«Жұмыс жүйелі болуы керек»

20130906-02-1-120130906-02-1-220130906-02-1-4Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар төрағалық еткен кезекті кеңейтілген отырыс қала активіне «Қазпошта» АҚ Жезқазған қалалық пошта байланысы торабының жаңа бастығы Нұрлан Мухиядиновты таныстырумен басталды. Н.Мухиядинов Қызылорда облысының тумасы. Қостанай, Қызылорда, Қарағанды қалаларында банк саласында қызмет еткен. Алғашқы болып қазіргі күннің басты тақырыбы – қысқа дайындық жөнінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Оразбаев хабарлама жасады.

Мәлімет бойынша жеті жылу қазандығының төртеуі қысқа дайын, ал үшеуіндегі жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяталмақ. Су құбыры жүйесі 80% дайын.

Қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Г.Жалмурзина жұмыс істемейтін бір тұрғыннан туберкулез таяқшасының табылғандығын, қазір оның отбасымен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әнуар Серікбайұлы алдымызда қаланың 40 жылдық тойы келе жатқанын, оған дайындықты қаланы тазалаудан, әсем безендіруден бастау керектігін айтты. Сонымен қатар, қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлелерінің жағдайын тексеруді бастағанын және барлығын да өз көзімен көріп шығатынын ескертті.

Әкімнің тағы бір ескертуі көпшіліктің көңілінде жүрген мәселе болды десе де болады. Қаладағы ірілі-ұсақты кафе-барлардың ішкі-сыртқы санитарлық жағдайы ғана емес, қызмет көрсету мәдениетінің төмен екендігін қынжыла айтты. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы З.Таяноваға осы келеңсіз жағдайларды жою бағытында жұмыс жасауды және саяжай өнімдерін сатуға арналған орындарды кеңейту, қажет болса көбейту керектігін де тапсырды.

Қала басшысын алаңдататын үлкен бір мәселе – апатты деп танылған үйлер. – Қалада екі қабатты 110 үй, яғни 880 пәтер иелері қауіпті жағдайда тұрып жатыр. Бұл барыста қомақты жұмыстар тұр алда. Тездетіп 8-9 көпқабатты үй салудың кешенді жоспарын құрып, құжаттарын дайындау керек, – деді әкім.

Қала басшысы жолдарды асфальттау жұмыстарының сапасына да көңілі толмайтынын білдіріп, үзіп-жұлмай тесілген, ойылған жерлердің барлығын картаға түсіріп, жүйелі түрде істеу керектігін тапсырды.

Жарнама жапсырылған жерлерді тазартып, жаңа жарнама ілетін тұғырлар мен тақтайшаларды орнатуды аптаның соңына  дейін аяқтауды, қураған ағаштарды кесу, қурауға таяу тұрғандарын суару сияқты бір жылдан бір жылға жалғасып келе жатқан көп мәселелердің шешімін табатын кез келгенін қатты айтты.

Осы және басқа да тапсырмаларға сәйкес Әнуар Омар жауапты тұлғаларға міндеттер жүктеді.

Майра Смағұлқызы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.