Баршаға ортақ мереке

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Білім күні мерекесіне орай Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылар қауымын арнайы барып құттықтады. 

– Бұл күн – баршамыз үшін ортақ мереке. Себебі, әр адамның өмірінде алғашқы қоңыраудың алар орны ерекше – деген Бауыржан Түйтеұлы оқушыларды Елбасының артқан үмітін, білдірген сенімін ақтауға шақырды.

Жаңадан ашылған мектептер арасында Назарбаев зияткерлік мектебі ерекше. Биыл бұл мектепте қазақ және орыс тілінде 708 оқушы оқымақ. Мектепте 62 кабинет пен физика, химия және биология пәндеріне арналған кеңейтілген үш зертхана бар. Спортпен айналысуға орасан мүмкіндіктер қарастырылған. Оқу ордасындағы телестудияда оқушылар мектеп жаңалықтарын таратып, шағын фильмдер түсіре алады.

Жаңа оқу жылы алдында мектепке қызметке ұстаздар алуға конкурс жарияланған еді. Облыс бойынша үміткер ретінде 700 мұғалім бақ сынады. Қазір 73 мұғалім шәкірт оқытуға бел шеше кірісіп отыр. Мұғалімдер арасында Ұлыбритания, АҚШ, Австралия және тағы басқа елдерден келген мамандар бар.

Мектеп жатақханасына облыстағы басқа өңірлерден келген 120 бала орналасып, білім алуда.

Осындай әлеуеті мол мектептегі салтанатты жиында облыс әкімі мектепке бағалы сыйлық тапсырды. Жиын соңы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбындағы сабаққа ұласты.

Комментарии закрыты.