Тәні саудың – жаны сау

20130913-10-2Өткен сенбі күні орталық алаңда «Денсаулық фестивалі — 2013» республикалық кең ауқымды акция өтті. Аталмыш акцияның мақсаты – қазақстандықтар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және дәріптеу, соның ішінде дене белсенділігімен және спортпен шұғылдану, тиімді тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту және өз денсаулығына деген үлкен жауапкершілікті сезіндіру.

Еліміздің ұзақмерзімді «Қазақстан – 2050» даму стратегиясының ең маңызды басымдықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты, оны жүзеге асыру негіздері және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатта елімізде жыл сайын денсаулық күні өткізіліп келеді. Әсіресе, 1999 жылдан бастап қыркүйек айында республиканың барлық өңірлерінде шынайы денсаулық мерекесі болатын «Денсаулық Фестивалін» өткізу дәстүрімізге дендеп енді. Осы жақсы іс биыл да өзінің жарқын жалғасын тауып отыр.

«Денсаулық фестивалі – 2013» республикалық кең ауқымды акция биыл «Денсаулығым керемет – жаттығуға көп рахмет» деген ұранмен өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен қалалық шараға мекеме, ұжым қызметкерлері, қала мектептері қатысып, белсенділік танытты.

Аталмыш акцияда Әнұран ойналып, ұлттық рух шарықтады. Бұдан кейін жұртшылық салтанатты рәсімнің куәсі болды. Онда қала әкімі Әнуар Омар жұртшылықты денсаулық мерекесімен құттықтады.

– Адам бақыты – денсаулықта. Ал, дені сау азаматты тәрбиелеуде спорт пен дене тәрбиесінің алар орны ерекше. Өткен жылы ғана елімізді әлемге тағы бір мәрте паш еткен Лондон олимпиадасында қанжығаға байланған жүлделер осы Елбасымыз қолдаған спорттың жемісі. Алаш баласының айбынын асқақтатқан байрақты бәсекеде 7 мәрте шырқалған Әнұран күллі қазақ халқының рухын көтерді. Ертең солардың қатарында біздің қаламыздағы спорт мектептерінің түлектері тұрмасына кім кепіл?! Қазірдің өзінде келешегінен зор үміт күттіретін спорт саңлақтары аз емес. Жалпы, кеншілер қаласында спорттың кез-келген түрімен айналысуға зор мүмкіндік бар, – деді әкім Әнуар Омар.

Биылғы денсаулық мерекесі Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс өтті. Осы бір орайлы сәтті пайдаланған қала басшысы қаланың саяси өміріне белсене қатысып, бұқаралық спорттың дамуына зор үлес қосқаны үшін мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Сәрсен Жолдыбаев, Владимир Князюк, Талғат Ипбергеновты қала әкімінің Алғыс хатымен және медальмен марапаттады.

Дене шынықтыру және спортпен белсенді шұғылдану – мықты денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің ең тиімді жолы. Өмір сүру деңгейін ұзарту үшін еш қымбат дәрі-дәрмектің қажеті жоқ. Тек, күш-жігерді спортпен тұрақты түрде шұғылдануға жұмылдыру қажет. Акцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген қалалық емхананың логопед-дәрігері Юрате Малая мен қалалық хоккей командасының шабуылшысы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жүлдегері және чемпионы Абылай Дастан өз ойларын осылай деп түйіндеді.

Салтанатты рәсім қаз-қатар тізілген спортшылардың әдемі гимнастикалық жаттығуларына ұласты. Денсаулық фестиваліндегі бір ерекшелік – оған қатысушылар ұрпақтар сабақтастығының рәмізіне айналған ұлттық би – «Қара жорға» биін бірге биледі.

Биылғы Республикалық кең ауқымды акцияның негізгі идеясы – таңғы және өндірістік гимнастиканы насихаттау, салауатты өмір салтын жүргізу мәдениетін, сонымен қатар, салауатты өмір салты жөніндегі ақпараттандыруды жоғарылату және әртүрлі спорт түрлерінде өздерін көрсетуге мүмкіндік беру. Осы мақсатта спорт фестиваліне қатысушылар түрлі жарыстарда өзара бақ сынасты.

Сонымен бірге, бұл күні Денсаулық қалашығы да жұмыс жасады. Қандағы қант, холестерин мөлшері, артериалды қан қысымы тексеріліп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауаптар алды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.