Астық ору науқаны басталды

06-3-1Өткен аптаның сәрсенбісінің сәтінде Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров ауданның астықты алқаптарын аралап, диқандармен жүздесіп қайтты. Қасында осы саланы қадағалайтын орынбасары Мақсұт Оспанов пен ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікеров бар аудан басшысы өңірдің астық өсіретін шаруашылықтарын ірі-ұсақ деп бөлмей, бәрін қамтып шығуға тырысты. Ондағы мақсаты ел ырзығын өз көзімен көріп, оны ысырапсыз жинап, бастыруға тас-түйін отырған диқандардың жұмыс барысымен танысу болды.

Қыркүйек айының басы астықты алқаптардағы дала жұмыстарының қарба­ластығымен ерекшеленуде. Диқандар ас атасы – нанның молдығы үшін тер төгіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде аудан бойынша 24700 гектар жерге дән егілді. Бүгінде береке бастауы саналатын жауапты науқан өңірдің барлық шаруашылықтарында қауырт жүргізілуде.

Нан болса береке мен байлыққа берік негіз қала­нады. Осыны ескерген ұлытаулық диқандар ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, алқаптағы қызу еңбекті жалғастыруда. Егіс алқаптарында биылғы жылы бидай шығымы жаман емес. Қаракеңгір селолық округіне қарасты «Қызылшың» егіс алқабына атбасын тіреген аудан басшысы жайқалған біркелкі белден келетін егінді көріп риза болды.

Одан соң әкім Барақ көлінің бойында отырған қос іргелі шаруашылық Қамысхановтың «Бидай» шаруа қожалығы мен Бекетаевтардың «Бекетай Баба» шаруа қожалығының жұмыстарымен етене танысты. Аудандағы ең іргелі егін шаруашылығы саналатын бұл екі қожалықтың да биылғы межесі бәрінен жоғары болды. 5000 гектар жерге дәнді дақылдар сіңірген «Бекетай Баба» шаруа қожалығы биыл әр гектардан 12-14 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Бұлардан «Бидай» шаруа қожалығы да қалысар емес. Қазірдің өзінде олардың алқабының әр гектарынан 11-12 центнерден өнім алынуда.

Жалпы ауданның қай шаруашылығында болмасын астықтың түсімі жаман емес. Диқандар ауа райының қолайлы кезеңдерін тиімді пайдаланып, алтын орақты қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтауға күш салуда. Тек қазіргі күн райының жауынды-шашынды болуы жұмыстың толық қарқынмен жүріп кетуіне қолбайлау болуда.

– Биылғы жылдың ауа райы өткен жылмен салы­стырғанда егінге қолайлы болды. Жыл бойы жүргізілген агротехникалық шаралардың да берері мол. Өздеріңіз көргендей, биылғы жылдың астығы ауданда бітік шығыпты. Оны орып бастыруға әзірлік те ойдағыдай. Тек ауа райы қолайлы болсын деп тілейік. Орақ түскен алқаптар да бар. Алғашқы түсім жаман емес сияқты – 10-12 центнерден айналуда.

Сапар барысында байқағаным, диқандардың көңілкүйі көтеріңкі. Биыл әр гектардан 12-14 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Кейбір алқаптарда меже одан да жоғары болатын сыңайлы. Ең бастысы, ауданның астықты шаруашылықтары шегіртке зардабынан аз шығынмен құтылған екен. Енді осы жай­қала өскен ел ырысын ысырапсыз жинап алу басты мәселе болмақ.

Бәрі ойдағыдай жүргізілетін болса, биыл аудан бойынша 18-19 мың тоннадай астық бастыруды межелеп отырмыз. Ауданымызбен қоңсылас жатқан Жезқазған, Сәтбаев қалаларын астықпен қамтамасыз етудің жылдық мөлшері 10-13 мың тоннадай екен. Соны толық жабуға мүмкіндігіміз бар. Оның сыртында іргеміздегі Арқалық қаласынан да бізге сұраныстар түсіп жатыр. Өзімізден артылып жатса 4-5 мың тоннасын сол жаққа қарай жіберу де ойымызда бар. Одан қалса өзге аймақтарға да шығаруға мүмкіндік жетеді. Мұның сыртында 3-3,5 мың тоннадай тұқым құю тұр. Міне, осы жұмыстарды ойдағыдай өткізу аса жауапты іс болмақ.

Келешекте егін шаруашылығын өрістету міндеті де тұр. Оған мүмкіндігіміз бар сияқты. Әлгінде өздеріңіз көрдіңіздер, көптеген шаруа қожалықтары астық оратын, тұқым себетін заманауи комбайндар мен кешендер сатып алып жатыр. Осындай заманауи техникалар аламын дейтіндерге қолдан келгенінше көмек жасайтын боламыз. Қазақ әдетте игі тілек үстінде отырғанда «қазан аузы жоғары» деп жатады. Осыған үйлестіріп айтсақ, қамбамыздың күмбезі көтеріңкі болсын, – деді аудан әкімі Хамит Омаров бізбен әңгімесінде.

І.БЕЛГІБАЙ.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.