақталады. Осыған орай, біздің өлке тарихын зерттеуде Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты өз үлесін қосуда. Мұрағат қорында 1930 жылдардан бастап араб, латын тілінде жазылған құжаттар сақталған.

Қаланың тарихи дамуы 1930 жылдары Жезқазған кентінен басталады.

Өңіріміздің тарихи дамуы туралы Жезқазған кентінің кеңесі, Никольский кентінің кеңесі, Никольский қаласының кеңесі, Сәтбаев қала әкімшілігі, қалалық мәслихат құжаттарынан мәлімет алуға болады.

Мұрағатта қаланың Құрметті азаматтарының, соғыс ардагерлерінің құжаттары сақталған. Оның ішінде мәдениет қайраткері Шынболат Ділдебаевтың, академик Әсер Иманғалиевтың, Никольский қалалық кеңесінің бірінші төрағасы Тұрхан Исмағұловтың т.б. танымал тұлғалардың жеке архивінен алынған құжаттар бар.

Қаланың тарихи кезеңдерінен сыр шертетін фото және бейне материалдар да жетерлік.

Ғұлама ғалым, тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың біздің өңіріміздің дамуына қосқан үлесі зор. Өлке тарихына, қаланың дамуына, өсіп-өнуіне еңбегі сіңген айтулы азаматтарын насихаттап, таныстыру тарихшылармен зерттеушілердің, мұрағатшылардың қосқан үлесі болып табылады.

«Өсетін ел тарихын таспен жазады, өспейтін ел тарихын жаспен жазады» – деген халық сөзіне қосыла отырып, кеншілер қаласының 40 жылдығына байланысты 1973-2013 жылға дейінгі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жинақ шығаруды қалалық мұрағат қолға алып отыр.

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты.

Комментарии закрыты.