Сәтбаев қаласының болашағы жарқын боларына сенемін

20130913-02-1Кеншілер қаласы қырықтың қырқасына шығып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, қызығы мен қиындығы алмағайып түсетін белестерден өтті. Бүгінде бағыты айқын, болашағы жарқын қала кемел келешекке қадам жасауда. Мерейтой қарсаңында қала басшысы Әнуар Омармен болған әңгіме осыны аңғартты.

– Әнуар Серікбайұлы, ұлт ұясы – Ұлытаудан түлеп ұшып, кенді қаланың тізгінін қолға ұстадыңыз. Ол қадамыңыз қаланың 40 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы қос қуанышыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Мерейтой бәрімізге ортақ. Сондықтан мен әуелі қала жұртшылығын осы торқалы тойымен құттықтаймын. Қаламыздың бүгінгідей өркен жайып, дамуы қала халқының бірлігінің, еңбексүйгіштігінің, өз қалаларына деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасы. Осындай қалаға әкім болып келгенімді Алланың берген сыйы деп түсінемін. Және мен өзімді беймәлім ортаға келдім демеймін. Менің мемлекеттік қызметтегі қадамым алғаш осы Сәтбаев қаласынан басталған. Сонау мыңжылдықтар тоғысы тұсында осы қалада әкімнің орынбасары болып қызметке кіріскенмін. Енді, міне, араға жылдар салып, тәжірибем толысып, қала әкімі болып қайта оралдым. Мені құшақ жая қарсы алған халқыма айтар алғысым бөлек.

– «Сырт көз – сыншы» дейді бұрынғылар. Араға жылдар салып оралдым деп отырсыз. Қандай өзгерістер байқалады? Қаланың қай жері кемшін түсіп, қай жағы озық жатыр?..

– Бәріне халық сыншы, бағаны да сол халық береді ғой. Десек те, қаланың 40 жылдық тарихында даңққа толы жылдар аз болды деп айта алмаймын. Шаһардың өсіп-өркендеу жолында жеткен жетістіктер мақтан етерліктей. Жыл өткен сайын Сәтбаев қаласы жасарып, жайнап, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл оның тек құрылысына ғана орай айтылған сөз емес. Біздің қаламыздың өнеркәсібі, денсаулық сақтау және білім беру саласы, мәдениеті заман талаптарына сай дамып келеді. Мұның бәрі қала тұрғындарының қолымен жүзеге асырылуда. Сондықтан да қаламыз үшін ең басты байлық – оның халқы. Солардың арқасында қаламыздың болашағының іргесі қалануда.

Мен Жезқазғанда да, Ұлытауда да қызмет еттім. Сондағы байқағаным, біздің сәтбаевтықтардың еңбекқорлығы, өз қаласын жанындай сүйетіндігі, нағыз патриоттығы көзге ұрып тұрады екен. Біздің сәтбаевтықтар бір қолдың саласындай, жұмылған жұдырықтай бірігіп қаламыздың қарқынды дамуы және көркеюі жолында тер төгуде. Сондықтан да мен Сәтбаев қаласының болашағы жарқын боларына сенемін.

– Бір кездескенімізде кенді аймақты кемел етуге үлкен талпыныс бар екенін айтып едіңіз. Сол жағын жіктеп берсеңіз. Қандай жоспарлар бар?

– Қаланың бес жылдық даму бағдарламасынан бөлек Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2017 жылдарға арналған кешенді даму жоспары біздің қаламыздың да тынысын кеңейтуге ықпал етуде. Сәтбаев қаласына арналған жоспар аясында бізге 5 миллиардтан астам қаржы құйылуға тиіс. Қазіргі таңда аталған жоспар Премьер-Министр Серік Ахметовтың тапсырмасымен оңтайландырылу үстінде. Яғни, кешенді жоспарға қосымша толықтырулар енгізіліп, бағдарлама Үкіметте қайта бекітілетін болады.

Осы кешенді бағдарламадағы «Жезқазған-Бейнеу» темір жол құрылысы мен «Қызылорда-Жезқазған», «Жезқазған-Петропавл» автокөлік жолдарын жаңғырту біздің өңірдің, оның ішінде кеншілер қаласының дамуына, елдің әлеуметтік әлеуетін көтеруге, қала кәсіпкерлерінің өз істерін жаңа сатыға көтерулеріне септігін тигізері сөзсіз.

Сонымен қатар, Сәтбаев қаласы еліміздегі 27 моноқалалардың қатарына еніп, Үкіметтің моноқалаларды дамыту мақсатындағы арнайы бағдарламасына сәйкес, өзіндік даму жоспарын әзірлеп, ол қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілген. Аталған бағдарлама аясында бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда. Оны баршаңыз көріп отырсыздар. Ағымдағы жылы №25 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Орталық алаң қайыра жаңғыртылуда. Қала ішіндегі 8 көше мен 4 ауланың жолдары қайта қалпына келтірілмек.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында 2 зәкірлік жоба ұсынылған. Оның біреуі биобутонал өндіретін кәсіпорын ашу болса, екіншісі – тау-кен ісіне қажетті электрлік емес жолмен іске қосылатын жарылғыш заттарды өндіретін кәсіпорын ашу. Бұл екі жоба да қазір зерделеніп, зерттелуде.

