Ата заңым – айбыным

Өткен аптаның соңында Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясының 18 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихат хатшысы Серік Имамбай бастаған билік және депутаттар корпусы, құқық қорғау саласының, қоғамдық ұйымдар мен этно-мәдени орталықтардың өкілдері, «Қазақмыс» корпорациясы құрылымдарының жұмысшылары, қала жұртшылығы қатысты.

20130906-01-1-2

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңның қабылдануы егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.

Ата Заңымыз қабылданғаннан бері құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Міне, осының нәтижесінде біздің елімізді бүгінде әлемдік қауымдастық этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан, тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр.

20130906-01-1-1

Елдігіміз бен бірлігіміздің айбыны болған осы Ата Заң күні қаламызда ерекше жағдайда аталып өтті. Осынау ұлық мерекеге арналған салтанат шымылдығы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов жетекшілік ететін қаламыздағы «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күймен ашылды.

Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар қала жұртшылығын Ата Заң күнімен құттықтады.

– Конституция – халық пен биліктің қарым-қатынасын білдіретін, біздің өміріміз бен тұрмысымызды айқындайтын құқықтық құжат. Мемлекеттің тұрақтылығы мен гүлденуі Ата Заңның мүлтіксіз орындалуында. Ата Заңымыз – қоғамның гүлденуі мен дамуының, біздің болашағымыздың алтын арқауы. Сондықтан да, біз үшін бұл күннің рөлі Тәуелсіздік күнінен кем емес, – деді әкім Әнуар Омар өз сөзінде.

Әкімнің құттықтауынан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Мереке қарсаңында Сәтбаев қалалық мәслихаты сессиясының шешіміне сәйкес қаламыздың екі азаматына «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген еді. Мерейлі мереке күні осы атақ өз иелеріне салтанатты түрде тапсырылды.

Әкім Әнуар Омар мен мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай заңдылықтың және қоғамдық тәртіптің нығаюына қосқан қомақты үлесі үшін ішкі істер органының ардагері Сәттімбек Балтабеков пен қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына және абаттандырылуына зор үлес қосқаны үшін Сәтбаев қаласының жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Еркін Жұмабековке арнайы төсбелгі тағып, иықтарына көгілдір ту түстес лента ілді.

Марапаттау рәсімі одан әрі ардақты аналарды ұлықтауға ұласты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 19 маусымдағы №584 Жарлығы бойынша еліміздегі көп балалы аналар «Алтын» және «Күміс» алқамен марапатталған болатын. Солардың қатарында қала тұрғындары – Айжан Асылбекова, Фарида Сейдахметова және Ұлту Шалова «Күміс алқа» иегері атанған еді. Ата Заң мерекесі күні осы ардақты аналарға ел алдында құрмет көрсетіліп, лайықты атақтары салтанатты түрде табыс етілді.

Бұдан соң қала басшысы қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіне қосқан жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін бір топ қала тұрғындарын Қарағанды облысы әкімінің және Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Конституция күніне арналған салтанатты жиында қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев, Сәтбаев қаласының прокуроры Серік Назарбеков және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, бейбітшілік пен тыныштықтың, Қазақстанның гүлденуі мен игілігінің кепілі, елдігіміздің айбыны – Ата Заңымыздың мәртебесі арта берсін деген жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Мерекелік салтанатты Сәтбаев қаласының мәдени-сауық орталығы мен өнер мектебінің және Весовая елді мекенінің «Теміржолшылар» клубы жанындағы үйірмелердің өнерпаздары әсем әнмен, тамаша бимен көркемдеп, жиналған жұртшылыққа тамаша кеш сыйлады.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.