Жақсының жолсерігі болған

Алпысыншы жылдардың орта кезі. Жетіқоңыр орта мектебінің оқушысымыз. “Медеу Сәрсекеев деген жазушы Күзеубай ақсақалды алыстан арнайы іздеп келіпті. Ол Қаныш Сәтбаев туралы кітап жазбақшы екен. Күзекеңнен ол кісі туралы сұрай келіпті”, – деген әңгіме шағын ауылға лезде тарап үлгерді.

Күзекең туралы аңызға бергісіз әңгімені бұрын да еститінбіз. Жұрттың айтқанына салсақ, ол – барар жерін жолсыз-ақ, ізсіз-ақ табатын айрықша жан. Тас қараңғы түннің өзінде адасуды білмейді. Ат құлағы көрінбейтін боран да сөз емес. Бұрын-соңды бармаған, ат ізін салмаған бейтаныс жерлерде өсіп тұрған шөпке қарап бағыт-бағдар алады екен. Ауа райын алдын ала біліп отыратын жұлдызшылығы да бар дейтін жұрт Күзекең туралы.

Қаныш Сәтбаев әрдайым ол кісіні жолсерік етіп алады екен, Қанекеңмен аса сыйлас болған екен деген әңгіме біздің бала көңілімізге айрықша әсер ететін. Сондықтан да болар, Күзекең тұлғасы біздің көз алдымызда биіктей түсетін. Жазушы Медеу Сәрсекеев іздеп келерден бес-алты жыл бұрын болса керек, қыс қатты болып, “Жетіқоңыр” совхозының бірнеше үйір жылқысы ығып кетеді. Жақын маңнан із түспейді. Жер аяғы кеңейе алыстан іздемекші болады. Жоқ іздеушілердің бір тобы машинамен, ал, Күзекең бастаған топ жарау атпен аттанады ғой. Ақыры совхоз жылқысы сонау Қарқаралы маңынан табылады.

Жоқты іздеген жалғыз өзі болмаса да жұрт жылқыны тапқан Күзекең дейтін, қоғам малының табылуын басқа емес, тек сол кісінің есімімен байланыстыратын. Қазір ойлап отырсам, Күзекеңнің сол кезде жасы 70-тен асқан. Кезінде, сонау отызыншы жылдары, Күзекеңнің Сәтбаевқа жол сілтеп, анау Қаражал, Шалқияға дейін жаhан даламен сапарға шыққаны бейне аңыз болып айтылса, енді мынау Қарқаралыға дейін атпен із кесіп баруы жолшылдығы емес пе?! Күзекең туралы біз білетін аңыз бен ақиқат осы. Әрине, қатардағы жәй біреу Жезқазған кенін тапқан ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа жолсерік, жәй ғана жолбасшы емес, сыйласы, сырлас досы болар ма?!

Бұл достығы, сыйластығы туралы Күзеубай Жидебаев әлгі өзін іздеп келетін Медеу Сәрсекеевтің жазған кітабында былай депті:

“… Қанекең екеуміз ағайынды кісідей дос болып кеттік. Бұл өңірде екеуміз кезбеген тау-тас, ат суармаған бұлақ, су бар дейсің бе, е, ол да естен кетпес өткенге айналды…Тобылғылы, Айбат, Миқайнар, Шалхия, Қаражалға дейін, бір шеті Манақа, Қызылтас, Қызылжарды сол сапарда-ақ түгел шарладық. Қанекең атқа шыдамды еді. Қасындағы серіктері ұзақ жүріске төзе алмай Жезқазғанға қайтып кеткенде сыр берген жоқ сабаз. Ақыр аяғында екеу болып араладық. Екі кісі әлденеше күн кең даланы еркін кезгенде айтылмайтын сыр бола ма? Менің айтқаным – ел әңгімесі, оқымысты жолдасымның сөзі – жер, дүние әңгімесі…” (“М.Сәрсекеев. “Сәтбаев”. Алматы, Жалын”, 1988 жыл, 126-127 беттер).