– Өңірдің ең өзектісі өндіріс қой. Қазір соның төңірегінде алыпқашпа әңгімелер көп. Қазба байлықтың да түбі бір сарқылары жасырын емес. Осы орайда көңілі алаң халқыңызға не айтасыз?

– Иә, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Жер асты байлығының әйтеуір бір сарқылары бәрімізге түсінікті. Дегенмен, осы заңдылықты ұғынып қана қоймай, тығырықтан шығу жолдарын осы бастан қарастырған абзал. Және біз де сол жолдарды іздестіру үстіндеміз.

Жоғарыда аталған кешенді даму бағдарламалары мен жоспарлар қаланың болашақ дамуын және тұрғылықты халықтың әл ауқатын көтеруді мақсат еткені ақиқат. Сол даму бағдарламасының бір парасы қаланың негізгі саласы – кен өндірісін дамыту.

Жезқазған аумағындағы қазба байлықтың қоры әлі толық зерттелмегенін ғалымдар да, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мамандары да растап отыр. Осы қорды зерттеу мақсатында қазіргі кезде геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындылары келер жылдың соңына қарай мәлім болады. Сондықтан, халықтың алаңдауына еш негіз жоқ. Мен сөзімнің басында «Сәтбаев қаласының болашағы жарқын боларына сенемін» деген сөзді босқа айтып отырғаным жоқ. Қаланың келешегі – кемел, жолы жарқын болады. Оған қазір жүргізіліп жатқан жұмыстар айқын айғақ.

Орайы келгенде айта кетейін, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, біздің аймағымызда кремний мен кварцит секілді кен түрлерінің мол қоры орналасқан. Алдын ала есептеулерге қарағанда бір ғана кварциттің 250 жылға жететін 40-50 млн. тонна қоры бар екен. Осы қазба байлықты өндіруге маманданған инвесторлар тауып, қала аумағында кәсіпорындар құрылса өндірістің екінші тынысы ашылар еді.

Сонымен қатар, өңірдің бір салалығын жою мақсатындағы моноқалаларды дамыту бағдарламасы осы біздің Сәтбаев сынды бір салаға тәуелді шағын қалаларды дамытуға арналып жасалуда. Бағдарлама аясында кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің кең құлаш жаюына барлық жағдайлар жасалу көзделген. Жоғарыда аталып өткен 2 зәкірлік жоба да осы бір салалықтан айырылу мақсатында қарастырылып жатқан дүниелер. Сондықтан, қайталап айтамын, қаланың болашағының жарқын болуына бәріміз біркісідей үлес қосуымыз керек. Ал, еңбегіміздің зая кетпесіне кәміл сенемін.

– Жұрт игілігі үшін жасалып жатқан жарқын жобалардың орны бір бөлек. Ал, халықтың қазанын күнделікті қайнатуда қарымды үлесі бар шағын және орта бизнестің жайы қандай?

– Бұл салада тілге тиек етерлік жақсылықтарымыз аз емес. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегі бойынша қалада 1980 шағын бизнес субъектілері тіркелген. Оның 1195-і, яғни, 60,4 проценті белсенді жұмыс істейді. Осы салада 4329 адам нәпақа тауып отыр. Есепті мерзім ішінде 3088,6 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2012 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 13,5 процентке артық.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың заманауи жолдары да қарастырылуда. Атап айтқанда, аймақтық индустрияландыру картасына жалпы сомасы 325 млн. теңге болатын, 43 жаңа жұмыс орнын құрайтын 2 жоба енгізілді. Оның бірі – жалпы құны 170 млн. теңге болатын тау-кен жұмыстарына қажетті компрессорлық қондырғылар шығаратын «Рудсервис» ЖШС. Жоба жүзеге асырылғанда 18 жұмыс орны ашылатын болады.

Ал, екіншісі – «Гелисханов» жеке кәсіпкерлігінің роликтік тректерді жасау кәсіпорны. Жобаның құны 155 млн. теңге. Бұл жоба жеке кәсіпкердің өз қаржысы есебінен жүзеге асырылып, нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Монорқалаларды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта шағын және орта бизнес өкілдерімен жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 4 жоба екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда. Оның екеуі жоғарыда аталып өтті. Ал үшіншісі – «Рокада А» ЖШС-нің «Асфальтбетон өндірісін ұйымдастыру» кешені. Жобаның құны – 70 млн. теңге. Жаңадан 7 жұмыс орны ашылады.

