Тас мүсіндер тарихтан сыр шертеді

20130830-6-1-1«Ұлытау» қорық-мұражайынан Жаңаарқа, Қарқаралы, Балқаш, Шет, Ақтоғай және Ұлытау өңірлері тарихи ескерткіштерінің әр бейнедегі тас мүсіндерімен қатар, осы мұражай қызметкерлерінің де археологиялық барлау жұмыстарын көруге болады. Мұнда Қызылорда облысының белгілі фотографы, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Шахмардан Әбдіхалықовтың көп еңбектері орын алған.

Ш.Әбдіхалықовтың фотостудия жұмысындағы көп жылғы еңбегі, ізденісі мен шығармашылығы бағаланып, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағы мүшелігіне қабылданды. Ол өзінің 40 жылғы фотоөнер шығармашылығының 15 жылдан артық уақытын тарихи археологиялық тақырыптарға арнап келеді.

Шахмардан Әбдіхалықов еңбектерін Орталық Қазақстан тарихымен тікелей байланыстырып келеді. Оған өзінің тарихқа қызығушылығы, отансүйгіштігі, сонымен қатар, Ә.Х.Марғұлан атындағы Алматы археологиялық институтының археологы, сақ, қола дәуірі ескерткіштерінің зерттеушісі Жолдасбек Құрманқұловпен дос болып, бірге жүруі себеп болса керек. Жолдасбек ағаның қасында жүріп, тынбай еңбек етіп, шеткері жатқан аймақтарды аралап, тарихи ескерткіштерді нақышына келтіріп суретке басып, көрме өткізуі – өнер адамына тән үлкен шығармашылық еңбек.

Жолдасбек ағаның бастауымен, «Ұлытау» қорық-мұражай ұжымы кейінгі жылдары жан-жақты, әр салада бірлесіп жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсақ, Айбас дарасы, Талдысай көне кен орны тұрағы, Тоқтауыл тұрағы және көптеген қола дәуірі ескерткіштерінің зерттеу жұмыстарына қатысып, тәжірибе алмасып, сондай-ақ, тас мүсіндеріне барлау жүргізіп келеді.

1946-1947 жылдары Ә.Марғұлан бастаған археологтардың барлау жұмыстарының нәтижесінде, Сарысу өзенінің бойы мен оның Атасу, Манақа, Сары және Қаракеңгір, Жезді, т.б. салалары және Нұра өзені бойынан адамзат тарихының әрбір кезеңінен қалған жүздеген тарихи ескерткіштер ашты. Оның ішінде әлемдік тарихқа енген Беғазы, Саңғыру, Айшырақ, Бұғылы І, ІІ, Ақсу-Аюлы, Ортау, Беласар сияқты қола дәуірі қорымдары, тастағы суреттер мен таңбалар, түркі-қыпшақ замандарының Ұлытау жеріндегі тас мүсін кешендері, қам кірпішпен әсемдеп өрілген қазақ мазарлары табылды. Сол сияқты ерте заманнан бастау алған Уанас, Хан жолы, Сарысу өзені бойымен жүретін керуен жолдарының бағыттары анықталды.

Тас мүсіндер – тастан жасалған адам бейнесі. Олар Қазақстан аумағында өмір сүрген адамдардың діни танымдық, салт-дәстүрлерін көрсетеді. Олар: Ұлытау төңірегіндегі кезігетін тас мүсіндер шоғыры (VІ-VІІІ ғасырлар). Түркі дәуірінен қалған тас мүсіндер қылыш, қанжар сияқты әскери қарумен, сусын ішетін сауытпен өрнектелген. Батырлар мен қолбасы мүсіндерінің тізбегі қойылады. Балбалдар саны кейде 200-ге жетеді. Ерлер мүсіндерімен қатар, аңызға айналған арулар мен ардақты аналарға да мүсін қойылған. Бұл тас мүсіндер кісінің жас мөлшеріне орай «қызтас», «келіншектас», «кемпіртас» деп атала береді. Ұлытау ескерткіштері қазақ жерін мекендеген тайпалардың рухани мәдениетін, тұрмысын, салт-санасын, өнер тарихын көрсететін бірден-бір дерек болып табылады.

