Айғақ етіп еңбегі мен ерлігін, кеншілерді құрметтейтін келді күн

«Қазақмыстың» кеншілері басты мерекелерінің бірі – Шахтер күнін атап өтті. Бұл күні еңбегімен ерекшеленген кеншілерге мемлекеттік наградалар мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Айналасында компанияның жеті мыс кеніші орналасқан Сәтбаев қаласы мерекенің нағыз думанды ортасына айналды.
20130830-1

Шахтерлар күнінің шымылдығын алғашқы болып Ғазиз Омаров атындағы «Жезқазғаншахтыпроходкалау» тресінің ұжымы ашты. Оған Жезқазған поселкесі мен оған іргелес жатқан елді мекендердің жұртшылығы, трестің жұмысшы-қызметкерлері қатысты.

Трест ғимаратының алдындағы ашық алаң бұл күні ерекше құлпырып тұрды. Шағын сахна құрылып, ақшаңқан кигіз үйлер тігілген. Енді бір шетте поселкенің кәсіпкерлері шағын сауда орнын да жабдықтап, тәтті тағамдар мен шырын-суларға толтырып тастаған. Алаңда шоғыр-шоғыр болып кеншілер қауымы жиналып, бірін бірі кәсіби мерекелерімен құттықтап, мәре-сәре болып жатыр. Осы бір тамаша көріністі әуезді әуен ырғағы көмкеріп, жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлап тұр.

Сағат тілі онды көрсеткенде кеншілер мерекесіне арналған салтанат та басталып кетті. Бишілердің мың бұралған биімен ашылған той мерекелік жиынға ұласты. Онда Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов сөз сөйлеп, кеншілер қауымын, кент тұрғындарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

20130830-8-1

Бұдан соң «Жезқазғаншахтыпроходкалау» тресінің директоры Қанат Батырбеков сөз алып, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, еңбектерімен ерекшеленген кеншілерді марапаттады.

– Бүгінгі мереке – кәсіби мереке. Бұл біздің екінші отбасымыздың – ұжымымыздың мерекесі. Ендеше, осы мерекені жылда қатарымыз ыдырамай, жақсы көңілде, жоғары еңбек табыстарымен қарсы ала берейік. Сіздердің еңбектеріңіз ерен және ерекше. Өйткені, сіздер қашан да алдыңғы шепте жүресіздер. Проходкашылар ашқан жолдардан кейін барып мол кен көздеріне қол жетеді. Жаңа кеніштер мен шахтылар сіздердің ерен еңбектеріңіз арқылы ашылады. Еңбектеріңіз жемісті бола берсін, – деген жүрекжарды тілегін жеткізді директор.

Салтанатты жиында бір топ проходкашылар «Кенші даңқы» төсбелгісімен, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры мен тау-кен өндірісі кешені бас директорының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекеге қаламыздың жас өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, салтанат сәнін келтіре түсті.

Шағын ресми салтанаттан соң кеншілер мен ардагерлер, той қонақтары арнайы тігілген кигіз үйден дәм ішіп, ақжарма тілектерін білдірді.

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тойдан бір күн бұрын Қаныш Сәтбаев бақжолының бойына корпорацияға қарасты кеніштер мен кәсіпорындар киіз үйлерін тігіп тастады. Сол сәтте-ақ қала ерекше бір реңге еніп шыға келді. Ақшаңқан ауыл тас үйлі көшені адам танығысыздай өзгертіп жіберді. Көңілге де қуаныш ұялатты. Ал, той күні мұнда дүбірлі думан таң ата-ақ басталып кетті. Әр үйдің маңында көңілді әуен әуелеп, кеншілер қауымы мәре-сәре болып жатты. Кигіз үйлерде жайылған той дастархандары өз меймандарын асыға күтіп тұрды. Әр үйдің маңында ошақта қазан қайнап, ақ самаурындар қаз-қатар тізілді. Кигіз үйлердің өзі әсем безендіріліпті. Керегелерге ілінген қасқыр мен түлкінің иленген терілері, домбыра мен қамшы сынды ұлттық құндылықтарымыздың нышандары жасаулы үйге сондай бір ерекше әр берген.

