Ақынның шығармашылық кеші

Өткен аптада Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағының иегері, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың «Ғұмырдария» атты шығармашылық кеші өтті.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл кешке Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бейсембай Жұмабеков, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбек, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Жүрсін Ерман сынды зиялы қауым өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Кеш барысында журналистика кафедрасының студенті Азамат Қабетов «Ақындық автономиясы», «Қоштаспай болмайды» өлеңдерін оқып, халықтың рухын бір серпілтті.

Жырсүйер қауым жиналған кеште ақиық ақынның өлеңдері оқылып, әндері орындалып, салиқалы әңгімелер айтылды. Кеште облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Жұмабеков қарағандылықтарға рухани азық берген кештің басты кейіпкері Мұхтар Шахановтың иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Дәурен Серікпаев, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының студенті.

Комментарии закрыты.