Еңбек ер атандырады

Өткен аптаның сәрсенбісі күні Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Еңбек ердің атын шығарады» деген тақырыпта тағылымдық мәні зор іс-шара болып өтті. Қазақстан Республикасының Қонституциясы күні және кеншілер қаласының 40 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілген бұл кештің басты мақсаты – шынайы да адал еңбекті, шеберлікті дәріптеуге және қарапайым еңбек адамына қолдау көрсетуге негізделді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін көтерудегі маңызды құжатқа айналғандығы және оның барлық қазақстандықтарға тың серпін бергені мәлім. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында осы маңызды құжатты басшылыққа алған ауқымды шаралар жүріп жатыр. Мына іс-шара да соның айқын дәлелі. Бүгін қала жұртшылығы өздерінің еселі еңбегімен ел дәулетінің молаюына сүбелі үлестерін қосып жүрген біп топ жерлестерімізбен жүздесіп, олардың атқарып жүрген қарапайым еңбектері жайлы кең мағлұмат алды.

Аталмыш шара кеш қонақтарының еңбек тыныстарын бейнелейтін шағын бейнефильммен басталды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы І тармағында айтылғандай, «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар». Кеш кейіпкерлері де әртүрлі салада еңбек ететін, әртүрлі кәсіпті меңгерген жандар. Бейнефильмде олардың тынымсыз еңбегінің бір сәті ғана көрсетілсе де жұртшылық қарапайым еңбек адамдарының атқарар істерінің ауқымды, елге пайдасы зор екенін аңғарды.

Бейнефильмнен соң қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева мен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев сахнаға шығып, еңбек майталмандары мен қала жұртшылығын қос мерекемен құттықтады.

– Келешегіміздің кепілі, елдігіміздің басты құжаты – Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 18 жыл толып отыр. Бұл мереке сүйікті қаламыз – Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы қос мереке қарсаңында біз еңбегімен еліне танымал болып отырған қарапайым еңбек адамдарымен кездесу өткізіп отырмыз. Біздің елімізде еңбек адамына деген құрмет пен даңқ қашан да бірінші орында тұрады. Бұл соның айғағы, – дей келіп, Марал Мәдиева кеш қонақтарын қала әкімі атынан құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі.

«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі жайлы баяндай келіп, өз сөзін:

– Құрметті еңбек ерлері мен өндіріс майталмандары, сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында қаламызда Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар табысты жүзеге асырылуда. Сіздердің жасампаз еңбектеріңізге деген біздің шексіз алғысымызды қабыл алыңыздар, – деп түйіндеді.

Салтанатты рәсімнен соң кеш қонақтары сахна төріне шақырылды. Жұртшылық алғашқы болып «Vip Shina» ЖШС-нің жұмыскері Аллахверды Алиевты, «Сәт-Сәулет» ЖШС-нің слесарь-сантехнигі Мейіржан Әбілдиновты, «Тазалық» ЖШС-нің жұмыскері Рахмет Төлеуовты, «Казцентрналадка» кәсіпорнының жұмыскері Марат Байғазиевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Өз мамандықтарының майталманы, жастар тәлімгері болып жүрген жандар кеш барысында әлемнің әміршісі – еңбек жайлы өз ойларын ортаға салды.

Келесі кезекте жылу энергетика кәсіпорнының №1 жылу станциясының аға машинисі Эльмира Қасымова, қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны директорының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Гүлсім Мендышева, «KM Logistik» ЖШС-нің жүргізушісі Ержан Әшірбеков, электр желілері кәсіпорнының жұмыскері Нұрғалым Берденов сахна төрінен орын алды. Олар да еңбек және еңбек адамының бүгінгі бейнесі жайлы ой толғады.

Еңбек адамдарын дәріптеуге арналған кеште «Сарыарқа нан» ЖШС-нің цех шебері Татьяна Скрыльникова, Оңтүстік Жезқазған кенішінің кеншісі Абдулла Төлеубаев, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервис» ЖШС-нің қызметкері Рамиля Сафиуллина сынды еңбек майталмандарына да кеш қонақтары құрмет көрсетті.

Іс-шара барысында кездесуге келген майталман мамандарға қала әкімі атынан арнайы сертификат пен гүл шоқтары табыс етілді. Еңбек мерекесін қаламыздың өнерпаздары мен «Самоцветы» ардагерлер хоры ән-жырмен, мың бұралған бимен көмкеріп, үлкен қуаныш сыйлады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.