Оқырманға арнау сөз

Қадірменді газет жанашырлары!

Өздеріңіздің сүйікті басылымдарыңыз, қаламыздың айнасы – «Шарайна» газеті бүгіннен бастап жаңа тұрпатта – «етжеңді» болып қолдарыңызға тиіп отыр. Бұл – біріншіден, біздің Сәтбаев қаласының 40 жылдығына тартуымыз. Екіншіден, оқырман қауым, өздеріңіздің өскелең талаптарыңызды қанағаттандыру. Яғни, газет бетін көбейте отырып, назарларыңызға қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты мақалалармен қатар, танымдық, тарихи мақалалар мен қызықты дүниелер ұсыну. Газетімізде «Таным», «Тылсым дүние», «Сізді толғандырған тақырып» айдарлары мен жастарға, қыз-келіншектерге арналған беттер қайыра жаңғыртылатын болады.

Енді әртүрлі себептермен газеттің бетінде шықпай қалған, алайда оқырмандарды бей-жай қалдырмайтын мақалалар да осы етжеңді беттерде жарық көрмек. Демек, бұл жазылатын жайттардың көлемін ұлғайтып, материалдардың тынысын кеңейтері анық. Ал, оқырмандардың көкейінде жүрген өткір мәселелер, оларды толғандыратын дүниелер болса, оларға да газеттен орын береміз. Басты қағида – оқырмандарға қандай нәрсе жайлы болса, ол бізге де қолайлы. Өйткені, бұл бәрімізге ортақ пікір алысатын, өз ойларын еркін білдіретін ақпараттар алаңы болмақ. Осы орайда оқырманмен арада тығыз байланыс орнатуға екі жақ болып атсалыссақ деген тілегіміз бар. Өйткені, газет тірегі – оқырман. Біз сіздерден ойлы мақалалар мен қала өміріне қатысты мәселе көтерген хаттар күтеміз.

Орайы келгенде айта кетейік, келер жылдан бастап газетіміз бұдан да қалыңдайтын, яғни, 24 бет болып шығатын болады. Оған мүмкіндік жасалды. Бұл бағытта қала әкімі Әнуар Омар редакцияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржылай да, заттай да көмек көрсетуде. Таяуда әкім Әнуар Серікбайұлы редакцияға бір компьютер сыйлады. Қосымша қаржы да бөлді. Сол үшін қала басшысына айтар алғысымыз шексіз.

«Алмақтың да салмағы бар» дейді бабаларымыз. Біз өз тарапымыздан газеттің сапасын көтеріп, оқырмандардың көкейін дөп басатын мақалалар жазуға күш салатын боламыз.

Құрметті оқырман, біз өздеріңізге арқа сүйейміз. Келер жылы «Шарайнаның» таралымының артуына сіздер зор үлес қосады деген үміттеміз.

Қорытып айтар болсақ, істер ісімізді таразылайтын, жұмысымызға баға беретін де оқырмандардың өздері. Біздің міндетіміз – басылымды сол оқырманға жақындату, сөйтіп жұмысымызды оралымды ету.

Газет жанашырларын келе жатқан сүйікті қаламыздың мерейтойымен құттықтай отырып әр отбасына амандық, береке және рухани байлық тілейміз.

Өздеріңізге деген құрметпен, «Шарайна» газетінің ұжымы.

Комментарии закрыты.