Бітімі бөлек бозекең

20130913-06-1Осыдан елу жеті жыл бұрын… Жезқазған кен басқармасының директоры Мұхит Құлжанұлы Бөпежановтың кабинетін ағайынды екі жігіт имене аттады. Олар ағайынды Бозтай және Жақсылық Аяпбергеновтер болатын.

Келген мақсаттары кен өндірісіне араласып, жұмысқа тұру екенін айтқан жастарды тыңдаған директор олардан  қандай мамандықтары бар екенін сұрады. Екі жас бір-біріне қарады. Не айта қойсын? Ауыл баласында қайдағы мамандық? Бірақ, тосылып тұра беретін уақыт па?

– Аға, біз колхоздың қара жұмысынан басқа ештеңе де білмейміз, сондықтан, осында мамандық игеруге келдік, –  деді олардың бірі. Ересектеу екені көрініп тұр. Батылдау сөйлейді екен. Оның сөзі директорға ұнап қалды.

– Ендеше, беттеріңнен қақпайын. Сырдың бойынан әдейілеп келген екенсіңдер, сендерді кері қайтарғанымыз мұндағы бізге де сын болар. Ауылдарыңа қайтып барсаңдар, өздеріңе де ыңғайсыз болар  әрі ел арасындағы сөзуарлар “құдайдың қара жұмысы да жоқ па екен, атағы дүркіреп жатқан Жезқазғанда” деген әңгімені бықсытып, еліміздің әр қиырынан осында жұмыс істеуге ниет білдіріп жатқан жастардың жолын кесіп тастар. Сондықтан, сендерді жұмысқа қабылдауға мәжбүрмін, – деп жылы жымиып қойды. Директордың түсіністік танытқанына бұлар шын жүректерімен қуанды. Сөйтіп, “Покро” шахтасына жұмысқа кірісті. Дәрі аттырушы дейтін мамандық бар екен, соған үйренуші етіп қабылданды. Кен басқармасы жанынан кен өндірушілерді оқытатын курс ашылды, екеуі де соған жазылды. Ықылас пен ынта болса, бәрін де үйренуге, барлығын да меңгеруге болады екен. Көпке бармай-ақ ағайынды Аяпбергеновтердің атағы жақсы жағынан шыға бастады. Мақтайтындар олардың еңбекқорлығын, адалдығын баса айтатын және олардың сонысына сүйсініспен қарайтын. Шахта бастығы өзі құралпас жігіт екен, есімі – Кәкімбек Салық көрінеді. Алматыдан институт бітіріпті. Өлең жазатын ақындығы бар ма, қалай? Бозтай ақын болмаса да, Сырдың сүлейлерін көзі көрген, олардың терме, толғауларын, ғибратты сөздерін жаттап өскен жігіт емес пе? Шахта бастығы екеуінің тез тіл табысып кетуіне мұның да әсері тимей қалған жоқ.

Сондай бір жадыраңқы шақтардың бірінде Кәкімбек Бозтайға оқудың ешқашан кеш болмайтынын айтқан еді. Сол ақылға ден қойған Бозтай Жезқазған кен техникумына оқуға түсті. Жұмыс та істейд, оқу да оқиды. Қиын соққаны рас. Бірақ, қиындықта шыңдалмаса жігіттің жігіттігі байқала ма? Кейін Қазақ Мемлекеттік Университетін сырттай оқып бітірді.

Еңбекке берілген, көппен сыйласа білетін жігіттің күн санап жүрген ортасында абырой, беделі өсіп келе жатты. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Қатты сөзге жоқ болса да, өздерін толғандырған мәселені басшылық алдына жеткізе біледі. Міне, көпшіліктің Бозтайды кәсіподаққа да, партия ұйымына да “тықпалай “беретіндігі сондықтан еді. Кеншілер “басшылықтың санасатын ұйымдарының арасында өзің жүрсең, біздің көңіліміз де тоқ болады” дейтін әзілді-шынды сөздерінде өзіне үлкен сенім артылып тұрғанын жақсы түсінген Бозтай  сол сенімнің үдесінен шығуды жадынан еш шығармайтын. Кейін кеншілер оған сенім білдіріп шахта кәсіподақ комитетінің тізгінін тапсырды. Осы қызметті атқара жүріп, ол шахта маңын көгалдандыру дейтін бұрын ешкімнің қолы тимеген шаруаны қолға алды. Алғашында “мынау бұл жерге гүл еккелі жүр, шамасы парк пен шахтаны ауыстырып алса керек” деп күңкілдегендер де табылмай қалмаған. Бірақ, көпшілік Бозтайдың бекер шаруаны бастамайтындығын білген. Солай болып шықты да.

