Өмір қауіпсіздігі. Су қателікті кешірмейді

Биылғы суға шомылу кезеңінің 2 ай аралығында Сәтбаев суда құтқару қызметкерлері «Айнакөл» су қоймасында 18 адамды оның ішінде 2 бала өмірін құтқарып қалды. Бұған көбінесе ішімдік ішу, мас күйінде көл ортасынан жүзіп өту, суға түсу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау себепкер болып отыр. Әсіресе, ата-аналардың балаларымен бірге келіп, оларды қараусыз қалдыруы, сонымен бірге қытайда жасалған үрмелі қайықшылар, шарлар, камералар, матрацтарды қолдануға жол беруі себеп болды. Қытайдың жүзу құралдары өте қауіпті, ыстықтан еріп, жарылып немесе желі шығып кетуі мүмкін. Суға шомылу кезеңінің қорытындысында фактілерге сүйенсек, осы 2 ай ішінде Қарағанды облысы бойынша 56 адам, оның ішінде 5 бала суға батып кеткен. Атап айтар болсақ, 30 маусымда «Нұра» өзенінде 1982 жылы туылған Д.В. деген азамат, Абай ауданында 1993 жылғы О.Г., 1-шілде күні Саранск демалыс жағалауында 1958 жылы туылған В.А. деген азамат суға батып кеткен.

18 шілдеде Жезқазған «Кеңгір» су қоймасында немересін құтқармақшы болған атасы суға батып кеткен. Немересі үрленген камерамен суда жүзіп жүргенде, қатты жел көтерілуінен бала арғы бетке өтіп кеткен. Соны құтқармақшы болған атасы суға кеткен. Жезқазған және Сәтбаев қаласының суда құтқару қызметкерлері 2 күн іздеу жұмыстарын жүргізіп 20 шілде күні денесін тапты. Қарағанды облысы Балхаш көлінде 1976 жылғы азамат достарымен балық аулауға барып, ішімдік ішу салдарынан суға кеткен.

Сондықтан құрметті демалушылар мен қала қонақтары және жасөспірім балалар! Суға түсу ережелерін қатаң сақтаңыздар! Өз өмірлеріңізге немқұрайлы қарамаңыздар! Көл жағасының тазалығын сақтауды да естеріңізден шығармаңыздар!

С.Алиманова, Сәтбаев суда құтқару станциясының медбибі-құтқарушы

Комментарии закрыты.