Ештен кеш жақсы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі – «Қазақстан халқының тілдері күні» болып жарияланғаны баршаға мәлім. Ондағы мақсат – мемлекеттік тілге құрмет көрсету, мемлекетіміздің тарихы мен мәдениетінің жарқын келбетін таныта алатын ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртып кеңінен насихаттау.

Өкінішке орай, аталмыш мереке кеншілер қаласында бір аптаға кеш аталып өтті. Оның мән-жайын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ботагөз Кәриева былайша түсіндіреді.

– Иә, биылғы жылы Тілдер күні уақытынан кеш өткізіліп отыр. Оған себеп те жоқ емес. Өткен аптада Сәтбаев қаласы өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Сол себепті қаламызда мерейтойға қатысты мәдени-көпшілік шаралар көп болды. Сондықтан, біз Тілдер күнін бір аптаға кеш өткізуге мәжбүр болдық, – дейді бас маман.

Жалпы, атаулы күнге қандай іс-шаралар жоспарланғандығы жөнінде бізге Ботагөз Серікқызы кеңінен әңгімелеп берді.

– Тағдырдың жазуымен кеңес дәуіріндегі мемлекет саясатының нәтижесінде көптеген ұлт өкілдері туған ел, мекендерінен айырылып, Қазақстан жеріне қоныс тепті, сөйтіп, қазақ халқымен бірге етене араласып, бір үзім нанды бөліп жесті. Кейінгі туған ұрпақ үшін де, қоныс аударылып келгендер үшін де қазақ жері туған жері, елі болып қалады. Сөйтіп, кең байтақ елімізді мекендеген орыс, корей, шешен, татар, беларус, украин т.б. халықтар үшін Қазақстан ортақ Отан болды. Осы ұлттардың ұрпақтары біздің кеншілер қаласында да тәту-тәтті тұрып жатыр. Апталықты біз осы қаламызды мекендеген өзге ұлт өкілдерінің тілін, ділін, мәдениеті мен тарихын, әдет-ғұрпын дәріптейтін іс-шарадан бастағанды жөн көрдік. Сол үшін қаламыздағы барлық мектептерге әр ұлтты бөліп бердік. Олар жоғарыдағы аталған талаптарға сәйкес тартымды шаралар өткізеді. Оның қорытындысы шығарылатын болады.

Апталық аясында жастарға ұлттық сезім, адамгершілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді бағалап, бойларына сіңіре білуге үйрету, әдептілікті, ізеттілікті, парасаттылықты дәріптете түсу, музыкалық шығармашылықтың дамуына байланысты мәдени шаралар да ұйымдастырылды. Оларға қала мектептері мен аула клубтары, кітапханалар кеңінен тартылды. Мектептер мен кітапханаларда әр түрлі көрмелер, ашық сабақтар, викториналық ойындар, ұлттық ойындарды насихаттаудың жаңа үлгілері өткізілді.

Апталық барысында Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығына арналған тіл мамандарының аймақтық конференциясы өтпек. Оған Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының тіл мамандары шақырылып отыр.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.