Еңбекпен ерлеген, күн сайын гүлденген Сәтбаев!

Сәтбаев қаласының 40 жылдығына арналған «Мерейлі еңбекпен гүлденген қала» атты салтанатты жиын Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Оған қала әкімі Әнуар Омар, орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өкілдері, Құрметті азаматтар, соғыс және еңбек ардагерлері, қадірлі қонақтар мен қала тұрғындары қатысты. Мерекеге арнайы шақырылған, кеншілер қаласын әр жылдары басқарған Тұрмұханбет Исмағұлов, Мұзараф Аханов, Серік Төрегелдин, Сералы Досмағанбетов, Қанат Балмағамбетов, Советбек Медебаев, Бауыржан Шыңғысов және Батырлан Ахметов құрметпен төрден орын алды.

10-1-1

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін, жергілікті өнерпаздар «Сәтбаев – жан қалам» әнімен мереке шымылдығын ашты. Алғашқы сөз кезегі Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің құттықтауын жеткізу үшін оның орынбасары Сабырғали Ыдырысовқа берілді.

– Құрметті Сәтбаев қаласының тұрғындары! Баршаңызды қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сәтбаев қаласы – Жезқазған аймағында өшпес із қалдырған, қазақ халқының ұлы перзенті, әлемдік деңгейдегі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атын лайықты ұстап келе жатқан даңқты қала. Атақты кеншілер қаласы республикамыздың мыс кенінің қоймасы болып табылады. Осы 40 жылдық белес ішінде туған қалаларына тамаша келбет бере алған сәтбаевтық азаматтардың алдағы уақытта бұдан да ауқымды міндеттерді еңсере алатындарына біз сенімдіміз. Сәтбаев қаласы күннен күнге ажарланып, сіздерге әрдайым жақсы көңіл-күй, жүздеріңізге күлкі сыйлай берсін. Әрбір отбасының шаңырағында тек шаттық, береке-бірлік және болашаққа деген сенім болуын тілеймін, – деді Сабырғали Мұхаметқалиұлы.

1-1

Одан әрі Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойына орай облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Қарағанды облысы әкімінің Грамотасы және естелік сыйлықпен бір топ азаматтар марапатталды. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Шермұхамбет Байбосынов, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұзараф Аханов, Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатының І санатты архивисі Гүлнәр Байғазиева, электр желілері кәсіпорнының бас инженері Леонид Маевский, туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігер-бактериологі Ғалия Мағзұмова және №3 орта мектептің мұғалімі Ақтиын Орынбаева болды.

Сабырғали Ыдырысовтың марапаттау рәсімінен кейін қала әкімі Әнуар Омар жұртшылықты торқалы тоймен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.

– Сәтбаев қаласының 40 жылдық тарихында жемісті жылдар аз болған жоқ. Өсіп-өркендеу жолында жеткен осындай жетістіктердің бәрі сіздердің аянбай еткен еңбектеріңіздің арқасы. Сәтбаевтықтардың еңбекқорлығы, нағыз патриоттығы, бірлігі ерекше. Сол үшін де сіздерге рахмет, – деген қала басшысы, бүгінгі атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етіп, қаланың болашақтағы даму бағдарламаларын да айтып өтті. Осыдан кейін Әнуар Серікбайұлы қаламыздың көркейіп, дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Грамота мен естелік сыйлықтар тапсырды. Сонымен қатар, бір топ ардагерлер мен бұрынғы қала басшыларына Алғыс хаттар және естелікке «Кенші» сувенирі табыс етілді.

Мерекелік жиында «Қазақмыс» корпорациясы атынан «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директорының міндетін атқарушы Талғат Мағзұмов, Сәтбаев қаласының бірінші басшысы болып қызмет еткен азаматтар атынан Мұзараф Аханов, өскелең жас ұрпақ атынан Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушылары Айзада Аяшова мен Богдан Карасев сөз сөйледі.

Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойына арнайы шақырылған Қарағанды қаласындағы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің күміс көмей әншілері Ержан Базарбеков, Арайлым Жукенова, Айдар Қаппасов әсем әндерімен кештің сәнін келтірді. Мерекелік бағдарлама барысында «Нұрсәулем-ай», «Алақай» би топтары мен қаламыздың танымал әншілері де өнер көрсетті.

Жиын соңында мерейтойға арнайы шақырылған, қаланың алғашқы басшыларының бірі, «За сильный Казахстан» азаматтық одағының Президенті, «Атамекен» одағының сараптама комиссиясы мүшесі Серік Төрегелдиннен тойдан алған әсері жайлы білген едік.

– Маған Сәтбаев қаласы географиялық жағынан да, рухани жағынан да жақын әрі ыстық. Кеншілер қаласын бір емес, екі рет басқардым. Қала танымастай болып өзгерген, түрленіп, гүлденіп кетіпті. Байқауымша, халықтың тұрмыс жағдайы да жақсарған. Бұрынғы таныстарыммен, бірге істеген қызметтестеріммен қауышқаныма қуанып тұрмын. Алған әсерім көңілімде ұзаққа сақталады. Бізді еске алып шақырған қала басшылығына көп-көп рахмет, – деді Серік Мәкенұлы.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.