Ата-ана махаббаты бала үшін маңызды

Бала – ата-ананың ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңі. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл- парасатты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Отбасы күніне орай №27 орта мектебінде ата-аналарға арналған тренинг ұйымдастырылды. Тренингті мектеп психологы Р.Алиева сынып жетекшілерімен бірлесіп жүргізді. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, тәрбиенің ошағы – отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екенін, баламен қарым-қатынасты жақсарту, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу.

Рита Советқызы тренингті халқымыздың даналары айтқан нақыл сөздерімен бастап, одан әрі түрлі жаттығулармен жалғастырды. Мәселен, «Мен үшін қымбат …» ой қозғауы арқылы ата-аналардың ойларын білді. «Бала деген кім?» сауалына нақты жауаптарды алды. «Жүректен шыққан жылы сөз» деп аталатын жаттығу арқылы ата-аналардың тілектерін тыңдады. «Мейірімділік шуағы» арқылы ананың келбетін күнге теңетіп, одан шыққан сәулелерге ананың бойындағы жағымды қасиеттерді жаздыртып, ойларын білді. Сонымен қатар, ата-аналардың берген жауаптарымен баланың жазған нұсқасын салыстырды. Балаларының жағымды және жағымсыз қасиеттерін тренингке қатысушы ата-аналар қағаз бетіне түсіріп, жоба түрінде жұмыс жүргізді.

Қорытынды бөлімді Рита Советқызы «Жүректен – жүрекке» деп атап, жүрек пішіндес қоржынға тілек жаздыртты. Жазған ниеттерін ата-аналар бір-біріне ауызша да білдірді. Тренинг соңында ата-аналар осындай игі істің алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестіктерін білдірді.

Ата-ананың аялы алақаны, ыстық ықыласы мен пейілі қашан да баланың жұдырықтай жүрегінен маңызды орын алады. Ендеше, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпағымызға жылылық пен махаббат сыйлай білейік!

Ж.Баймұханова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.