Сағаттар қысқартылды

Елбасы өзінің жаңа Жолдауында 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиістілігі мемлекет саясаты екенін айта келіп: «Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз», деп атап көрсеткен болатын. Алайда, үстіміздегі жылы еліміздің ақпарат құралдары мектептерде қазақ тілі сабағының сағаты қысқартылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ал, біздің қала мектептеріндегі жағдай қалай? Осы сауалды біз қалалық білім бөлімінің әдіскері Құралай Жағыпароваға қойған едік.

– Бұл келеңсіз жағдай бізді де қатты алаңдатып отыр. Биылғы жылы мектептердегі, әсіресе орыстілді мектептердегі қазақ тілі сабағының сағаты елеулі деңгейде қысқартылды. Ол балалардың сапалы білім алуына да кері әсерін тигізетін түрі бар. Орыстілді мектептерде оқитын өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жап-жақсы меңгеріп қалып еді. Түрлі байқаулар мен сынақтарда оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі айқын көрініп тұрады ғой. Қала мектептерінің арасында өтетін осындай байқауларда оқушыларымыз қазақ тілін меңгеруде жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Әрине, сағат қысқартылғанымен біз оқушыларға мемлекеттік тілді үйрету деңгейін төмендетпейміз.

Жалпы, бұл мәселе келешекте біржақты шешіледі деген ойдамыз. Өйткені, жуырда Қарағанды қаласында өткен семинарда да осы жайт сөз болды. Барлық мұғалімдер сағаттың қысқартылу себебін сұрап жатыр. Оны көтеру мәселесін де алға тартты. Өйткені, Елбасы өз Жолдауында қазақ тілін оқыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бірінші кезекте тұрғанын тағы бір мәрте ескертіп өтті. Нақтылы тапсырмалар да берді. Ендеше, мектептерде қазақ тілі сабағының сағаты қайта көтерілуі әбден ықтимал.

Орайы келгенде айта кетейін, қазіргі таңда өткір тұрған бір мәселе – мектептерге үштағанды тіл бағдарламасын енгізу. Қазақ тілі сағатының қысқартылуы да осыған орай болып жатқан жай ма деп ойлаймын. Өйткені, биылдан бастап ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту қолға алына бастады. Әрине, оның бәрін уақыт көрсете жатар. Бірақ, біздің Сәтбаев қаласының мектептерінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету кенже қалмайтын болады. Өйткені, мемелекеттік тіл – менің тілім деп ұғатын ұрпақ оны үйренуге ынталы. Оған мүмкіндігіміз де жетеді. Оқытушыларымыз да сақадай сай. Бәрі де білікті мамандар. Өткен жылдары біздің мектептеріміз ұлттық бірыңғай тестілеуде де қазақ тілінен жоғары балл алған болатын. Осы үрдісімізден жаңылмаймыз, – дейді Құралай Жағыпарова.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.