– Әкем қызық, кейде жоқ жерде әлдебір сұрақты қойып қалатын, – деп еске алады Күлиза Күзеубайқызы. – Мәселен, “Сендер осы ең биік тауды білесіңдер ме?” деген тәрізді тосын сауал беретін. Біз ол кісінің есеп-қисапқа жүйрік болғанмен, ескіше ғана хат танитын сауаты барын қызық көргендігіміз бе, кейде сол сауалына жауап таба алмаймыз ба, әйтеуір көбіне үндемей қалатынбыз. Сол сәтте ол “Ей, сендер осыны да білмейсіңдер ме?”деп бір жағы бізге ренжи әрі “үлкейген де бір бала” демекші, өзінің “көп” білетіндігіне масаттанып қалатын. Біз әкем осындай сауалдар қойғанда Қанекеңді ойына алып, өткен-кеткенді еске түсіріп отырғанын бірден аңғаратынбыз. Әлгі сұрағы да Сәтбаевтан естігендері, әйтпесе оқымаған адам қайдан білсін.

– Әке, Сәтбаевтың қасында жүргенде әр нәрсені көп сұрап әбден мазасын алғансыз ғой, сірә, – дейтінмін мен.

– Қасында айлап жүргенде айтылды ғой небір әңгіме, – дейтін әкем ойдан арыла алмаған күйде.

– Қаныш еңбекқор еді ғой. Ұзақты күн балғасын қолынан түсірмей түртініктеп жүруден бір жалықпайтын, ондай сәттерде оны мазаламаған ләзім. Ол кезде жас кезіміз ғой, “Қаныш” деп атын тіке атайтынмын. “Қаныш, жүрек жалғап, сусын ішіп ал”, – деп қана үн қататынмын. Қаныштың: “Ал, Күзеке енді әңгіме айтып демалайық” дейтің кезі болады. Содан кейін әңгіме тиегі ағытылады. Көп білетін ғұлама еді ғой, шіркін. Мені де сөйлетіп қоятын. Әсіресе, елдің өткен-кеткен әңгімесін, жер тарихын сұрайтын…” – осылайша қимастықпен әңгіме-дүкен шертетін еді әкем.

Көзін жұмғанша: “Әлгі жазушыдан хабар болмай кетт-ау”, жазамын деген кітабы неге шықпай жатыр? Қалаға барғанда кітап дүкендерін дұрыстап қарап па едіңдер?”, – деп отыратын. “Айтпақшы, Қанекеңді бала кезімде менің де көрегенім бар…” деп Күлиза апай біз күтпеген әңгіменің шетін суыртпақтады.

…Елу екінші жыл. Оқу енді басталған кез. Күлиза – алтыншыға, інісі Амангелді екінші сыныпқа барған сол жылы. Ымырт үйіріліп қалған мезгіл еді. Үй жанына “гүр” етіп жүк мәшинесі тоқтай қалды. Артынша “Күзекеңнің үйі осы ма екен?” – деген дауыс естілді. “Ой, мынау Қанекең ғой келген. Тез шам жағыңдар”, – деп Күзеубай сыртқа ұмтылған…

– Күзеке, тамаққа әуре болмаңыз. Осы шәй болады. Таңертең ерте аттанып кетелік. Сізді ала кетейін деп әдейі бұрылдым. Қаражал жаққа барамыз, – деп Қаныш шәй үстінде іс-сапар жайын сөз етті.

– Қанеке-ау, маған несіне әуре болып, жолдан бұрылдың. Маған “жүр” дейсің, мен онда барып не бітіремін? – деп күмілжіді әкем.

– Ол не дегеніңіз. Бір кезде өзіңіз бастап апарған жерлерде бүгінде не тындырып жатқанын көрмейсіз бе? Шынымды айтсам, өзіңізбен сөйлесіп-тілдескенше асығып келдім. Бірер күніңізді маған қиыңыз, менімен бірге қыдырып қайтыңыз.

