Құрметті сәтбаевтықтар! Қадірменді мұсылман жамағат!

Он сегіз мың ғаламды жаратқан, ерекше мейірімді, аса қамқор Аллаһ Тағала осы жылдың Ораза айына  барлығымызды аман – есендікпен жеткізді. Сол үшін Жаратқан Иемізге  шүкір дейміз!

Қасиетті Құранның “Бақара” сүресі, 185-аятында: “Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын” —  делінген. Және де  Рамазан айлардың сұлтаны. Он екі айдың ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай.  Рамазан қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан айында Құранды бір хатым жасау Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) сүннеті. Сондықтан Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі. Тарауих намазына қатысқанның сауабы мол.

Раббымыз құлдарының мәңгілік бақытқа жетуі үшін көптеген мүмкіндіктер сыйлаған. Осындай үлкен мүмкіндіктің бірі әрі бірегейі қасиетті Рамазан айы. Өйткені:

Жол сілтеушіміз Құран кәрім осы қасиетті айда түскен. Рухани кемелдікке жетуге дәнекер оразаны осы айда ұстаймыз. Мың айдан қадірлі болған Қадір түні бар. Бұл айдың түндері ауызашар, тарауих және сәресімен берекелі. Түрлі қажеттіктер мен қиыншылықтарға тап болған көңілдер көбіне осы айдың келуімен үміт пен қуанышқа кенеледі.  Өйткені, зекет, садақа және басқа да қайырлы істер адамдарды бір – біріне жақындатады. Бұл айда тозақтың есіктері жабылып, жәнәттің есіктері ашылалы, жындар кәміл шыңжырға байланады.

Қадірменді мұсылман жамағат! Мәңгілік бақытқа жеткізетін Аллаһ Тағаланың ақ жолын нұсқаушы – Рамазан айын қош келдің демекпіз!

Осы берекелі айдың келуімен Жаратқан Жаббар Аллаһ  сүйiктi отанымыз Қазақстанның абройын арттырып, әлемнiң алдыңғы қатарлы елiне айналдырсын.

Сәтбаев қаласының  халқына, мұсылман бауырларымызға  ынтымақ, береке — бiрлiк  және елiмiзге амандық, жерiмiзге тыныштық, бейбiт аспан, мамыражай тiршiлiк тілеймін.

Әмин! Аллаһу Акбар!

Құрметпен,

Бақдәулет қажы Абдрахманов

Сәтбаев орталық Балмағамбет Балқыбайұлы

атындағы мешіттің Бас имамы

Комментарии закрыты.