Сәске көтеріле Сәтбаев қаласында кеншілер мерекесінің шымылдығы ресми түрде ашылды. Алаңға орнатылған шағын сахнаға қала басшысы Әнуар Омар бастаған құрметті меймандар шығып, жиналған жұртшылықты мерейлі мерекелерімен құттықтады.

– Кеншілер мерекесі біздің еліміз үшін, оның ішінде біздің қаламыз үшін ерекше мерекелердің бірі. Өйткені, тау-кен өндірісі, түсті металлургия біздің аймағымыздағы жетекші сала. Ал оның әлеуетінің артуы, еліміздің қуатының нығаюы осы салада тер төгіп жүрген кеншілер қауымының төккен маңдай терінің жемісі. Сондықтан да біз кеншілер кауымына қашан да құрмет көрсетіп, олардың еңбектерін ерекше бағалаймыз, – деді өз сөзінде әкім Әнуар Омар.

Салтанатты жиында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің техникалық директоры Талғат Мағзұмов сөз сөйлеп, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.

– Қызығынан қиындығы басым кеншілер еңбегін саралап айтып жату артық. Оны аймақ жұртшылығы жақсы біледі. Сол кеншілердің ерен еңбегінің арқасында аймағымыз дамып, гүлденіп келеді. Еліміздің де өркендеуіне олар өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Бүгінгідей кәсіптік мерекеде кеншілер қауымын қалай мадақтап, қалай құрметтесек те лайықты. Олардың еңбегі құрмет пен даңққа лайық, – деді Талғат Мағзұмов.

Жиында ардагерлер атынан Сәтбаев қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Трофим Соколов сөз сөйлеп, тау-кен саласының ардагерлері мен жас ізбасарларын, кеншілер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, қала жұртшылығы атынан ыстық ықыласын жеткізді.

Кеншілер тойының ашылу салтанатында қаламыздың өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, дүбірлі думанға жалғады.

Салтанатты ашылудан соң ақшаңқан ауылда той қызығы қыза түсті. Кигіз үйлер меймандарға есіктерін айқара ашып, сахнадағы ән-жыр дастархан басына ауысты. Әуелі ардагер кеншілер өздерінің ізбасарларына ізгі тілектерін жолдаса, кейінгі буын ағаларына ақжарма тілектерін айтып, құрмет көрсетті.

– Рас, кеншілердің еңбегі қауіп-қатерге толы. Бірақ, олардың ырғақты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Біздің кездегідей емес, жұмыстың дені автоматтандырылған. Мұның өзі еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді. Мен ұзақ жыл Солтүстік Жезқазған кенішінде еңбек еттім. Әуелде қатардағы кеншіден бастап, ауысым шебері, бригадир, учаске бастығы сияқты қызметтерді саты-сатысымен өткердім. Ол кезде біздің жұмыстың бәрі қолмен атқарылатын. Соған қарамастан тиісті жоспарларымызды орындап жүрдік. Қазір еңбек демалысындамын. Біздің ісімізді кейінгі жастар абыроймен жалғастырып келеді. Біз оларды мақтан етеміз, – дейді Серік Қойшыбаев.

Кеншілер тойына іргелес жатқан Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданынан да меймандар келді.

– Жылда бұл мерекеге арнайы келіп, қызық думанды тамашалап қайтамыз. Биыл да отбасымызбен Ұлытау ауданынан келіп отырмыз. Кеншілер тойы ұлытаулықтарға да ортақ той. Өйткені, корпорацияның кеніштерінде Ұлытаудың ұландары да тер төгіп жүр. Олардың қатарында еңбегімен ел құрметіне бөленгендері де аз емес, – дейді қала қонағы Берік Достияров.

