Конференция арқауы – саяси доктрина

Дүйсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының кезектен тыс ХV конференциясы өтті.

02-1-1

Конференцияның жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Арман Қожахметов пен Андрей Бегенеев, «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, профессор Қадиша Оспанова, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, қалалық мәслихат хатшысы Серік Имамбай қатысты. Сонымен қатар, 240 делегат және «Нұр Отан» ХДП Жезқазған қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының төрағасы Қанат Балмағамбетов, қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының төрағалары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, бөлім және ұйым басшылары, партиялық бақылау бекеттерінің мүшелері, «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері шақырылды.

Жиынды партияның Сәтбаев филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев ашып, конференцияның күн тәртібімен таныстырды.

Есеп беру-сайлау конференциясының қарауына «Ұйымдастыру сұрағы»; «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» ХДП жаңа міндеттері туралы»; «Партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» Саяси Доктринасы туралы»; «Партия қалалық филиалының саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізу»; «Кезектен тыс ХVІІІ облыстық партия конференциясына делегаттар сайлау» және «Нұр Отан» ХДП қоғамдық бірлестігінен Сәтбаев қалалық мәслихатының №13 сайлау округіне депутаттыққа кандидатты ұсыну туралы» мәселелер ұсынылды. Жиынды жүргізу ретіне сәйкес дауыс беру тәртібі, жұмыс органдарының құрамы, күн тәртібі бекітілді.

Конференция делегаттарының өкілеттіліктерін заңды деп тану үшін «Шарайна» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Бірмановтың мәлімдемесі тыңдалып, бекітілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қ.Оспанова шығып сөйлеп, алдымен облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің атынан жұртшылықты қаланың мерейтойымен құттықтады. Одан әрі Қадиша Базарбайқызы Сәтбаев филиалының төрағасы Б.Ахметовтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты оны «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасы міндетінен және Саяси Кеңес пен Саяси Кеңес Бюросының құрамынан шығару туралы ұсыныс енгізді. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының лауазымына Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омардың кандидатурасы ұсынылып, ашық дауыспен бірауыздан қабылданды. Әнуар Серікбайұлының кандидатурасы облыстық партия филиалының Саяси кеңес Бюросымен келісілгенін жеткізген Қ.Оспанова жаңа төрағаны құттықтап, партияның сайлауалды Тұғырнамасында көрсетілген міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді деген сенім артты. Әнуар Серікбайұлы өзіне көрсетілген сенімге ризашылығын білдіріп, партия төрағасы Н.Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бар білімі мен тәжірибесін салатынына, халықпен бірігіп, аянбай еңбек ететіне сендірді.

Конференцияның жұмысын одан әрі қалалық филиал төрағасы Ә.Омар жүргізіп, екінші мәселеге орай баяндама жасады.

– Бүгінгі конференциямыз үстіміздегі жылдың 18 қазаны күніне белгіленген «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының ХV Съезінің қарсаңында өтіп отыр.

Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздік алған күннен бастап барлық қиындықтардың уақытша екенін айтып, әрқашанда өркениетке ұмтылған ұзақмерзімді мақсаттар мен міндеттер қойып келеді. Соның нәтижесінде Еліміз кейбір дамыған елдердің өздері қиналған ауыр кезеңдерден сүрінбей өтіп, дүние жүзін таң қалдырған табыстарға қол жеткізді.

«Нұр Отан» партиясы – қоғамның сұранысын қанағаттандырып, оның қажеттілігін дәл тауып отырған еліміздегі бірден-бір іргелі партия. Бүгінгі күні де партия жаңа басты құжат – «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» Саяси Доктринасын ұсынып отыр.

Конференция – қалалық партия филиалының жоғарғы басшылық етуші органы. Сондықтан да, бүгін біз қалалық партия ұйымының алдағы міндеттерін айқындауымыз қажет, және де, сол міндеттер «Қазақстан – 2050» Стратегиясымен үндесуі міндетті.

Біріншіден, қалалық партия ұйымының сәтбаевтықтар арасындағы рейтингін бұдан әрі де көтеру қажет. Негізгі жұмысты сайлаушылармен жұмыс істеуге және жаңа жұмыс әдістерін іздестіруге бағыттауымыз керек.

Қоғамдық қабылдау бөлмесінде қала әкімінің орынбасарлары, барлық жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының өздері келіп, азаматтарды тұрақты түрде қабылдаулары қажет және де Жезқазған кенті, Весовая елді мекені, Сәтбаев ауылы секілді қала сыртындағы елді-мекендерде көшпелі қабылдаулар өткізуді белсендетуге тиіспіз.

