«Нарша» мен «Тұрар» көмектесті

Республика көлемінде тамыз айының 1-нен қыркүйектің 30-на дейін «Мектепке жол» акциясы өткізілуде.

Бұл игі шарадан №27 орта мектебі де тыс қалған жоқ. Әлеуметтік педагог М.Қызданова мектептің тұрмысы төмен, көп балалы, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларының тізімін жасап, мектеп ұжымындағы ұстаздарға ұсыныс тастады. Акцияға жетекшілік ететін арнайы топ құрылды.

Осы мектептің түлегі, «Нарша» сауда дүкенінің иесі, кәсіпкер Т.Атығаев жылдағы әдетіндей дүкен ұжымын біркісідей ұйымдастыра отырып, мектепке киім -кешектер табыс етті. Туған мектебіне қамқор болып жүретін азаматқа үлкен алғыс білдіреміз.

Сол сияқты «Тұрар» сауда орталығындағы бірнеше кәсіпкерлер оқушыларға қажетті киім, аяқ киім, кеңсе заттарын ұсынып, қайырымдылық көрсетті. Газет арқылы жеке-жеке алғыс айтсақ деген ниетімізге «қайырымдылық – қасиетті іс, барша адамзаттың міндеті ғой, атымызды атап қажеті жоқ», деп қарсылық танытты.

Бұл шарада мектеп ұстаздары да белсенділігін танытты. Ұстаздар Ж.Құлманов, М.Мейрамова, А.Садуақасова, А.Омарова, А.Мұқажанова өз қаражатына оқушыларға жаңа киімдер сатып әперіп, қамқорлық танытты.

Қазір мектепте бірінші сынып оқушыларының жаңа оқу жылына толықтай келуі қадағаланып, ата- аналарымен жұмыс жүргізілуде. Екі балаға мектеп формасы осы мектептің қаржылай көмегімен тіктірілуде. Кеңсе тауарларымен де қамтамасыз етілуде.

Мұндай игі жұмыстар әлі де жалғаса бермек. Оқушылардың мектепке толық қамтылып, алаңсыз білім алуына атсалысам деушілерге есігіміз әрқашан ашық.

Ә.Құлашева.

Комментарии закрыты.