«Ағалар жолын жалғастыруға дайынбыз»
Кен өндірісінің алып шаһары – Сәтбаев қаласының 40 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен аға буын мен жастардың кездесуі өтті.
Жастармен өткен ақжарқын жүздесуге қала басшысы Әнуар Омар, қаланың Құрметті азаматы Мұзараф Аханов, Социалистік еңбек ері Демберген Баймағанбетов, сондай-ақ, қаланың даму жолында аға буынның ізін жалғастырып келе жатқан қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Гүлсім Есмұрзаева, 1996-98 жылдары қала әкімінің орынбасары болған Татьяна Хмилярчук, 1999-2003 жылдары қалалық мәдениет бөліміне басшылық жасаған Нина Геймбух, 1999-2008 жылдары «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Айгүл Төлендина, спорттық-сауықтыру кешенінің директоры Юрий Апарин қатысып, ашық әңгіме өрбітті.
Кездесудің әлқиссасын Әнуар Серікбайұлы өзі бастап, қаланың кешегісі мен бүгінгісін және болашақтағы бағдарын тілге тиек етті.
– Арқаның төсінде жері ырысқа толы құтты мекен аз емес. Соның бірі – кеншілердің шаһары – осы Сәтбаев қаласы. Ағалар еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген қаламыздың дамуында, өркендеуінде сол ағаларымыздың еш нәрсемен өлшенбейтін еңбегі жатыр. Ең әуелі біз ұлы академик Қ.И.Сәтбаевтың зор үлесі үшін қарыздармыз. Қырық жыл, тарих таразысына салып есептесек, аз да, көп те емес. Осы жылдар ішінде бұл қаланың дамуы оңай болды деп айтуға мүлде келмейді. Қаланың кешегі даму тарихында алдарыңызда отырған Мұзекеңдердің, Демекеңдердің ізі сайрап жатыр. Біз сол кісілерден үлгі алсақ, сіздер олардың ерлігін мақтаныш тұтуларыңыз керек.
Қырық белестің қырқасына шыққан қаламыздың болашағына мен сенемін. Жалындаған жастары бар кенді қаланың болашағы жарқын. Қазіргі күні қаланы дамытудың бірнеше бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырылуда. Келешекке ұмтылыс жасауға бізде барлық мүмкіншіліктер бар. Соны тиімді пайдалана білуіміз қажет, – деді қала басшысы.
Залға жиналған жастардың басым көпшілігі Әнуар Серікбайұлына сұрақтарын жолдап жатты. Соның қатарында жастарды толғандырған мәселелер – қаланың болашағы, ұлттық салт-сананы өз қалпында қаймағын бұзбай сақтау, ұлттық рухты тереңдете түсу, жастар саясатын одан әрі ілгері бастыру сынды өзекті тақырыптар ортадан ойып тұрып орын алды. Әнуар Серікбайұлы жастардың осындай мәселе көтеріп, оны талқылауға ұсынғандықтарына ризашылығын білдіре келе, бұл мәселелер бойынша өзінің ой-пікірін жеткізе кетті.
– Сөзімнің басында айтқандай, Сәтбаев қаласының болашағы жарқын. Әрине, сарқылып, таусылмайтын дүние жоқ. Кен қорының бай өлшемі біздің жерімізде әлі күнге дейін толық игеріліп болған жоқ. Бұл «Қазақмыс» корпорациясы мамандарының пікірі. Алдағы жылдары кен қойнауларының көзін ашуға байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасының аясында қазіргі таңда қала бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытқа жоспарлап отырған ауқымды жұмыстар да баршылық. Сондықтан да қаланың болашағы кемел. Ұлттық салт-сана, рухани байлық – мәңгілік мұралар. Оны тек өзінің қадір-қасиетімен ұстап қала алсақ қана құнды. Жастар өзіміздің ұлттық болмысымызға сай дүниелерден шындығы керек, алшақтады. Бірақ, біз ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді жастардың бойына қайта сіңдіруге жұмыс жасауымыз қажет. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар ұлттық ән-күйдің қадір-қасиетін түсіну түгілі, тыңдаудан алшақ кетті. Қазіргі күні қалада дәстүрлі әндерді дәріптейтін мектеп ашу, мамандар даярлау ісін қолға алу жоспарлануда. Қайталап айтамын, мұның барлығына да жастардың ынта-жігері, ұлттық мәдениетке, ұлттық рухқа үн қосамын деген жастардың талпынысы керек, – деп ойын түйіндеді әкім.
Келесі кезекте қаланың Құрметті азаматы, 1982 жылдан 1985 жылға дейін Никольский қалалық атқару комитетінде төрағалық қызметте болған Мұзараф Аханов сөз алып, қала тарихынан сыр шертті. Бүгінгі даму деңгейіне тоқталып, келешегі жарқын боларына сенімін білдірді.
Қаламыздың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай тер төккен кен өндірісінің озаты Демберген Баймағанбетов жастарды еңбекте шыңдалуға шақырса, бүгінде қаламыздың әр саласында басшылық жасап жүрген өзге де кездесуге қатысушылар жастарды білімді, білікті әрі ұйымшыл болуға шақырды.
Кездесуден өздеріне тәлімді де тағылымды ой түйген жастар аға буынға алтын уақыттарын бөліп, ой-пікірлерін бөліскендері үшін ризашылықтарын білдіріп жатты.
Бағдат Қазкенов.
Сурет автордікі.