Той қызығының есте қалар ерекше кезеңі Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтатантты жиналыс болды. Онда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Эдуард Огай бастаған корпорация құрылымдарының басшылары мен қала әкімі Әнуар Омар кеншілер қауымын құттықтап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дейтіндей еңбек үздіктерін марапаттады.

Алғашқы болып сөз алған «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы Эдуард Огай өз сөзінде «Қазақмыс» корпорациясының келешегі жайлы жұртшылыққа жағымды хабарды жеткізді.

– Бүгінде елдің аузында корпорацияның жағдайы, оның жабылатындығы жайлы алыпқашпа сөз жиі айтылады. Бұл шындыққа жанаспайтын әңгіме. Біз аймақтағы кеніштердің тағдыры жайлы жиі ойланамыз. Осы бағытта зерттеу және жобалау институттарымыз жаңа жобалар жасап жатыр. Келешекте осы аймақта жаңа кеніштер мен өндіріс орындары ашылып, өндіріс ошақтарының өмірі ұзартылатын болады. Тек сол жұмыстарымызды жолға қойып, тоқтаусыз жүргізу үшін біз еңбек қауіпсіздігін де нығайтуымыз қажет. Кеншілер мен кеніш басшыларынан осыны талап етіп отырмыз, – деді басқарма төрағасы.

Бұдан соң басқарма төрағасы бір топ кеншілерді ІІ және ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапаттады.

Салтанатта Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар сөз сөйлеп, кеншілер қауымын құттықтады.

– Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау аймағы үшін бүгінгі мерекенің орны ерекше. Өйткені, біздің қалалар мен елді мекендеріміздің картаға түсуінің өзі осы кеншілер еңбегіне тікелей байланысты. Егер, қазір еңбек көрігі қызып жатқан кеніштер болмаса бұл аймақ та елге танылмас еді.

Тағы бір ерекше сәт, биыл кеншілер қаласы – Сәтбаевқа 40 жыл толғалы отыр. Осы кеншілердің еңбегінің арқасында қаламыз өмірге келіп еді, енді оның қырық жыл бойы өркендеп, өсуіне сол кеншілер қауымы өздерінің сүбелі үлесін қосты. Біз, қала жұртшылығы, сол үшін де оларға шексіз алғысымызды білдіреміз, – дей келіп, әкім Әнуар Омар бір топ кеншілерге Қарағанды облысы әкімінің, қала әкімінің Құрмет грамоталарын тапсырды.

Жиында, сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы тау-кен кешені бас директорының міндетін атқарушы Сайран Әменов, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Жанболат Бөрібаев кеншілер қауымын құттықтай келіп, бір топ үздіктерге Құрмет гамоталары мен ақшалай сыйақы табыс етті.

Салтанатта кеншілер қаласының өнерпаздары мен осы тойға арнайы шақырылған Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова және «Заман» тобы ән-жырдан шашу шашты.

Кеншілер мерекесінде спорттық ойындар мен концерттік бағдарламаларға да кеңінен орын берілді. Бұл күні қала жұртшылығы қазақша күрес пен каратэ-кекушинкайдан өткен ашық турнирлерді тамашалады. Бұл спорт додасына әрісі Қырғызстан мен Өзбекстаннан, берісі Алматы мен Шымкенттен, Қарағанды қаласынан «мен мықты» деген жас спортшылар жиналды.

Ал, кешкісін орталық алаңда өткен Гала концертте қаламыздың маңдайалды өнерпаздары Қазақстан мен Ресейдің танымал өнер жұлдыздарымен иық тіресе өнер көрсетті. Той қызығын тамашалауға жиналған жұртшылық қазақстандық танымал әншілер Ақылбек Жеменей, Мөлдір Әуелбекова мен «Жігіттер», «Арнау», «Заман» топтарының әндеріне құлақ құрыштарын қандырды. Сондай-ақ, ресейлік қонақ Нюшаның өнеріне сүйсіне қол соқты.

Кеншілердің төл мерекесі – Шахтер күні кеншілер қаласында түн ортасына тақаған сәтте атылған отшашумен аяқталды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.