Қоғамдық тәртіп сақшылары төл мерекелерін атап өтті

20130906-08-1-1 20130906-08-1-2Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында еліміздегі құзырлы органдардың бірі – әкімшілік полиция – өзінің төл мерекесін атап өтті.

Әкімшілік полицияның өзіндік ерекшелігін көрсететін әрі криминалистикалық полициядан ажыратуға мүмкіндік беретін бірқатар ұйымдық-құқықтық және функционалдық белгілері бар. Егер криминалистикалық полицияның негізгі міндеттері қылмысты анықтау, оның алдын алу, жолын кесу, ашу, тергеу, анықтама жүргізу болса, әкімшілік полицияның негізгі міндеттері болып қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу, жолын кесу, қылмыстарды ашу, анықтама мен әкімшілік іс-жүргізуді жүзеге асыру, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу, жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Міне, осындай қыруар міндеттерді мінсіз атқарып жүрген Сәтбаев қалалық әкімшілік полиция қызметкерлері өздерінің мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Әкімшілік полиция қызметінің 94 жылдығына арналған салтанатты жиын Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Оған қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Мерекелік салтанатты қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Аманжол Кәрімов сөз өйлеп ашты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында мемлекет тәртiпсiздiкке мүлдем төзбеушiлiк қағидатымен жүруi тиiс екендiгiн атап өттi. Осыған байланысты, Iшкi iстер министрлiгi азаматтардың құқықтық сана-сезiмiн қалыптастыру мен қоғамдық тәртiптi нығайтуға баса назар аударуда. Әлбетте, құқықбұзушылыққа қатысты шара қолданбау полицияның ғана беделiн түсiрiп қоймай, бүкiл құқық қорғау жүйесiне деген азаматтардың сенiмiн азайтары сөзсiз. Сондықтан, біздің қаламыздың әкімшілік полиция қызметкерлері де өз міндеттерін мінсіз атқаруға тырысуда. Қазір қаламыздағы қоғамдық тәртіпті сақтау барысында қызметкерлеріміз қырағылық танытып келеді, – дей келіп, Аманжол Бахытжанұлы әріптестерін мерекелерімен құттықтады.

Бұдан соң бөлім бастығының орынбасары жеке құрамды Ішкі Істер министрлігі мен облыстық ішкі істер департаменті басшысының құттықтау хатымен таныстырды.

Салтанатта өзінің мінсіз қызметімен көзге түсіп, өзгелерге үлгі болып жүрген бір топ құқық қорғау қызметкерлері әр түрлі деңгейдегі мадақтамалармен марапатталды. Олардың көшін әкімшілік полиция қызметкері Ғалымжан Рүстемов бастады. Ол облыстық ішкі істер департаменті бастығының Алғыс хатына ие болды.

Жиында сондай-ақ, ішкі істер қызметінің ардагері Айтболат Құсайынов сөз сөйлеп, ізбасарларын мерекелерімен құттықтаса, қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Құрман Әбжанов әріптестерін мерекелерімен құттықтай келіп, жеке құрамды ішкі істер бөлімі бастығының арнайы бұйрығымен таныстырды.

Қоғамдық тәртіп сақшыларының мерейлі мерекесінде қаламыздың көркемөнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мереке иелеріне қуаныш сыйлады.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.