Жылдар жаңғырығы

20130913-10-1Дүйсенбі күні қаламыздағы №16 орта мектептің мәжіліс залында кеншілер қаласының 40 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шара болып өтті. Ол қаламыздың жылнамасы іспетті «Сәтбаев қаласы: 40 жылдық белес» атты жинақтың тұсаукесеріне арналды. Оған Сәтбаев қаласының әкімі, қаланың Құрметті азаматтары және жастары қатысты. Тұсаукесер салтанатын қала әкімі Әнуар Омар сөз сөйлеп ашты.

– Қаланың 40 жылдық тойы қарсаңында біз өткен өмір жолдарымызды тағы бір рет көз алдымыздан өткізіп, оны қағаз бетіне түсірген едік. Әрине, 40 жылда атқарылған істердің бәрін бір кітапқа сыйдыру мүмкін емес. Қала өміріне қатысты әр саланы еледік, екшедік. Нәтижесінде бүгін өздеріңіз тұсаукесеріне куәгер болып отырған жылдар жинағы – «Сәтбаев қаласы: 40 жылдық белес» атты кітап жарыққа шықты, құтты болсын, – деп түйіндеді әкім өз сөзін.

Салтанатта аталмыш жинақты құрастыруға мұрындық болған Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағат мекемесінің  директоры Айгүл Төлендина баяндама жасап, кеншілер қаласының қалыптасу, өсіп, өркендеу кезеңдерін қысқаша шолып өтті.

– Бұл басылым Сәтбаев қаласының 40 жылдығына арналған. Жинақта мұрағат құжаттары, мерзімдік басылымдар мен фотоқұжаттар негізінде орын алған қала тарихының әлеуметтік-экономикалық дамуы және қалыптасу жолдары баяндалған, – дейді Айгүл Төлендина.

Бұдан соң кеншілер қаласының қалыптасуы мен өсіп, өркендеуіне атсалысқан, қаланың 40 жылдық тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған азаматтар сөз алды. Қалалық атқару комитетінің алғашқы төрағасы Тұрмағанбет Исмағұлов, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін атқару комитетінің төрағасы болған Мұзараф Аханов, 10 жылға тарта басшы болып, өтпелі кезеңде қаланы өкпекке ұрындырмай, жаңа қоғамдық жүйеге қалыптастыра білген Қанат Балмағамбетов сөз сөйлеп, өздері басқарған жылдардың ерекшеліктері мен шыққан биіктері жайлы қысқаша әңгімелеп берді.

Тұсаукесер салтанатында қала әкімі Әнуар Омар жаңа жинақты Құрметті азаматтарға өз қолымен сыйға тартты. Жалпы, кешке келген қонақтар жылдар шежіресінен құрқол қалған жоқ.

Салтанатта қаламыздың өнерлі жастары ән-жырдан шашу шашты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.