Білім күнінің салтанаты

Еліміздің барлық мектептеріндегі сияқты Сәтбаев қаласының білім ошақтарында да 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Бұл күні қала мектептері шәкірттеріне есіктерін айқара ашты. Таңның атысымен құшақ-құшақ гүлдерін құша ұстап, мұнтаздай киініп, бал-бұл жайнаған балалар ата-аналарымен бірге мектептерге қарай ағылды. Жүздерінде жылы күлкі. Көздерінде от. Олардың арасында тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын білім мен ғылымның алтын ұясы – мектептің ақ босағасын алғаш рет аттағалы бара жатқан бүлдіршіндеріміз бәйгеге бапталған тай-құнандай құлпырады…

Қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі де бірегейі – Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия жаңа оқу жылын үлкен серпіліспен бастады. Оған негіз жоқ емес. Аталмыш білім ордасы өткен оқу жылын жоғары жетістіктермен қорытындылаған еді. Гимназияны тәмамдаған 71 түлектің 12-сі мемлекеттік емтихан тапсырса, 59 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынады. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Тестілеудің орташа баллы 85,4 болды. 59 түлектің 32-сі тесті «4» және «5» деген бағаға тапсырды. 18 шәкірт 100 және одан да жоғары балл алды. Үш оқушы «Алтын белгіге» ие болды.

Осындай жоғары көңілмен жазғы демалысқа шыққан гимназия ұжымы жаңа оқу жылына қапысыз қамданған еді. Енді, міне, білім ордасы өз шәкірттерін құшақ жая қарсы алып отыр. Биыл гимназия табалдырығын 82 шәкірт тұңғыш рет аттады. Олардың 52-сі қазақ тіліндегі, 32-сі орыс тіліндегі бірінші сыныпта білім алатын болады. Ал, 40 шәкірт гимназияны тәмамдауға талпынуда. Олардың 18-і қазақ сыныбын, 22-сі орыс сыныбын бітіреді.

Міне, осындай жетістіктері бар білім ошағы биылғы білім күнін ерекше ықыласпен бастады. Салтанатты жиын шымылдығы Қазақстан Республикасының Туын әкелумен және Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар ата-аналар мен ұстаздар қауымын және шәкірттерді білім күнімен құттықтады.

– Ертеңгі ақын да, әкім де, дана да, ғалым да бүгінгі шәкірт – сіздердің араларыңыздан өсіп шығады. Ал, сіздердің сондай дара азамат болып өсулеріңізге барлық жағдай жасалған. Оның ішінде ұлтымыздың біртуар дара перзенті Сәкен Сейфуллин сынды ұлы тұлғаның есімін иемденген гимназияда заманауи білім алудың мүмкіндігі зор. Осындай білім ордасында оқығандарыңызды сіздер де мақтан етулеріңіз керек, – деді әкім өз сөзінде.

Гимназияда өткен білім күніне арналған салтанатта қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Шынар Жанасылова мен мектеп директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлбану Сүйінжанова сөз сөйлеп, мектептің жетістіктерін мақтанышпен айтып өтті.

Білім бөлімінің басшысы өз сөзінде гимназияның сапалы білімімен, түрлі олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктерімен, жоғары білім нәтижелерімен, дарынды ұстаздарымен, білімді оқушыларымен танымал білім ордасы екенін айта келіп, осы білім ұясына қадам басқалы отырған бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Ал, мектеп директоры ата-аналар мен мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, мектеп табалдырығын тұңғыш аттап отырған шәкірттеріне “Қадамдарың құтты болсын, кішкентай кемеңгерлер! Дендерің сау, мол білімді, елін-жерін сүйетін мықты азамат болып ер жетіңдер. Ертеңгі ел тізгіні сендердің қолдарыңда”, деген ақжарма тілегін жеткізді.

Өз кезегінде мектеп табалдырығын тұңғыш аттап отыр-ған жеткіншектер ұстаздары мен жоғары сыныптардағы аға-апаларына арнаған өз тілектерін өлеңмен және әнмен жеткізді. Ал, аға-апалары осы бір орайлы сәтте бірінші сыныпқа келген ізбасарларына «Әліппе» мен «Букварь» кітабын табыс етті.

Салтанатта білім ханшайымы бүлдіршіндерді құтты қадамымен құттықтап, “Бүгін сендер үшін өмірдің жаңа бір белесі – білім елінің есігі ашылмақ. Ол қызық пен қиындыққа толы жол. Осы жолдағы қадамдарын құтты болсын” деген тілегін айтып, білім есігін ашатын арнайы кілтті салтанатты түрде табыс етті.

Салтанат соңында мектептің биылғы түлегі мен мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған шәкірт бірлесіп алғашқы қоңырау соғып, жаңа оқу жылының басталғанын паш етті. Қоңырау сыңғырынан кейін қала әкімі Әнуар Омар мен білім бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова бірінші сынып оқушылары үшін мектеп табалдырығының лентасын қиды.

Білім күніне арналған салтанатта гимназияның өнерлі шәкірттері ән-жырдан шашу шашты. Ата-аналар мектеп оқушылары мен оқытушыларына бата берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.