Сонымен қатар, қалалық партия филиалы қоғамымыздың өткір өзекті мәселелері – діни экстремизммен, сыбайлас жемқорлықпен және қылмыс пен құқық бұзушылықпен күрес бойынша да өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс ұйымдастыру керек.

Екіншіден, қалалық партия филиалының ішкі жұмысын белсендету қажет.

Бүгінгі күні қалалық партия филиалында 2547 партия мүшесі тіркелген. Қаладағы сайлаушылар санымен салыстырсақ, әрине, бұл өте аз. Сондықтан, партия мүшелерінің санын 5000 адамға дейін жеткізуге болады. Бұл жердегі негізгі мақсат – партия жақтастарының санын көбейту, әсіресе кәсіпкерлік саласында партия рөлін арттыру.

Үшіншіден, партиялық бақылау жүйесін одан әрі дамыту керек. Партиялық бақылау комиссиясы тек қана сыбайлас жемқорлық фактілерін зерделеумен айналыспай, партия мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметкерлердің шеніне, қызметіне қарамастан тәртібіне де басты назар аударуы қажет.

Төртінші – депутаттық фракция жұмысын белсендету міндеті. Қалалық мәслихаттағы барлық депутаттар партия өкілдері, яғни, депутаттық фракция мүшелері. Сондықтан, олардың жұмысы да партия беделіне өз салмағын тигізетіндігі анық.

Бесіншіден, жастармен жұмысты күшейтуіміз қажет. Мемлекеттік мекеме нысанында Жастар бастамашылдығы орталығы бар, бірақ, осы орталық жұмысының нәтижесі көрінбейді. «Жас Отан» Жастар қанаты партиялық орган ретінде Жастар бастамашылдығы орталығы қызметіне партиялық бақылау орнатса және өз кеңесінің отырыстарында сол орталықтың жұмысын тұрақты түрде зерделеп отырса басқаша болар еді.

Біздің алдымызда Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондықтан да барлығымыз осы белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру, халқымыздың әл-ауқатын көтеру, қоғамдық саяси тұрақтылықты, еліміздің бірлігін сақтау үшін жұмыла, бар күш-жігерімізді салып жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары белсенді саяси жұмыстың нағыз орталығы болуы тиіс, – деді баяндамашы.

Қаралған үшінші мәселе бойынша «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев баяндама жасады.

Жаңбырбай Әбжәметұлы өз сөзінде жаңа саяси Доктрина жобасында «Нұр Отан» партиясының идеологиялық тұғырнамасы нақтыланып, партияның басты мақсаттары, сондай-ақ Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асырудағы партияның рөлі айқындалғанын айтып өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға Доктринаның рөлі мен маңыздылығын жан-жақты таныстырып, стратегиялық құжаттағы билік партиясының міндетін айқындап берді.

Баяндама төңірегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Қожахметов, бастауыш партия ұйымының төрағасы О.Владимирова мен «Жас Отан» ЖҚ мүшесі Қ.Тортаев шығып сөйлеп, саяси Доктринаның құндылықтарын бірігіп жүзеге асыруға шақырды.

Келесі мәселеде дәлелді себептерге байланысты Г.Аяшова мен С.Ткачукты Саяси Кеңес құрамынан шығару ұсынылып, бірауыздан қабылданды.

Саяси кеңестің жаңа құрамына «Тазалық – 2020» ЖШС директоры Қайрат Керімқұлов пен Весовая елді мекенінің кітапхана меңгерушісі Ольга Владимированың кандидатуралары ұсынылып, қолдауға ие болды.

Келесі кезекте қыркүйектің 26 күні Қарағанды қаласында өтетін «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХVIII облыстық партия конференциясына Сәтбаев қаласынан 10 делегат сайлау туралы қаулы қабылданды.

Сәтбаев қалалық мәслихатының №13 сайлау округі бойынша депутаты Икрам Велиевтің Қазақстан Республикасынан тысқары жерге қоныс аударуына байланысты оның депутаттық мандаты аяқталған болатын. Сол себепті конференцияда бұл орынға «Жезқазғантүстімет» ӨБ заң басқармасының бастығы Қайрат Мейрамұлының кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қабылданды.

Қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдағаннан кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді.

Бұл салтанатты Қадиша Оспанова жүргізді. Елбасының алға қойған ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруда саяси белсенділік танытқандары үшін облыстық партия филиалының Құрмет грамотасымен Марал Мәдиева, Шынар Жанасылова, Қайрат Смаилов, Талиға Қапарова және Гүлзат Серік марапатталды.

Партияның Сәтбаев қалалық филиалының Құрмет грамоталарын оның төрағасы Әнуар Омар бір топ партия белсенділеріне табыс етті. Осындай салтанатты да көңілді сәтпен конференция өз жұмысын аяқтады.

М.Жаппасбаева. Суретті түсірген Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.