Алғашқы қоңырау. Алғашқы қадам

20130906-06-1-1 20130906-06-1-3Жыл сайын 1 қыркүйек күні еліміздің барлық мектептерінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Биылғы жылы бұл күн республикамыздың барша жалпы орта білім беретін ұйымдарында «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты бірегей тақырыпта аталып өтті. Жалпы, Сәтбаев қаласы бойынша 2013-2014 оқу жылында мектеп табалдырығын тұңғыш рет 1200 бала аттады. Солардың 95-і – №16 орта мектептен. Іргелі білім ордасында өткен мерекеге әкім орынбасары Марал Мәдиева, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Салтанат Айжанова, мектеп директоры Қайрат Смаилов, ұстаздар қауымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Құшақ-құшақ гүлдерін ұстап, жүздері бал-бұл жайнаған оқушылар мен ата-аналарға деген құттықтауын жиынның қадірлі қонағы М.Мәдиева жеткізді.

– Елбасы қойған мақсаттарға жету үшін бізге білімді ұрпақ керек. Сондықтан мен сіздердің жаңа оқу жылында мол табысқа жетіп, тек биіктен көріне берулеріңе тілектеспін, – деді Марал Сағынайқызы.

Салтанатты іс-шарада ұстаздар мен шәкірттерге арналған жылы лебізін Салтанат Айжанова да білдірді. Келесі кезекте сөз алған мектеп басшысы Қайрат Смаилов өткен оқу жылындағы жетістіктерді айта келе, «оқушылардың басты мақсаты – сапалы білім алып, мемлекетіміздің бетке ұстар, патриот азаматы болып өсу» екендігін атап кетті. Ал, бірінші сыныпқа шәкірттер қабылдап отырған ұстаздар атынан 1 «Ә» сыныбының жетекшісі Шұға Ахметова білім жолына алғашқы қадам басқалы отырған оқушыларға ақ жол тіледі. Балаларын мектепке ертіп әкеліп, ұстаздарға табыс еткен бірінші сыныптың ата-аналары атынан орталық мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Әбдрахманов жиналған жұртшылықты қуанышты күнмен құттықтап, оқушыларды білімді, тәрбиелі болуға шақырды.

Ата-аналар арасынан оқушыларға игі тілектерін шашу арқылы білдірген ақ жаулықты әжелер де, білім әлеміне аяқ басқан бүлдіршіндерге сәттілік тілеген аталар да болды. Солардың бірі – қала тұрғыны Шарағат Бодықов.

– Бүгін республикамыздың барлық білім мекемелерінде жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. Барша сәтбаевтықтарды Білім күнімен және Конституциямыздың 18 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Менің бес немерем бар. Алғашқысы Диана осы №16 орта мектепте оқиды. Биыл 4 сыныпқа барды. Енді, міне, екінші немерем Мұхамбед те тұңғыш рет мектеп босағасын аттады. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш. Осы орайда мұғалімдер мен оқушыларды құттықтай отырып, оларға шығармашылық табыс, жаңа бастамаларда тек қана сәттілік пен жарқын болашақ тілегім келеді, – деді Шарағат Бодықов.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында бірінші сынып оқушылары арнайы дайындап келген өлеңдерін оқып, 11 сынып оқушылары Э.Тұрғанбек пен Х.Төлеу өздерінің ізбасарларына «білімді де өнерлі болып, оқуда озат атанып, мектебіміздің мақтанышы болыңыздар» деген ақ тілегімен қоса, алғашқы оқулық – «Әліппені» табыстады. Одан әрі салтанатты түрде «алғашқы қоңырау» соғу рәсімі өткізілді.

Білім күніне арналған іс-шаралар «Біздің Отанымыз – Қазақстан», «Отаным – бақыт ордасы», «Қазақстан – достықтың мекені» тақырыптарындағы тәрбие сағаттарымен жалғасты. Бұл сабақтардың мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «EXPO – 2017» Халықаралық көрмесі сияқты еліміздегі бірқатар қоғамдық маңызы бар оқиғалар жайлы, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президентіміздің рөлі туралы оқушыларға түсінік беру болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында «бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін жоғары білімді ұлтқа айналуымыз керек» делінген болатын. Бұл тапсырманы жүзеге асыруда, әрине, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. Жалпы, №16 орта мектепте 80 мұғалім жұмыс істейді, олардың ішінде жоғары санаттағылар – 13, І санаттағылар – 21 және ІІ санаттағы – 20 ұстаз. Шәкірттеріне саналы тәрбие мен сапалы білім беретін бұл ұжымның алдында мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қамар Жанасылова тұр. Жақында Қарағанды қаласында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде Білім және ғылым министрлігінің өкілі, «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін Қамар Қаппасқызына табыс еткен болатын. Марапат иесі жиында білім беру саласына қатысты көтерілген мәселелерді тілге тиек етті.

– Конференцияда ұстаздар қауымының алдына бірқатар міндеттер қойылып, сол талаптарға сай жұмыс істеу керектігі ескертілді. Ең бастысы, балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру тақырыбы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, оқытуда жаңа тәсілдерді меңгеру, білім беру мекемелерінде инновациялық оқыту технологияларын және Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды. Бүгінгі таңда облысымызда 12 жылдық білім беру жүйесіне дайындық қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Басқосуда облысымыз білім мен ғылым саласында жаңа технологияларды игеру бойынша біраз жетістіктерге жеткендігі, облыста білім сапасының жоғары екендігі де сөз болды, – дейді Қамар Жанасылова.

Сәтбаев қаласының мектептерінде ұйымдастырыл-ған осындай мерекелердің барлығы да өз деңгейінде өтті. Білім айдынына алғашқы қадам басқан бүлдіршіндерге, оқушылар мен ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік, мол табыс тілейміз.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.