Өнерім – өмірім

Осы жерде туып, кіндік қаным осы жерде тамды. Ақ бантик таққан бала кезім, думанды, берекелі С.Сейфуллин, Клубная, М.Әуезов, Садовая, Ш.Уалиханов, Амангелді көшелерінде өткен жастық шағым әлі көз алдымда. Весовая поселкесіндегі №10 мектепті менің киелі мектебім деп санаймын. Сол мектепте 8 сыныпты бітіргеніме биыл 40 жыл толыпты.

Рудник поселкесіндегі «Жастар және жұмыскерлер» атты №2 кешкі мектепте 9,10,11 сыныптарды оқи жүріп, жұмысқа араласып кеттім. Бос уақытымда сол Рудниктегі кеншілер клубындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Ақын ағамыз, термеші, жыршы Шынболат Ділдебаевтың басқаруымен біраз ауылдарға, малшы-шөпшілерге барып концерт қойып жүрдік. Атап айтсам, Жезді, Қарсақпай, Байқоңыр, Ұлытау, Сарыкеңгір, Амангелді, Қаракеңгір, Урожайный, Шеңбер, Жетіқоңыр, Терісаққан т.б. Осылай Сарыарқа даласында ән салып жүріп көп ұлағатты кісілермен танысып, табақтас болып, алғыстарына ие болдым. Өнерде шыңдалып облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері болдым. Аймақтық «Ұлытау үні» фестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы атандым. 1968 жылы Жезқазғандағы тоқыма фабрикасының ашылуына байланысты Беларуссияның Витебск қаласында 1 жылдық курсты бітіріп келдім. Ол кезде де фабриканың көркемөнерпаздар үйірмесі болды, сол ұжымның атынан талай байқауларға қатысып жүлдеге ие болдым. Жезқазғанда қалалық партия комитетінің, кәсіподақтың басқаруымен құрылған «Ұлытау» ансамблінде ән салдым. Кейін өзіміздің Никольский, қазіргі Сәтбаев қаласында Шынболат Ділдебаев ұйымдастырған «Арман» ансамбліне шақырылып, ансамбль тарағанша сонда ән салдым.

«Арманмен» талай жерді концерттік бағдарламамен араладық. Алматы қаласында, Ташкент қаласының 2000 жылдығы, т.б. көп жерлерде өнер көрсеттік. «Халық ансамблі” деген атақ алдық. Кейіннен қаламызда мәдени-ағарту училищесі ашылғанда «дирижер-хоровик» бөліміне түсіп, үздік бітірдім. 1984 жылы қаламыздағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Сарайда көркемдік жетекші болып қызмет жасадым. Кейіннен ол Сарай жабылып, қалалық мәдениет бөліміне аға маман болып келдім. Талай-талай қызықты мәдени шаралар ұйымдастырып, бірнеше шәкірттер тәрбиелеп, қаланың қоғамдық-саяси, мәдени өміріне өзіндік үлесімді қостым деп ойлаймын.

Қазір құрметті демалыстамын. Соның өзінде іс-шараларға шақырса қатысып тұрамын. Қаланың барлық тұрғындарын, бұрынғы әріптестерімді біз үшін ең қуанышты мереке – қала күнімен құттықтаймын. Ең бірінші денсаулық болсын. Еліміз, жеріміз көркейе берсін!

Зоя Иманбаева, мәдениет саласының ардагері.

Комментарии закрыты.