Сүйікті қалам – Сәтбаев

Біздің мемлекетіміздің картасында кішкене қалашық белгіленген: ол шағын, әсем, жанға жылы, біз үшін ең қымбат – Сәтбаев қаласы.

Биыл Сәтбаев қаласына 40 жыл толды. Бұл біздің барлығымызға ортақ мереке. Қаламызға небары 40 жыл болғанына қарамастан, қала тарихы қызықты әрі бай, келешегі өте мол. Сарыарқа даласында орналасқан шағын қаламыздың тарихы қала тұрғындарының азаматтық позициясының, адал еңбегінің, қаланың көркеюіне үлкен үлес қосқан азаматтардың арқасы деп білеміз.

Қаламыздың туған күніне орай №19 орта мектепте «Ұрпақтар кездесуі» атты шара ұйымдастырылды. Іс-шара Сәтбаев қаласына арналған «Сәтбаев вальсі» әнімен басталды.

Кездесуде қала әкімдігінің атынан әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Г.Таңсықпаева сөз сөйлеп, қала дамуына үлес қосқан бір топ ұстазды қала әкімі Ә.С.Омардың атынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бұл кездесуге 40 жылдай мектеп қабырғасында еңбек етіп, талай ұрпаққа білім беріп келе жатқан ардақты ұстаздар және қала құрдастары шақырылды.

Іс-шара барысында Жезқазған қаласының аймақтық білім және ғылым кәсіподақ комитетінің және Сәтбаев қалалық білім, ғылым кәсіподақ комитетінің атынан 40 жыл мектепте жұмыс жасап келе жатқан 10 ұстазға грамота мен бағалы сыйлықтар берілді.

Шақырылған қонақтарға алғыс хаттар, ескерткіш сыйлықтар тарту етілді.

Кездесуге білім беру мекемелерінің басшылары мен қалалық білім беру ардагерлері кеңесінің төрайымы Е.Соборова қатысты.

Мерекені өздерінің ән-билерімен Балалар музыка мектебінің және №19 орта мектептің оқушылары түрлендірді.

Г.ИЛЬЯСОВА.

Комментарии закрыты.