«Менің де қолтаңбам бар»

Қырық жылдық мерейтой қарсаңында қаланың барлық саласын мүмкіндігінше қамтуға тырыстық. Оның демографиялық ахуалы да назарымыздан тыс қалмады. Осы мақсатта біз Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қалалық АХАЖ қызметінің ардагері Раушан Кантееваға жолығып, қаламызда азаматтардың хал актілерін жазу бөлімінің құрылуы және қалыптасуы жайлы әңгімелескен едік.

– Мен кеншілер қаласы алғаш ашылып, қауырт жұмыстар жүріп жатқан жылы, яғни, 1974 жылы осы жаққа жұмыс бабымен келдім. Мамандығым мұғалім болғандықтан, Жезқазған кентіндегі №7 мектепке қазақ сыныптарына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруге жіберді. Екі жылдай мектепте мұғалім болдым. Одан соң қалалық білім бөлімінде инспектор болып қызмет еттім. Осы жұмыста жүргенімде қалалық атқару комитеті қызметке шақырды. Менің АХАЖ қызметіне деген ықыласым осы кезеңдерден бастап ауды, – деп еске алады сол бір қызыққа толы жастық шағын Раушан Өмірбекқызы.

Атқару комитетінің негізгі жұмысы тұрғындардың әлеуметтік саласына жақын болғандықтан, Раушан Кантеева қаладағы неке және отбасы мәселесіне қатысты шараларға жиі қатысатын. Әсіресе неке қию рәсімі оны қатты қызықтырды. Осы қызығушылық оның неке қию ісімен айналыссам деген құмарын оятты.

– Ол кезде қалалық АХАЖ бөлімін Лидия Онигдюк басқаратын. Өз ісіне мығым, жаңалыққа жақын жүретін Лидия Ивановна түрлі кештер өткізуді әдетке айналдырды. Атқару комитетінің қызметкері болғандықтан, ондай шараларға үнемі мені шақыратын. Кейбір кездері менің өзім сондай істерге мұрындық болдым. Онымды құптаған Лидия Онигдюк маған сценарийлер жаздыратын болды. Уақыт өте келе АХАЖ жұмысына ауыссам деген ой жатсам да, тұрсам да кетпей қойды. Ақыры, сол жылдары атқару комитетінің төрағасы болған Мұзараф Ахановқа ойымды жеткіздім. Ол кісі қарсы болған жоқ. Сөйтіп 1983 жылы, яғни Сәтбаев қаласы өзінің он жылдығын атап өтетін жылы мен қалалық АХАЖ бөліміне қызметке ауыстым, – дейді Раушан Өмірбекқызы.

Алғашқыда бөлімнің қатардағы қызметкері бола жүріп, ол өзін жан-жақты, іскер маман екенін көрсете білді. Қалада жазғы, күзгі, қысқы үйлену тойларына орай тақырыптық, танымдық кештер ұйымдастырылды. Оларға жаңадан отау құрған жас отбасылар мен күміс, алтын той иелері шақырылды. Шаңырағы биік, босағасы берік отбасылардың иелері жастарға ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеп, жол көрсетті.

– Әлі есімде, мен АХАЖ-ға келген жылы біз қазір халық банкін басқарып отырған Фюза Куликованың некесін қиып, қолына неке туралы куәлікті салтанатты түрде ұстатқан едік. Қазір сол Фюзаның баласы үйленіп, отау құрып жатыр. Сондай-ақ, аймағымызға белгілі қолөнерші-суретші Шәді Қиянбековтың некесін қиғаным есімде.

Ол кезде қалада некеге тұрушылардың саны көп болатын. Ал, ажырасушылар 20-30 проценттей ғана еді. Қазір керісінше. Үй болып, үйленгендердің 60-70 процентінің некесі бұзылып жатады, – деген өкінішін де білдірді АХАЖ саласының ардагері.

Қала таихына қолтаңбасын қалдырған, жиырма жылдан астам АХАЖ саласында қызмет еткен Раушан Өмірбекқызы бұгінде зейнет дамалысында. Сонда да болса қаламыздағы отбасы және неке саласын жандандыруға өзінің үлесін қосып келеді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.