Бойында ұйымдастырушылық қабілеттің бұғып жатқанын аңғарған басшылық оның халықтың мұң-мұқтажына шын жүрегімен ауыратындығын байқаған соң, Жезқазған поселкелік тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мекемесінің  бастығы қызметіне тағайындады. Бұл адамдардың айтар алғысынан гөрі айқайы көбірек естілетін сала екені жасырын емес.  Барғысы да келмеген. Коммунист екенін есіне салған соң, тартына алмады. Бұл 1972 жыл болатын. Араға бір жыл салып Никольский поселкесіне қала мәртебесі берілді. Қаланың аты – қала. Және енді ғана өмір айдынына бет түзеген қала болғандықтан,  алғашқы сәттерден бастап-ақ шаруаның оң болғаны абзал.  Қаланың коммуналды қызмет саласын кімге тапсырамыз дегенде бәрінің де таңдауы Б.Аяпбергеновке келіп тірелді. Жезқазған поселкесі Никольский қаласының құрамында қалғандықтан,  қала мен поселкені бір-бірінен бөле қарастыруға болмайтын. Бозкең поселкенің де коммуналды қызмет саласына көз қырын сала жүрді. Бір бесжылдық бойына коммуналды қызметті  мінсіз атқарған Бозтайды алда одан да жауапты қызмет күтіп тұр екен.

Жезқазған поселкелік Кеңесі атқару комитетінің төрағалығына ұсынғанда ашық бас тартты. Бірақ, Иван Васильевич Резник есімді көнекөздердің бірі оны тәубесіне тез түсірді.

– Әрине, тұтас поселкенің тағдырын мойынға алудың ауыр екенін білеміз. Сондықтан да, бас тартып тұрғаныңды түсінуге болатын сияқты. Егер мұнда сырттан келсең,  сөз басқа! Ау, Бозтай Аяпбергенұлы, сен онсыз да бес жыл бойы осы поселкені басқарып келе жатқан жоқсың ба? Біз бүгін тек соны ресми түрде бекіткелі ғана отырмыз, – деген И.Резниктің сөзі астарлы шықты. Депутаттардың көпшілігі, бірақ, оның нені меңзеп тұрғандығын бірден түсінді. Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тәрбиесін көрген Иван Резник терең кісі еді. Сөзін де тереңнен тартып тұрғаны сондықтан болатын. Ол Бозтайдың тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мекемесін басқарған кезеңде халық арасында үлкен құрметке бөленгенін, ел ағасына айналғанын, поселкедегі кез келген шаруаның басы-қасында жүргенін меңзеп тұр еді. Тағы да тартынудың реті келмеді. Әрине, Кеңес жұмысының аясы кең. Бұрын тек коммуналды қызметке ғана жауапты болсаң, енді күллі поселкенің тіршілігіне қарайсың. Жеті жыл поселкелік Кеңесті басқарды.  Нақ осы жылдары  ол Бозтайдан Бозекеңе айналды. Тіпті, үлкендердің өздері  атын атамай “Бозеке “деп жатқанда  қысылып қалатын. “Аға, сіздің жасыңыз үлкен ғой, Бозтай дей беріңіз” деп кішілік танытатын. Бірде солай айтамын деп, қариялардың бірінен  сөз естіп қалды.

– Қарағым, сенен жасымыздың үлкен екенін айтпасаң да білеміз ғой. Кісінің көңіліне қарамайды екенсің, біздің қартайып қалғанымызды бетімізге басқың келе ме?,  – деген сөзді естігенде кәдімгідей сасып қалсын. “Сасқан үйрек артымен жүзедінің” кебін киді де қалды. Оның қысылып қалғанын байқаған әлгі кісі :

– Жә, абдырама! Әзілдеп жатқаным ғой. Біз сені атыңмен айтқымыз келсе, ешкім тілімізден қағып жүрген жоқ. “Бозеке” десек, жақсы көргесін, ісіңе, кісілігіңе риза болғандықтан айтамыз. Адамның адамшылығы, кісілік келбеті оның жасының үлкендігімен өлшенбейді. Сенің бітімің бөлек екен. Дәйім елдің көңілінен шығасың. Біз соған ризамыз. Сондықтан, құрметтеп, қадірлеп “Бозеке” дейміз, оған қысылып-қымтырылудың еш жөні жоқ. Қайта мұны поселке халқының өзіңе берген құрметті атағы ретінде қабылда да, жүре бер, – деген сол қарияның сөзінен өзіне деген ел көңілін ұққандай болған оның көңілі шуақтанып сала берген еді.

Халықтың ыстық құрметіне бөленгеннен артық ештеңе жоқ екендігі ақиқат. Ел қадірлеп, төрінен орын ұсынып, төбесіне көтеріп жатса, адами бақыт деген сол. Бозтай Аяпбергенов осындай бақытты көзімен көріп, жанымен сезініп келе жатыр. Сонау жылдары Сыр бойынан Арқаға жұмыс іздеп келіп еді, енді, міне, адал қызметінің арқасында ел іздейтін тұлғаға айналды. Бәрі де еңбектің, адалдықтың арқасында. Бозекеңнің басқалардан өзіндік бір ерекшелігі де  бар.  Әдетте бұл жайында көп айтыла да бермейді. Бұл – Бозтай Аяпбергеновтің  1959 жылдан бастап елу жылға тарта  халық сенімін арқалап, депутат болғандығы. Егер халық қаламаса осыншама жыл депутат атанып, елдің сөзін сөйлеп, мәселелерін шешуге атсалысар ма еді? Бұл тұрғыдан Бозекеңді Гиннесстің кітабына енгізсе болатындай-ақ.