– Қанеке, сен айтқанға қарсы болар мен бе. Менікі жәй әйтеуір айтқан сөз ғой… – деп ыңғайға тез көне кетті…

Күлиза таңертең оянғанда келген қонақтар да, әкесі де жатқан орындарында жоқ екен. Содан олар бірер аптадан соң бір-ақ оралды. Күндіз еді. Келе әкесі мал союдың қамына кірісті.

– Күлкен, Аман, менің сендерге әкелген сыйлығым бар. Өткен жолы кештетіп келіп, ұмытып кетіппін. Қане, бері келіңдер, – дегені қонақ көкенің.

Қонақ қандай мейірімді кісі, тіпті бала екеш баланың атын атамай, еркелеткені қызық көрінген оларға. Күлиза Амангелдіні алдыға салып, қонақ көкеге таянған. Қарындашы көп екен. Бетінде әдемі өрнектері бар. Қонақ көке алдыңдағы дорба-қалтаны да аша бастады. Ішіндегісі тастар екен.

– Аман, Күлкен, мынау жай тастар емес. Бұл – кен, елдің, жердің байлығы. Сендер өскен соң инженер болыңдар. Күзекеңе айтқанмын, амандық болса Алматыда өздеріңді оқытамын.

Қонақ көкелердің сол сөзі Күлизаның әлі есінде. Ал, ол кезде алған қарындаштарына мәз болысқан.

Қаныштың сол жолғы келіп-кеткені талай әңгімеге арқау болған. “Барған, болған жерімізде Қанекеңді күштілеп сыйлады”, – деп тамсана айтатын Күзекең. – Әлгі геологтар ғана емес, ауыл-колхоздардан да арнайы келіп, қонаққа шақырғандарда шек болмады. Қанекеңнің арқасында мен де біраз құрмет-сыйға бөленіп қалдым. Отырған жерде айтар әңгімесі қандай, домбырамен шырқатар әні қандай. Барғаннан қайтқанша той-думан болды. Маған баяғы атпен аралағандағы Қанекеңнің сол жерлердегі кен байлығы туралы айтқаны қиял тәрізді еді, осы сапарда сол қиялдың шындыққа айналып жатқанын өз көзіммен көріп қайттым. Қанекең кен барлаушылардың еңбегіне дән риза болып, көңілді оралды. Шіркін, біздің Қанекең жердің тілін білетін сырласы ғой”, – дейтін тамсанып.

Қанекең қайтыс болғанын естігенде әкем қатты қайғырды. Ауылдастары келіп көңіл айтты.

***

Ұлы Қанекеңнің асқақ тұлғасын сомдаған қаламгерлердің бірі және бірегейі — Медеу Сәрсекеев. Оның “Қаныш Сәтбаев” аталатын кітабының бір өзі неге тұрады?! Одан қалды жылдар өте келе жазушы қаламынан туған “Қуғындалған Сәтбаев” естелік-эссе кітабында да Қанекеңе қатысты жаңа деректер, кезінде онымен бірге жүрген абзал жандар жөніндегі мағлұматтар аса көп.

Жазушының: “…есті қарттың өзіме ұлағат етіп айтқан бір ауыз нақыл сөзі” деп отырғаны не нақыл сөз? Соны білмекке “Сәтбаев” кітабын қолға алған едік. Айтқандай-ақ, алғашқы бетін ашып қалғанда-ақ таныс есімге бірден көзіміз түсті. Оқи жөнелдік. Ол оқығанымыздан ұққанымызды бірер ауыз сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Тағы да бұл жолдарды кітаптан көшіруге мәжбүр болдық:

“Ұлытау өңірін аралаған сапарларымның бірінде “Жетіқоңыр” совхозында кезіктірген, ертеректе Қаныш Имантайұлына жолсерік болып, геологиялық саяхаттарда қасына ерген, мен жолыққанда тоқсанның өріне шыққан Күзеубай Жидебаев ақсақалдың әріден толғап, тұспалдай айтқан өсиет сөзі есіме оралды:

