Аққан жұлдыз

20130913-04-1Былтырғы жылы «Кеншілер даңқы» алаңында «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ақын Абдолла Дастановтың бастамасымен «Сандуғаш сайраған сәнді өлкем» тақырыбында поэзия сағатын өткізу қолға алынған болатын. Кенді қаламыздың асыл да ардақты азаматтарының өмірі мен шығармашылығын, олардың артына қалдырған жыр-жауһарларын келер ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан поэзия кеші кен өндірісі алыптарының бірі – Садық Асатовтың шығармашылығына арналды.

Қатпар-қатпар тастардың арасында жүріп, қаламын жанына серік еткен абзал азамат биыл көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Қаланың Құрметті азаматының сексен жылдығы қаламыздың 40 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Өмір өткенімен, өлеңнің өлмейтінін ұғынған Садық Асатовты кеншілердің арасынан шыққан жыр-маржанның оғланы деп атасақ та жарасады.

Ол білікті кен инженері, іскер басшы болумен қатар, сыршыл ақын болды.

Кеш барысында Асатовтың жыр-маржандары, ол жайлы көзін көргендердің естеліктері толассыз ақтарылды.

Кештің шымылдығын Ж.Сейілов пен Ш.Ділдебаевтың шығармашылығынан туған «Сәтбаев – достықтың қаласы» әнімен Зоя Иманбаева ашты.

Поэзия сағатын жүргізген А.Дастанов әуелі ақынның өмір жолына қысқаша шолу жасай келе, алғашқы сөз кезегін кеш кейіпкерінің досы, КСРО және Қазақстан Республикасының үздік дәрігері Зікірия Жанысбаевқа берді. – Өмірде жаны жайсаң, ақ адал көңілімен ұлтына, халқына жаны ашып, қамқорлық жасайтын жандардың қатарын өте сирек көрдік. Сәкең мені әрі інісіндей, әрі досындай көріп, сыйлап жүретін. 1956 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын аяқтаған соң, еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастады. Еңбекке адалдығының арқасында ірі кәсіпорындардың басшылығына дейін көтерілді. Жезқазған кен-металлургия комбинатында ауысым шебері, шахта учаскесінің бас инженері, Солтүстік және Батыс кеніштерінің директоры қызметтерінде болды. Жәйрем кен-металлургия комбинатына да басшылық жасады. Еңбегіне қарай жоғары марапаттарға ие болды. Үнемі адалдықты серік етті. Білікті басшылығының арқасында Жәйремді жайнатса, ақындық қасиеті тұрғысында кіршіксіз пәк сезімге толы поэзияда өшпес жыр-маржандарын қалдырды. Небары 55 жас ғұмырында Толағайдың ерлігіндей іс қалдырған Сәкеңнің алар асулары алда еді. Өкінішті, аққан жұлдыздай жарқ етті де сөнді. Артына өшпес із қалдырған Асатов әлемі ұрпақтар сабақтастығы барда өшпейді деп сенемін, – деді Зікірия ағай.

Садық Қасымұлы бір кездері дүркіреп аты шыққан «Төртіншіде» еңбек етіп, еліне үлес қосқан азамат. Бүгінде карта бетінен өшкен ауылдың кешегісін өзінің көзі тірісінде термеші-жыршы, ақын Ш.Ділдебаев «Төртіншім» термесі арқылы әсем әнге айналдырды. Ал, сол әнді поэзия сағатында Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің оқушысы Дәуіржан Жапаров орындады.

Садық Асатов бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясының және СОКП-ның ХХVІ съездіне делегат болып сайланды. Кремльдің төрінде өткен одақтық жиынға қатысқандардың қатарында сол кезде Батыс Жезқазған кенішінің кен көтеру машинасының құлағында ойнаған Зейнеп Әбілбекова да болатын. Зейнеп апамыз да ақын әрі кенші. Кеш барысында З.Әбілбекова кен өндіріс саласында ағалық ақылын білдірген Асатовтың қамқорлығын, оның еңбекке деген сүйспеншілігін өлеңмен өріп, тарихқа кеткен жылдарды еске алды.

Оның поэзиядағы сұңғыла жырлары сүйсініп оқитын оқырманы барда өміршең. Әсіресе, жас ұрпақ Асатов әлеміндегі жауһарларды жанына серік етіп, рухани азық алса оның өлеңдерінің өлмейтіндігінің белгісі емес пе?! Осы орайда №3 орта мектептің бір топ оқушысы ақынның жырларын оқып, жұртшылықтың көңілінен шықты.

«Сыршыл адам досқа бай келеді» демекші, Асатов Н.Тілендиев, Е.Хасанғалиев, Т.Молдағалиев, Б.Төлегенова сынды елімізге танымал өнер тарландарымен жақсы достық қарым-қатынаста болған деседі көзі көргендер. Кеш аясында М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған Н.Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнін С.Серкебаева көпшілікке тарту етті.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Садық Асатовтың інісі Яхия Асатов ағасы жайында ой толғап, оның өмірде қандай жан болғаны жайлы естеліктерін, оның өзі басқарған кеніштердің алдыңғы қатардан көрінуіне қосқан үлесі жайында жеткізді.

Осы кештің өтуіне бірден-бір көмек қолын созған қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова да сөз алып, кешке белсенділікпен қатысқан оқушыларға қала әкімінің Алғыс хаты мен ақынның «Сәлем де Кішітаудың Серегіне» атты кітапты тапсырды.

Жүргізуші Жезқазғанның тумасы, қазіргі күні Көкшетау қаласында тұратын Иран Ильяшовтың хатын оқып, «Асатовтың аманаты» атты өлеңімен кеш шымылдығын жапты.

Сарыарқаның сайын даласында Жәйремдей қаласы, поэзияда бояуы қанық жырлары қалған Асатовтың есімі ел есінен өшпек емес.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.