Ол 1984 жылдан 1995-тің күзіне дейін Никольский, қазіргі Сәтбаев қаласының тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мекемесіне басшылық жасады. Қызметі халқының көз алдында болды. Бұл жылдар аса ауыр кезеңге тура келді. Қайта құру саясаты басталғанда үлкен үмітпен қарсы алған халық көп ұзамай-ақ  мұның соңы жақсылыққа жеткізбейтінін түсіне бастады. Өйткені, бұрынғы қалыптасқан жүйелі жұмысқа жарықшақ түсті. Істен гөрі сөз белең алды. Бұрын кім жақсы жұмыс істесе сол дәріптелетін болса, енді кім екпіндеп сөйлеп, қолын көбірек сермесе соның айдарынан жел есті. Қолы бос болғасын әрлі-берлі сермемегенде қайтеді? Осындай жағдайда жұмыс істеу өте қатты қиыншылықтар тудырғанына қарамастан, Бозекең өзі басшылық жасап отырған мекеменің жұмысын ақсатып алмауды қатты  ойлады. Осы мақсатта  “Жезқағантүстімет”        ғылыми-өндірістік бірлестігінің мүмкіндіктерін қала шаруашылығына барынша мол пайдалана білудің жолдарын қарастырды. Қосалқы шаруашылық ұйымдастыруды қолға алды. Бұның керектігі сөзсіз еді. Өйткені, дүкен сөрелері жұтаң тарта бастаған шақта өз қотырыңды өзің қаситын күннің жақындап келе жатқанын аңғарғандықтан да сондай қадамға баруға тура келген. Әйтпесе, қосымша жұмысты, қаржыны талап ететін істің ауырлығы айқын еді, салмағы күшке түсетіні анық-тын. Қарамағында  жұмыскерлерді азық-түлікпен, көкөніспен  қамтамасыз етудің бір жолы табылғаннан қуанған сонда ол. Егер уақыт талап етсе, қандай іске бармайсың? Әрине, халыққа пайдасы тиетіндігін сезінсең.

1995 жылы қалаға жаңадан келген басшы Бозекеңнің қызметтен кеткенін қалады. Жұмысынан мін таба алмаса да, жоқты сылтау етіп, ақыры “өз өтінішімен” қызметінен кетіріп тынды. Оның өзінше “дұрыс жасадым” деп ойлағаны күмәнсіз. Бірақ, дұрыс жасамағанын оның көзіне айтқан кісі де болды. Ол  ақын Сайлаухан Нәкенов еді. Турашыл, әр нәрсеге ар көзімен қарайтын Сәкең Сәтбаевта өткен бір жиында қала басшысына “Талабың оң болсын,  қызметіңе сәттілік тілеймін. Бірақ, жұмысты қателесуден бастапсың, мұныңа ішімді тартып қалдым. Келе сала Бозекеңді ысырғаның дұрыс болмады, інім.  Бозекең – осы қаланың берекесін енгізіп, бірлігін нығайтып отырған ырысы ғой.  Ырысыңды өз қолыңмен төгіп алғаның қалай? Өзіңе сүйеу болатын адамды алыстатып жібергеннен ертең өзің таяқ жеп, опынып жүрме” дегеніне куә болып едік. Сайлаухан ағаның бұл лебізінен Бозтай Аяпбергеновтің тұлғасын тануға болатындай. Өйткені, ақын көзі қырағы – аңғарғыш келеді, ақын жүрегі сезімтал – болжағыш келеді. Ақыры, Сәкеңнің айтқаны келді. Қаланы екі-үш жыл басқарған әлгі басшы артына бір жақсы із қалдырмастан кеткенін де көзіміз көрді.

Қазақта тектілік дейтін тамаша ұғым бар. Бозекең текті топырақтың тумасы. Әкесі Аяпберген дүниеден өтерінде қасына бала-шағасын жинап алып: – Менің кетер күнім жетті білем. Сендерден сұрайтын жалғыз өтінішім бар, бұл – адалдық пен қайырымдылық әрқашан жандарыңа серік болсын, – деп кеткен екен. Әке аманаты Бозекеңнің өмірлік ұстанымына айналған тәрізді. Сол ұстаным оны абырой мен беделдің биігіне көтерді. Баяғыда Жақсылық екеуі бұрын-соңды көрмеген, білмеген жерге қалай қорықпай келгеніне кейін ара-тұра іштей таң қалатын. Шіркін, жастықтың күші-ай… Сол жер бақытының бесігіне айналды. Сәтбаев қаласы көзінің алдында қанатын кеңге жайды. Соны көріп қуанады.  Өйткені, бұл біркісідей еңбегі сіңген, тері төгілген қаласы емес пе? Жүрегі қаланың ертеңінің қазіргіден де жарқын бола түсеріне сенеді. Өйткені, бұдан да қиын уақыттарды бастан өткеріп, соларды өз қолдарымен жеңіп шыққан ұрпақтың өкілі ғой ол!

Абдолла ДАСТАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.