Қала мерейтойына – «БАЙҒАЗЫ»

08-1-1Алғаш рет Сәтбаев қаласы ақындарының өлеңдер жинағы осыдан 23 жыл бұрын шығыпты. Бұл жинақ 1990 жылы Қазақ ССР-нің 70 жылдығына арналып жарық көрген екен. Мұқабасы жұқа, сарғыш қағазға басылған жинақтың шығарылу сапасы төмендеу болса да, оған енген ақындардың есімі мен олардың жырлары бұл жинақтың мән-мағынасын асқақтатып жіберген. Бүгінде ортамызда жоқ Садық Асатов, Шынболат Ділдебаев, Қуаныш Ахметов, Аманғали Ербозов, Ысқақ Төлегенұлы, Георгий Гайдук, Владимир Глинкин секілді ақиық ақындардың есімдері шоқ жұлдыздай жарқырап-ақ тұр. Міне, араға 23 жыл салып жоғарыда аттары аталған асыл азаматтармен қоса, қазір поэзия өлкесінде жүрген сәтбаевтық бір топ ақындардың шығармашылығы шоғырландырылған тағы бір жинақ жарық көрді. 40 ақынның өлең-жырларын топтастырған бұл жинақты қаламыздың 40 жылдық мерейтойына байғазы ретінде қабылдау керек. Жинақтың өзі де «Байғазы» деп аталған.

Жергілікті ақындардың өлең-жырларын жинап, құрастыруда үлкен еңбек сіңірген қаламыздың Құрметті азаматы, кенші, ақын Мұса Тілеуов, жас та болса осы бастаманы көтеріп, іске асыруға белсене атсалысқан – Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш. Осы игі шараға жан-жақты қолдау көрсеткен, жинақтың алғы сөзін жазған Сәтбаев қаласының әкімі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әнуар Омар.

Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойын атап өтудің қарсаңында Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Байғазы» жинағының тұсаукесері, оған қоса, қала күніне орай ұйымдастырылған облыстық «Досқанадан – Дос қалаға» атты мүшайраның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Кешті ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Абдолла Дастанов жүргізді. Жыр кеші көрнекті, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, композитор, өлеңдері «Байғазы» жинағының салмағын арттырып тұрған Кәкімбек Салықовтың «Дала» толғауымен басталды. Толғауды сәтбаевтық жыршы, термеші Райхан Ипбергенова нақышына келтіре орындады.

Кешті жүргізуші сөз орайында «халыққа ең алдымен өнері арқылы танымал Әнуар Серікбайұлы Омардың қала әкімі болып тағайындалуы мәдениет пен руханият саласына тың серпіліс әкеледі деген зиялы қауымның үміті ақтала бастағанын» айта келе, «Байғазы» жыр кітабының жарық көруі де соның бір айғағы екенін атап өтті. Кеште өнерсүйер қауымға қала басшылығы атынан Сәтбаев қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай ризалығын білдірді.

Ақиық ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаев атындағы мәдениет ошағына жиналған қауым Шын-ағаны да толғана еске алды. Ақын ортамызда болғанда кештің шырайлы бола түсері де анық еді. «Ғалымның хаты, ақынның аты өлмейді» дегендей, Шәкеңнің шәкірті, жыршы Мұханбет Қожахметов ұстазының «Тәуелсіздік» толғауын орындағанда Шын-ағаның өзі толғап тұрғандай әсер алдық.

Кештің тағы бір шұрайлы сәттерінің бірі – Ы.Алтынсарин атындағы №19 мектептің қазақ әдебиеті үйірмесінің оқушылары өздері болмаса да, өлеңдері қалған 14 жерлес ақындарымыздың жырларын оқуы болды.

«Байғазы» жыр кітабына қазіргі кезде басқа өңірлерде өмір сүріп жатса да, кезінде қаламызда тұрып, еңбек еткен ақындардың да өлеңдері енген. Олардың ішінде көкшетаулық ақын Иран Ильяшев, қызылордалық Достық Тілеубергенов секілді ақындар бар.

Кеште есімі ерекше аталған азаматтың бірі – Қуаныш Ахметов. Ол ақындық өнерімен қоса, журналистиканы меңгерген, Ұлытау өңірінің тарихын терең зерттеумен белгілі болған жазушы-зерттеуші ретінде есімізде қалды. Қуаныш ақынның сөзіне жазылған Марат Түсіпбековтің «Қаныштың қаласында» атты әнін биыл Түркияда өткен халықаралық ән байқауының жүлдегері атанған, №16 мектептің оқушысы Салтанат Серкебаева өнерсүйер қауымға тарту етті.

Жарық көрген «Байғазы» жинағын екі тілді деп атауға болады. Оған орыс тілінде жазатын Зинаида Чумакова, Петр Цаплин, Георгий Гайдук, Владимир Глинкин, Маргарита Гринь секілді ақындардың да жырлары енген. Кеште ақын әріптестері жайлы өз лебізін Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, ақын, прозаик Зинаида Чумакова білдірді.

Жыр кешінде Мұса Тілеуов пен Қанат Төлеш осы жинақтың жарық көруіне көп еңбек сіңірген Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхананың қызметкерлері Шолпан Сабыроваға, Асыл Қойшыбаеваға және Балжан Шахмановаға Алғыс хат пен «Байғазы» жыр кітабын табыс етті.

Салтанат соңында жыр жинағына өлеңдері енген ақындардың туған-туыстарына «Байғазы» жыр кітабы сахна төрінде табысталды. Жырлары жинақтың беташары болған ақын Ыбырахым Баймолдаұлының қызы, ардагер ұстаз Мариям Ыбырахымқызы осы игілікті істі жүзеге асырған азаматтарға аналық алғысын айтты. Кеш сәтбаевтық жас таланттарға жол ашқан дарынды ұстаз, әнші Айгүл Күлшекенованың орындауындағы «Сәтбаев вальсімен» өрнектелді.

Бұл күні облыстық мүшайраның жеңімпаздары да сый-сияпаттан кем болған жоқ. Ақындар сайысына белсене қатысқандары үшін облыстың қала, аудандарынан қатысқан 8 ақын «Алғыс хат», ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай сый-сияпат өлеңдері үшінші орын алған жезқазғандық Ізтілеу Түсіп пен балқаштық Нұрғали Қарабектегіне, екінші орынды еншілеген сәтбаевтық Дәуренбек Бұланбаев пен қарағандылық Абай Амангелдіге, бірінші орынды қанжығасына байлаған кеншілер қаласының ақыны Өмірбек Сартовқа көрсетілді.

Мәди Әлжаппаров.

Суреттер Б.Қазкеновтікі.

Комментарии закрыты.