Сальмонеллез

Сальмонеллез – сальмонел инфекцияларының салдарынан ішек жолы қызметінің бұзылуы, интоксикация түрінде байқалатын ауру түрі. Ауру қысқа ғана мерзім ішінде белең алып, тез жайылады. Барысы ауыр, жазылуы ұзаққа созылады. Сыртқаттың дене қызуы көтеріліп, күніне бірнеше реттен іші өтеді, бойы әлжуазданады.

Сальмонеллездер қолданыстағы заттарда, тұрмыстық та, өндірістік те ортада ұзақ уақыт бойы өмір сүруге қабілетті. Олар, әсіресе, құс өнімдері, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер тәрізді азық-түлік түрлерінде көп шоғырланады. Аурудың өршуі көбінесе халықтың санитарлық мәдениеті мен сауатының аздығынан, тез бұзылатын өнімдердің дұрыс сақталмалуы мен жарамдылық мерзімінің сақталмауынан болады. Мұндай азық-түлік түрлеріне ет өнімдері, құс өнімдері, сүт және сүт өнімдері, кондитерлік және кулинарлық өнімдер жатады. Бұл орайда, тауық еті мен жұмыртқа қауіпті.

Бұл сырқатпен барлық жастағы адамдар науқастануы мүмкін десек те, екі-үш жасқа дейінгі сәбилер жиірек ауырады. Сальмонеллез инфекциясына ауыр және созылмалы ауруға ұшырағандар, түрлі сырқаттардан енді сауығып жүрген адамдар бейім. Сондықтан, ауырған кезде өз бетіңізше емделмей, үйге дәрігер немесе жедел жәрдем қызметін шақыртып, дәрігер кеңестерін бұлжытпай орындау қажет. Бұл дерттің алдын алу үшін мынадай ережерлерді ұстану шарт:

-қайда болсаңыз да жеке бас тазалығын сақтаңыз;

-өзіңіз алатын ет пен сүт, құс өнімдері ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткен болсын. Бұл өнімдерді кездейсоқ орындардан, кір ыдыстардан, өнім сапасының медициналық куәландыруынсыз алмаңыз;

— суды қайнатып, сүтті пісіріп барып қана пайдаланыңыз;

— көкөністер мен жеміс-жидектерді мұқият жуып, буға бұқтыру қажет;

— көлденең жерлерден қайда әзірленгені белгісіз бәліш, салат, кәуап тәрізді тағамдарды алмағаныңыз дұрыс;

— тез бұзылатын азық-түліктерді тек тоңазытқышта сақтаңыз.

Комментарии закрыты.