Әкімнің тапсырмалары пысықталды

06-2-1Әкім аппаратының сейсенбі күнгі отырысы әдеттегідей құттықтаудан басталды. Жиынды жүргізген әкімнің орынбасары Марал Мәдиева жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Талиға Қапарованы құрметті демалысқа шығуымен байланысты құттықтап, қала басшысы Әнуар Омардың атынан Алғыс хат пен сый-сияпат тапсырды.

– Осы салада 20 жыл істедім, оның 8 жылында басшылық қызметте болдым. Бар білімім мен тәжірибемді аянғаным жоқ. Біздің бөлімнің өткізген барлық іс-шараларына осы отырған сіздер үнемі үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін барлығыңызға рахмет, – деді Талиға Ғабдолқызы.

Марал Сағынайқызы Талиға Ғабдолқызының басшылықтан кетсе де, сол салада қызмет ете беретінін жеткізді.

Одан әрі отырыс қысқа дайындық барысына ауысты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі В.Федоровтың мәліметінше, қысқа дайындық жұмыстары аяқталып келеді. 257 мың тонна көмір қоры жиналған, жылу қазандықтарының 6-ы толық дайын, 1 қазандықтың жөндеуі аяқталуға таяу.

Қаланың экономикалық көрсеткіштері бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Бапов хабарлама жасады.

Қала бойынша өткен сегіз айдағы өнеркәсіптік өнім көлемі 5974,9 млн. теңгені құрайды. Осы мерзімдегі нан өнімінің көлемі 1103 тонна, макарон өнімдері 13,5 тонна болған.

Қала аумағындағы ауыл шаруашылықты дамыту мәселесіне орай аталмыш бөлімнің басшысы А.Әбілқасымов баяндады. Сауда нүктелеріндегі әлеуметтік маңызы бар деген азық-түліктердің бағасы тұрақты. Әлеуметтік нанның бағасы – 45 теңге. Бірінші сұрыпты ұнның қоры жеткілікті. Көкөністерді қысқа сақтау үшін бірнеше қоймалар дайындалған.

Сәтбаев қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Г.Жалмурзина қала тазалығының қанағаттанарлық емес екенін жеткізді.

– Оған, біріншіден, тұрғындар кінәлі, екіншіден тиегіш техника аздық етеді. Қоқыс қолмен жиналып, тиеледі. «Сәт-Тазалық» пен «Тазалық-2020» ЖШС мекемелері бір-біріне сілтеудің салдарынан тұрмыстық қалдықтар толық шығарылмайды, – деді Гаухар Шәріпқызы.

Жиынды қорыта келе, М.Мәдиева бір отырыстан бір отырысқа созылып келе жатқан әкімнің кейбір тапсырмаларына тоқталып, барлық жауапты тұлғаларға орындау мерзімінің өтіп бара жатқанын ескертті.

Құттықтаумен басталған отырыс қала мерекесін өткізуде белсенділік танытқан, атсалысқан барлық қызметкерлерге алғыс айтумен аяқталды.

М.Жаппасбаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.