Төртіншісі – «Оразбаев» жеке кәсіпкерлігінің «Монша – кір жуу кешенін ұйымдастыру және қоғамдық тамақтандыру қызметін ұсыну» кешені. Жобаның құны – 300 млн. теңге. Жұмыс орны – 77.

Бұл аталғандардың сыртында қала экономикасын алға көтеретін және халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін басқа да бірқатар жобалар дайындалып жатыр.

– Халықтың бақуатты тұрмысының тірегі – тұрғын үй, содан соң әртүрлі коммуникациялар екені белгілі. Осы бағытта атқарылатын жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?

– Үстіміздегі жылы қаламызда «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаржыландырудың барлық көздерінен 8951 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған болатын. Қаңтар-тамыз айларында 4564 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар 101 процентке орындалды. Енді қыркүйек айына дейін берілуге тиіс 4800 шаршы метрдің орнына 5964 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Таяу уақытта жалпы ауданы 1160,37 шаршы метр болатын 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазір мұнда мемлекеттік қабылдау комиссиясы жұмыс жүргізуде.

Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 167 198,0 мың теңгеге жалдамалы тұрғын үй сатып алу жоспарланып, арнайы конкурс жарияланды. Мұның сыртында, өткен жылы 56 пәтерлік 4 қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған болатын. Осы мақсатта облыстық құрылыс басқармасына арнайы өтінім ұсынылды.

Бағдарлама аясында тұрғын үй жинақ банкі жүйесі арқылы жас отбасылар үшін тұрғын үй сатып алу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 16 пәтерлі 4 қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Жаңа құрылыстарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша «Сәтбаев қаласының Батыс тұрғын үй ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту» нысанына 61 000,0 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда мұнда 6 кВт желісіне 14 дана, 0,4 кВт желісіне 46 дана баған, 44 дана шырақ орнатылды. Сондай-ақ, 400 кВт болатын 1 кешенді трансформаторлық станция қою үшін іргетасын орнату жұмыстары аяқталды. Кешенді трансформаторлар сатып алынды.

– Сізді қала халқы өнердің шынайы жанашыры ретінде таниды. Осы тұрғыдан келгенде қаланың мәдени өмірінде елді елең еткізер ерекшеліктер бола ма?

– Сәтбаев қаласының мәдениеті мен өнері маған дейін де өрге басқан болатын. Келешекте де осы болады. Оның алғашқы қадамдары да жасалуда. Сүйікті қаламыздың 40 жылдық мерейтойы қарсаңында көптен бері ойда жүрген бір айшықты шара жүзеге асырылды. Ол – Сәтбаев қаласы ақындарының өлең-жырларынан құрастырылған «Байғазы» атты жыр жинағы. Кітап күні кеше жарыққа шықты.

Биылғы жылғы елді елең еткізер жаңалықтың бірі – Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күнін атап өту. Баршаға мәлім Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының соңғы жексенбісі Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күні болып белгіленген еді. Алайда, бұған дейін бұл күн жай мереке ретінде аталып өтіп келді. Енді осы жылдан бастап Сәтбаев қаласының аумағында еңбегімен ерекшеленген мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін тұңғыш рет қала әкімінің ақшалай сыйлығымен марапаттау рәсімі өткізілмек.

Алдағы уақытта қаламызда құрамында дәстүрлі ән, қолөнер үйірмесі, салт-дәстүрлерді насихаттау, ақындар, жыршы-термешілер мектебі бар ұлттық орталық ашылмақ. «Кеншілер сазы» ұлттық-фольклорлық ансамбліне 10 штаттық бірлік, ұлттық аспаптар және сахналық киімдер алу, қалада Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай филиалын немесе қала тарихы мұражайын ашу, «Зерде» автокөлігін сатып алу жоспарланып отыр.

– Халқымыз «әуелгі байлық» деп есептейтін денсаулық сақтау саласын қолжетімді ету мақсатында қандай жоспарлар бар?

– Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Сәтбаев қаласының медициналық мекемелері әлеуметтік маңызы бар аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған мақсатты іс-шаралар жүргізуде. Соның нәтижесінде көптеген сырқаттардың алдын алып, оған шалдығушылар қатары азайды. Сондай-ақ, скрининг бағдарламаларының өткізілуіне байланысты жалпы қатерлі ісікке шалдығуды анықтау көрсеткіші жақсарып, қатерлі ісіктің көзге көрінетін түріне шалдығу төмендеді.

Маман-кадрлардың тапшылығы қай жерде болмасын орын алып отыр. Десекте, бұл мәселе біздің қаламызда біртіндеп болса да шешімін табуда. Соңғы уақытта қаламыздағы медициналық мекемелерге жас мамандар келіп жатыр. Мысалы, қалалық емханаға – бір маман, туберкулезге қарсы диспансерге екі жас маман келді. Оларға мемлекеттік бағдарламаға сәйкес пәтер беріліп, көтерме ақы төлеу жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.