«Қазақ тілі еліміздегі барша ұлттың тілі болуы керек»

– Қазақ тілі еліміздегі барша ұлттың тілі болуы керек, – дейді қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мәуия Бекмағамбетова.

Адамзат қоғамының саналы түрде сабақтаса, араласа тіршілік етуінің айрықша белгісі, халықтың «менінің», ұлттық ділінің аса зор көрінісі – Тіл екендігі баршамызға мәлім.

Адам баласы ұлтына, жеріне, тарихи дамуына, қауымдасуына, діліне қарай дербес мемлекеттер болып өмір сүріп жатқанда тіл мәселесінің мазмұны да, мәні де артатындығы белгілі. Себебі, жалпы мемлекетішілік қатынас құралына айналған тіл үлкен саяси мәнге ие болады.

Тіл саясатын ойдағыдай жүргізу дегеніміз – мемлекетке атау берген, сол елдің көпшілігін құрайтын ұлттың мүддесін қорғау, саны басым ұлтпен санасу деген сөз. Қазақстандағы мемлекеттік тіл дегенде біз осы екі мәселені алға тартуға тиіспіз. Бұл арада қазақ халқының саяси тәуелсіздік алып, өз алдына жеке ел болуы – оның тілінің де еркіндік алуымен, кедергісіз өрістеуімен тікелей сабақтасып жатуы қажет-ақ. Тәуелсіздігін алған елде осындай тазару, жаңғыру үдерісі міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Осындай жаңғыру үдерісінің негізі тіл болмақ.

Қазақ тілінің қордаланған мәселелері жетерлік десек те, Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін барлық салаға батыл, толық енгізудің барша алғышарттары бар. Біріншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған. Қазақ тілінен өзге тілдердің ешқайсысына мұндай айрықша мемлекеттік мәртебе берілмеген, ал «ресми тіл» ретінде аталған орыс тілі бәрібір мемлекеттік тілдің мәртебесіне ие тіл емес екендігіне кезінде Мұхтар Шахановтың сауалына орай Конституциялық Кеңес өзінің нақты шешімін білдірген болатын. Екіншіден, демографиялық тұрғыдан алғанда, тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ халқының үлес салмағы тәуелсіздік алған жылдардан бері үнемі артып келеді.

Дербестігі бекем, өзін-өзі құрметтейтін ел, өзінің мемлекетін сыйлайтын азаматтар қашан да мемлекеттік тілді бастапқы орынға қояды. Біз саяси бағыт-мүддемізді, экономикалық дербестігімізді қорғағанымыз сияқты тілімізді де барынша қамқорлыққа алуымыз қажет. Қазіргі таңда қазақ тіліне мұндай қамқорлық жасалып та жатыр. Дегенмен, біздің байқауымызша, тілге жасалып жатқан осындай қамқорлықты орыстілді азаматтардың көпшілігі, негізінен алғанда, қазақ халқының тілі ретіндегі қазақ тіліне жасалып жатқан қамқорлық сияқты ғана бағалайды. Сондықтан да қоғамда әлі күнге дейін қазақ тілін, негізінен, бір халықтың ғана тілі деп ұғыну қатты байқалады. Ал барлығымызға керегі тілімізге деген көзқарастың мейлінше кең түрде болуы, яғни қазақ тілі – мемлекеттің тілі, сондықтан, ол елімізде өмір сүретін орыстың да, украинның да, беларустың де, өзбектің де, әзірбайжанның да, басқаның да, баршаның да тілі деген түсінік қалыптастыру.

Ата Заңымыз: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» деп басталмайтын ба еді. Ендеше, осы ортақ Отанымыздың, «байырғы қазақ жерінің» баянды өмір сүруі үшін оның бірлігі мен тұтастығының кепілі баршамыздың мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өз мәртебесіне ие болуына бәріміз және әрқайсысымыз мүдделі болуға тиіспіз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.