Қала тарихындағы жаңа парақ
Сүйікті қаламыздың мерекесі қарсаңында өткен ерекше бір іс-шара әуесқой деректі фильмдер фестивалі болды. Қаланың 40 жылдық тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған мұндай шараға көрермендер көп жиналды. Қала әкімі Әнуар Омар бастаған арнайы шақырылған қонақтарға деген құрмет Кеншілер сарайының кіре берісінен басталды.
Фестивальға барлығы 12 фильм ұсынылып, оның 5-і алдын ала іріктеліп алынды.
Көрермендердің назарына жеңімпаз деп танылған жұмыстар толығымен, ал қалғандарынан үзінділер көрсетілді. Атап айтсақ, «Қазақмыс» корпорациясы технологиялық колледжінің түсіру тобы (жетекшісі Д.Тоқсейт), №25 орта мектептің «Атамекен» түсіру тобы (жетекшісі С.Саитова), №5 орта мектептің «Достар» түсіру тобының (жетекшісі Б.Жукенова) фильмдері.
Фестивальдің ресми бөлімі «Нұр шашу» би тобының «Испан» биімен ашылды.
Әрбір топ жеке-жеке сахнаға шақырылып, Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хаты мен естелік сувенирлер табыс етілді.
«Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясына ие болған Нұрталап Шарападинді (суретте) «Нұр Отан» ХДП қалалық Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев құттықтап, марапаттады. «Сүйікті қалама – 40 жыл» атты жастар арасындағы фестивальда №16 орта мектептің «Жас Star» түсіру тобының дайындаған фильмі жеңімпаз деп танылды. Бұл топқа математика пәнінің мұғалімі Айгүл Утарова жетекшілік етеді.
– Фильмді түсіру барысында оқушылар қала тарихына қатысты көп деректерді білді, қызығушылықтары, ізденімпаздықтары артты, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Камераны пайдалануды үйренді. Бұл біздің алғашқы фильміміз, ептеп қиындықтар да болды, – дейді Айгүл Орынбасарқызы жүргізушімен болған диалогта.
Жеңімпаз топты қала басшысы Әнуар Омар құттықтап, Алғыс хатын, естелік сувенир мен 30 мың теңге ақшалай сыйлығын тапсырды. Жиналғандарды қала күнімен құттықтаған Әнуар Серікбайұлы қатысушыларға деген алғысын да жеткізді.
– Жастар, сіздер жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға талпынып жатырсыздар. Бір істі ойлап, нәтижесін бүгін көпшіліктің назарына ұсынып отырсыздар. Әрине, кемшіліктері де жоқ емес, бірақ, небір үздік деген фильмдер осылай басталған. Бұл іс енді дәстүрге айналсын, рахмет сіздерге, сәттілік тілеймін, – деді қала басшысы.
Жеңімпаздардың құрметіне жергілікті биші-әншілер өнер көрсетті.
Сонымен, кеншілер қаласының тарихында деректі фильмдер фестивалінің алғашқы парағы ашылды. Қазіргі заманғы жаңа технологияларды пайдалану арқылы қоғамға жат қылықтармен күресу және рухани, тарихи-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру, тың бастамалар енгізу фестивальдің мақсаты болып қала бермек.
Майра Смағұлқызы.