Аусыл – вирустық ауру

Аусыл – тым жұғымтал жіті өтетін, қызба және ауыздың кілегейлі қабығында, желін мен аяқтың терісінде күлдіреуік пайда болуы арқылы ерекшеленетін үй және жабайы ашатұяқты жануарлардың вирустық ауруы.

Індеттік ерекшеліктері. Аусылға бейім жануарлар: сиыр, шошқа, қой-ешкі, түйе, бұғы және көптеген жабайы ашатұяқтылар (сайғақ, бұлан, елік). Бірлі-жарым бұл ауруға ит пен мысық, қоян мен егеуқұйрық, тіпті кірпі де шалдығатыны туралы мәлімет бар. Ең сезімтал жануарларға сиыр мен шошқа жатады. Кей жағдайда ауру малды күткенде, адам да ауырады. Жас малдың бейімділігі ересек малдан гөрі жоғары және оларда ауру ауыр түрде өтеді.

Жануарлар вирусты сыртқы ортаға сүтімен, сілекейімен, несебі және нәжісімен бөліп шығарады. Бұның нәтижесінде қора-жай, әр түрлі құрал саймандар, жайылым, жем-шөп, суат, көлік жабдықтары т.б. ластанады.

Вирус жануарлардың денесіне негізінен жемшөп және сумен бірге, әр түрлі ластанған заттарды жалаған кезде ауыздың кілегей қабығы, сирақтары, зақымданған терісі арқылы немесе ауру малмен бірге тұрғанда аэрогенді жолмен енеді.

Аусыл кең жайылған індет ретінде жылдың әр мезгілінде, оның ішінде күздің аяғы, қыстың басында жиірек байқалады. Әдетте індет 5-8 жылда, кей жерлерде 2-3 жылда қайталанады.

Өтуі және симптомдары: аурудың өзіне тән белгілері ересек ірі қара малда айқын байқалады да, басқа бейім жануарларда, мысалы, бұзауда, қозыда, торайда аурудың белгілері өзіне тән болмайды.

Аурудың бірінші белгісі жануар денесінің ыстығы 41 градусқа дейін және одан да жоғары көтерілуі болып табылады. Ауырған мал қатты қиналып, тамыр соғуы жиілеп, аузының кілегейлі қабығы мен көзінің айналасы қызарады, күйіс қайтаруы тоқтап, сүті қайтады, қаңсары құрғап, тұяқ көбесі домбыға бастайды. Мал басын төмен созып, жиі ыңырсиды, шөпті аса сақтықпен шайнайды да, ауырсынып жұтынады, қатты шөлдейді.Зақымданған аяғын баспауға тырысып, аяқтарын кезек-кезек алмастырып басып тұрады.

Ауру басталғаннан кейін 3 күндей өткен соң терінің жұқа жерлерінде қызарған бөрткендер пайда болады. Ауызды ашып қарағанда, кілегейлі қабықтарында, күлдіреуіктер (афта) көрінеді, олар дөңгелек немесе сопақша болып, сұйыққа толып, сызданып тұрады да, саусақпен басқанда жарылады. Шөп жегенде, сауғанда, сирағына әр түрлі заттар тигенде пайда болған күлдіреуіктер 2-3 күннен кейін жарылады.

Аусыл байқалған шаруашылыққа не елді мекенге карантин енгізіліп, қатер төнген территория анықталады. Ауданның, қаланың шаруашылық әрекеттеріне шектеу қойылады. Бұл шектеу бойынша малды, мал өнімдерін шетке шығаруға тиым салынып, оларды дайындау мен пайдаланудың ерекше тәртібі белгіленіп, жеке және қоғамдық көліктің қозғалысына уақытша тиым салынуы тиіс.

Індет ошағын шектеп, оған тәулік бойы кезекшілік тағайындалады. Жолдарды жауып, шлагбаум орнатылады.

Аусылға қойылған карантин ең соңғы ауырған мал жазылған немесе сойылған соң 21 күн өткенде алынады.

«ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі.

«Сәтбаев қаласының ауылшаруашылық және ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

Комментарии закрыты.