Жылысай тас мүсіндері – түрік қағандығы (VІ-VІІІ ғасырлар) мен қыпшақ заманында (VІІІ-ХІІІ ғасырлар) жасалған мүсін тастардың көрнекті тобы. Қағандық кезіндегі мүсіндер тас қоршаудың шығыс жақ іргесінде, беті шығысқа қарап тұрады. Жылысайдағы тас қоршаулардың жалпы саны сегіз, олардың әрқайсысының шығыс іргесінде бір-бір мүсін тастары болған. Оның үшеуі қираған. Бізге жеткен бес мүсіннің екеуі егде адамды, екеуі жеткіншек жастарды, соңғы мүсін орта жастағы әйелді бейнелейді. Бұл тас мүсін нәрестелердің қорғаушысы саналған Ұмайдың бейнесі болуы мүмкін.

Арғанаты тас мүсіндері – түркілердің орта ғасырлардан қалған ғұрыптық ескерткіштері. Бұл тас мүсіндер Арғанаты тауының Мық, Домбауыл, Айыршоқы қыраттарында орналасқан. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Мүсіндер жалпақ тастан қашалып, төртбұрыш, шаршы түрінде жасалған қоршаулардың шығыс жақ сыртына беті күншығысқа қаратыла тігінен орнатылған. Одан шығысқа қарай кішірек тас бағаналар немесе балбалдар тізбегі кездеседі. Мық тауының етегіндегі жергілікті тұрғындар арасына «Алып тас», «Мықтың алыбы» атанған граниттен қашалған мүсін бар. Мүсіннен ер адамның бет-әлпеті, шоқша сақалы мен үлкен көзі, ұзын мұртының және аяқ-қолының бедері айқын көрінеді. Оң қолына сусын ішетін тостаған, сол қолына қылыш ұстаған. Екінші мүсін бұдан 200 метр қашықтықта орналасқан. Осы екі мүсінді жергілікті қазақтар «Қос алып», «Қос батыр» деп атайды. Бұл мүсіндер ҮІ-ҮІІІ ғасырларға жатады.

Жекешат тас мүсіні — Орта ғасырлардан сақталған ескерткіш, Қараторғай өзенінің бір саласы және Бозай өзенінің Жекешат сайында орналасқан. 1946 — 50 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә.Марғұлан) зерттеген. Мерзімі жағынан ХІҮ ғасырға жатады. Мүсіннің басты ерекшелігі — оның бұрынғы түркі дәуіріндегі салт-жоралғыдан басқаша, жаңа тарихи кезеңнің дәстүрімен қойылуында. Жекешат тас мүсіні ежелгі көне дәстүрдің жойылар алдындағы соңғы бой көрсетуінің бір үлгісі болып табылады.

Атсуытқан тас мүсіні – Шет ауданы Атсуытқан тауының шығыс жағындағы шаршы қоршау ішіндегі тас мүсін. 1982 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Әр қабырғасы 3 метр, қақпа тастарды тігінен көміп құраған. Қоршау ішін тастармен толтырған. Арнайы әкелінген ақ шақпақ тастар кездеседі. Мүсін жасаған тастың жоғары жағы жалпақтау. Тастың жоғары бөлігінде адамның бейнесі бедерленген. Қалың қабағы, үлкен көзі, мұрны, ұзын мұрты мен жалпақ, ұзын сақалы бейнеленген. Мүсіннің бейнелену тәсілі, қоршау құрылысы оның ҮІ-ҮІІ ғасырларда жасалғанын көрсетеді.

Қарқаралы тас мүсіндері – түркі дәуірінен қалған тас мүсіндер тобы. Ол тас мүсіндерде, негізінен, батырлар, қолбасшы-көсемдер, билер мен абыздар, жыршылар мен бақташылар бейнеленген. Тас мүсіндер саны 200-ге жетеді. Батырлар қару-жарақпен, хан мен билер қолына асатаяқ, беліндегі кісесімен бейнеленген.

Қарқаралы тас мүсіндерінің бет-әлпеті, дене мүшелері, асынған қару-жарағы, қолындағы заттары шынайы, әрі тартымды жасалған. Қарқаралы маңында кезігетін тарихи ескерткіштер қазақтың ежелгі мүсін өнерінің озық үлгілерінің бірі болып саналады.

Баян Шайгозова, Ұлытау ауданы «Ұлытау» қорық-мұражайының архитектура бөлімінің меңгерушісі.

Комментарии закрыты.