— Имантайдан туғанымен Қаныш көптің баласы болған азамат. Бір аудан, иа бір облыс емес, бүкіл қазақ еліне төл перзент, ортақ мақтаныш қой ол. “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген сөзді біздің халық осындай игі жайсаңдардың өнегесіне қарап айтқан, шырағым. Жақсы ниетпен жүр екенсің. Талабыңа нұр, жолыңа гүл жаусын! Бірақ, жүгің ауыр екенін сезетін шығарсың?— деп зерек қарт мені осы іске жебегендей біршама қайрап алып, келер сөзін түйдек-түйдек естірткен:

— Қаныштай асылдың ғұмыр шежіресін хатқа түсіремін деген талапкер неше түрлі өсімдіктің шырынын жинап, дала кезген бал арасындай бейнетқор болса керек-ті; Қаныш тапқан жер асты қазыналарын аралап, барлауда бірге болған айнымас серіктерімен талай күн, талай түн мәжіліс құрса керек-ті; Ғалымның артында қалған мұраларын зерттеп, ел жадында сақтаған аңыз-әңгімелерге құлақ түріп, ол жайындағы естелік-жазбаларды зейінмен қарап, қажеттісін сұрыптаса керек-ті; Осылайша аянбай тер төгіп, көне көздерден сөз теріп, халқы сүйген ер-азаматтың асқар таудай зор тұлғасын жүрегінде ұзақ толғаса керек-ті…”

Міне, Күзекеңнің жазушыға айтқан өсиет сөзі. Медеу Сәрсекеев “Сәтбаев” кітабының “Автордан” деп атаған кіріспесінде оның осы өсиет сөзін келтіре отырып, “ өзі төкпе шежіреші, есті егде, зерек қарт” деп атаған Күзекеңді өзінің рухани тәлімгері деп білетінін, оған тәнті бола түскенін ұғар едік.

Әттең, амал не, Күзекең қарт өзі пір тұтар жан туралы жазылған “Сәтбаев” ғұмырнамасындағы “…Сол күннен бастап Қанекең екеуіміз ағайынды кісідей дос болып кеттік. Бұл өмірде екеуіміз кезбеген тау-тас, ат суармаған бұлақ, су бар дейсің бе, е, ол да естен кетпес өткенге айналды…” – деп өзі айтқан естелік жолдарды оқи алмады. Кітап көп тосқауылдарға ұрынып, тым кешігіп шықты. Күлиза апайдың әңгімесін тыңдап отырғанда Күзекең бұл кітаптың шығуын асыға күткенін, соны армандағанын аңғарамыз.

– Әкем өмірінің ақырғы айларында тым мазасыз болып кетті. Біреу Жезқазғанға баратынын біле қалса, оны міндетті түрде қасына шақырып алып, бір сөзін қайта-қайта ежіктеп тапсыра беретін. Сондағы айтатыны: “Қаладағы кітап дүкендерін бірін қалдырмай арала. Сәтбаев туралы кітап шықты ма екен, соны сұрастыр. Өткенде де біреулерге тапсырып едім, сол неменің жалқаулығы ұстады ғой деймін. Әйтпесе ол кітап ендігі шықса керек еді… Қаныштай асыл жанның есімі із-түссіз өшпек емес. Кітапты дұрыстап қара. Оны Медеу бала жазуға тиіс”, — дейтін әкем. Мен ауылда мұғаліммін, “Қалаға барып кел” деп мені де талай мазалағаны бар. Сондағы бар тапсырмасы Сәтбаев туралы кітапты алып кел деу. Біз ойлайтынбыз, бұрынғы сабырлы кісінің бұл мазасызданғаны үлкейгенінің әрі науқасының әсері ғой деп. Енді қазір ойлап отырсам, әкем онда көрер жарық күні аз қалғанын біліп, өмірінің ақырында өзі аса қадірлейтін жан туралы жазылған кітапты қолына бір ұстауды армандаған екен ғой… — деп көзіне жас алған еді Күлиза Күзеубайқызы.

Шахмұрат Ибадатов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.