Топ мүшелері кеншілермен кездесті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған қалалық ақпараттық-насихат топ мүшелері Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты №57 шахтада болып, кеншілермен кездесті.

Қалалық мәслихаттың депутаты, мұрағат басшысы Айгүл Төлендина мен №16 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жазира Тұрғамбаева Жолдаудың жүгін көтеріп тұрған жеті бағытқа жеке-жеке тоқталып өтті.

– Елбасы Жолдауы – өткенімізді саралап, болашаққа сенім беретін құжат. Жолдауда көтерілген мәселелердің қай-қайсысының болмасын түйінін шешуге ортақ қоғам болып атсалысу ел дамуы үшін маңызды. Елді үлкен мақсатты істерге жетелеуде Елбасы Жолдауында барлық саланың түйткілді де өзекті мәселелері көрсетіліп, оны шешудің де тиімді жолдары ұсынылған. Ұлт Көшбасшысы Жолдауында инновациялық-индустриалдық қоғамға қарай бейімделу, ол үшін жастардың интеллектуалдық қабілетін арттыру күттірмейтін мәселе екендігін айтты. Озық технологияларды игерген мамандар – ел болашағының негізі. Сіздер өздеріңіздің өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңызға тек білім беріп қана қоймай, ұлттық санада қалыптасқан ұлтжанды азамат тәрбиелеп өсірулеріңіз қажет. Жолдауда да бұл мәселе орынды қозғалды. Отбасындағы әке мен ананың балаға берер тәлім-тәрбиесінің іргетасы о баста жақсылап қаланса, өсіп келе жатқан жас ұрпақ тілінен де, дінінен де алшақ кетпейді. Біз осы Жолдауды талқылай отырып, келешегімізге бағыт ұстануымыз қажет, – деді жиынды қорытындылай келе баяндамашылар.

Жолдауды талқылап, насихаттау мақсатындағы жиын сондай-ақ, «Степной» кенішінде де өтті. Бұл кеніш ұжымымен әкімдік жанындағы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің жанындағы қамқоршы және қорғаншы сектор меңгерушісі Ақнұр Танабаева кездесті.

Кездесу барысында жаңа саяси бағыт ұстанған еліміздің кемел келешегі, Жолдау аясында ел халқы үшін атқарылар істер тілге тиек етілді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.