Ұлт болашағына арналды

Тілдер мерекесі қарсаңында Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында «Мемлекеттік тілге құрмет» тақырыбында отырыс өткізілді. Отырысқа басқарма басшысы Б.Шәкенов төрағалық етіп, операциялық топтың бас қазынашысы О.Қалиева баяндама жасады.

Басқарма басшысы Б.Шәкенов қызметкерлерді «Тілдер күні» мерекесімен құттықтап, қазақтар қазақша сөйлесе, басқа ұлт өкілдері де амалсыз қазақ тілін үйренуге талпынатынын, Қазақстанда тұрғандықтан, әрбір ұлт өкілінің мемлекеттік тілді білуге, құрметтеуге тиіс екендігін айтты.

Баяндамашы 21 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстан коммунистік идеология құрығынан құтылып, демократиялық құндылықтарға бет бұрғанын, Қазақстан халқының ұлттық рухының көтерілгенін тілге тиек етті.

– Мемлекеттік тіл тағдырына қай елде де бірінші жанашыр – Мемлекет басшысы. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халықтарын біріктіруші басты фактор – қазақтардың ана тілі – мемлекеттік тілді дамытуға бар күшті жұмсауға шақырды. Бұл үндеу еліміздегі тіл саясатының негізгі философиясын, нысанасын белгілеп берді. Елбасының осы қағидасы жүзеге асқанда қазақтардың ұлттық идеясы жүзеге аспақ. Ең ғажайып ұлттық идея – ұлттарды алаламайтын, олардың басын біріктіретін идея. Қазақтардың басты ұлттық идеясы – қазақ тілін Қазақстанның басты рухани құндылығына айналдыру, одан кейінгі қадам – қазақтардың басты ұлттық идеясын жалпы қазақстандықтарға ортақ ұлттық идеяға айналдыру. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуы тиіс» деген болатын. Қазіргі уақытта қазақ тіліне деген көзқарас өзгеріп, қолданыс аясы кеңейе түсуде. «Тіл болашағы мектепте» десек, бұл бағыттағы өзгерістер де көңілге ұнарлық. Таза қазақ тіліндегі мектептер саны көбейіп, аралас мектептер азайып келеді, қазақ тілін оқып-үйренушілердің саны да арта түсуде. Тілімізді дамыту мақсатында өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларды күнделікті теледидардан да көріп, БАҚ-дан да оқып жатырмыз. Мұның бәрі, әрине, көңіл қуантарлық. Дегенмен, Президентіміз атап айқандай, барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Солай боларына сенеміз, – деді баяндамашы.

Басқарма қызметкері Б.Оразғұлова өз сөзінде Елбасымыз көрсеткендей, ұрпағымыздың болашағы үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілінің керектігін және қазіргі жасалып жатқан істердің бәрі Қазақстанның болашағы үшін екендігін атап өтті.

Қазақстан халқының Тілдері күніне орай өткізілген отырыс, мемлекеттік тілге деген құрметті көрсетумен қатар, ұлттың болашағы ана тілінде екенін тағы да бір еске салды.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.